Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қарашаңырақ: Еңбекке жұмылған ауыл

09.04.2024

851 0

Таң сібірлеп атқаннан білек сыбанып еңбек етуге жұмылатын бірлігі бекем, тірлігі тындырымды ауыл бар.  Ерте қылған тірлікте береке бар.  Берекесі бар елді несібе мен ризық өзі іздеп табады.  Қала  іргесіндегі  72 жылдық тарихы бар Абай ауылы еңбексүйгіш тұрғындар екенін дәлелдеп тұрғандай.  Елді мекенге   табан тірегенше жол бойында құлынды бие, сиыр, жылқылар ауылдың берекесін кіргізіп, көкке тояттап жайылып жүр. «Малдының беті жарық…» деп Абай атамыз айтқандай, тап-тұйнақтай ауылда береке бары сезіледі.  Оның үстіне елдің бағына орай, жайылым да  жетерлік. Ең бастысы  абайлықтардың  көпшілігі қарапайым еңбектен қашпай, жалқаулық пен бойкүйездікті бойдан сілкіп тастап, нәпақасын адал еңбек, маңдай термен тауып жүрген, еңбекпен есейіп, еңсе тіктегендер.  Алақандай ауылда  үйдің іргетасын қалап, бетон құюшылар,  газ құбырын жүргізушілер бригадасы,  мал өсіріп бордақылаушылар, түрлі кәсіптің түрін меңгергендер  бар. 

Ауылдың кішкентай тұрғыны 9 жасар Әбу Мейірбекұлы еңбекпен шынығып келеді.  Әбу кішкентайынан әкесіне қолғанат болып, үйдегі шаруаның бірталайын өзі-ақ тындырады. Сабақтан келген бойдан қорадағы малға шөп салып, жем-суын беруді әдетке айналдырған. Ойын баласы болса да  бұл жауапкершіліктен жалтарған емес.

Мен қорадағы малға өзім қараймын. Бұл бір қиын шаруа емес. Әкем үйде жоқ болғанда орнын жоқтатпай, тіршілікті істеймін. Жем беремін, суарамын. Өзімнің тайым бар. Оны мінем, бас білдіремін. Бәйгеге шабамын. Жылқыма «Қаракөз» деген ат қояр едім.  «Ақтанау», «Қаракөз» деген сиырларым бар, – дейді жеткіншек.

«Ал, Әбужан, тайға шапқаныңды көрейік» деп  оны жайдақ тайға мінгіздік.  Жұлқынып тұрған тайды оңай тақымдаған балақай  көкке шапшытып, түрлі шалт қимыл жасап, бізді еліктіріп әкетті. 5 жасынан тайға шапқан балаға асау тайды бас білдіру қиын шаруа емес екен. Бойында бұла күш бұлқынып тұрған жеткіншекке  «тіл-көзіміз тасқа» деумен тұрдық.  Міне, таза еңбектің нәтижесі.

Ауылдағы кәсіптің кілтін тапқан жанның бірі – Бекзат Әшірбеков. Жас болса да, ісіне мығым Бекзат осы ауылдың тумасы.     Жастайынан малсақ боп өскен Бекзат осы мал шаруашылығымен айналысуды  жөн көріпті.  Әрине, оңай шаруа емес.  Бейнеті ауыр, ертелі кеш тыным таптырмайтын, демалуға мүмкіндік бермейтін қиын жұмыс.  Алайда таза ниетпен кіріскен соң Бекзат бұл шаруаның да ебін тауып, өз кәсібін көркейтіп отыр. Оның үстіне жұбайы Ақеркенің  де бейнетке бір табан жақындығы бар.  Үйдегі тірлікті дөңгелетіп, жұбайының қасы-қабағына қарап, 3 перзентін тәрбиелеп, өнеге көрсетіп жүрген келіндердің бірі.

Еңбек еткенге бақыт басын иеді. Қазіргідей  заманда тірлік етпей қарап отыруға болмайды. Тырбанған адамға  нан табудың жолы көп.   Ерте көктемнен көп іске қамданып,  мал басын көбейтуге, жем-шөптің мол қорын жасауға дайындаламыз. Күннің жылт еткені – шаруалар үшін қолайлы сәт. Қора қопсымызды бүтіндеп, қи оямыз.   Ірі қараның да, уақ малдың да саулығына ден қойып, арнайы дәрігерге жүгінеміз.  Бүгінде 100 бас жылқым, 400 бас қойым, 125 аналық сиырым, 100 бастай ешкім бар. 1000 гектар жайылымдык жерді   5 жылга жалға алып отырмын.  Мұнымен шектелмей көлік жуатын орын да ашып қойдым.  Қарамағымда ауылдың екі жігіті жұмыс істейді. Ауылдағы қайырымдылық шараға атсалысып тұрамын.  Туған жердің төл перзенті болған соң бұл қолғабысты орынды деп ойлаймын. Әкем Тоқтамыс Әшірбеков пен анам Гүлжаһан Әбсадықованың да кәсібімнің өркен жайып, дамуына еңбегі зор. Олар – ақылшы қамқоршыларым.  Адал еңбекке жастай баулығаны үшін, өмірден өз орнымды адаспай табуыма көмектесіп, бағыт бергені үшін  ата-анама басымды иіп, алғыс айтамын, – дейді кәсіпкер.

Қазыналы ауылдың атын шығарып жүрген бетон құюшы бір топ жігіттері бар.  Олардың қолынан шыққан үйлердің іргетасы мықты екендігін айтып, ел сүйсінуде.  Алғашында кәсіпті ауылда бастаған епті азаматтар бүгінде қала, аудан, ауылдардағы елдің сұранысына ие болуда.  Көктем шыға тапсырыс көбейе түседі екен. Шынында, бұл адамды шынықтыратын нағыз еңбек.  Мұндайда шыдамдылық пен төзімділік керек. Ал бұл жігіттер өте қайратты.  Отбасыларын адал еңбектің нанымен асырап отыр.

Бетон құюшылар  бригадирі Ерболат Усаев:

2015 жылы ауылымыздын баласы Абзал бетон құюды үйреніп келген еді. Біз содан үйрендік. Мемлекеттен ешқандай көмек алған жоқпыз. Көктемде малымызды сатып, жетпегенін несие алып бастадық. Ауылда  көптеген үйдің іргетасын қаладық. Қазір  барлық аудан, қала бойынша жұмыс істейміз.

Тапсырыс алсақ, кез келген ауылға барамыз. Бір топ жігіт қазір Қармақшы, Шиелі, Жанақорғанда жүр. Сапалы, тиянақты жұмыс істегендіктен тұтынушыларымыз да көп. Қарамағымда  4 бригада бар.  Аптасына 15 үйдің іргетасын қалаймыз. Еңбекақымызды үйдің көлеміне  қарай аламыз, – бетон құюшылар бригадирі Ерболат Усаев.  

Жәнібек Әбдірәсіл, ауыл тұрғыны:

Күн жылығаннан бастап үйдің іргетасын қалауға кірісеміз. Қазір қалада да, аудан мен ауылдарда құрылыс көп салынуда.  Зәулім үйлердің іргесін берік, сапалы етіп тұрғызуға күш жұмсаймыз. Үйдің негізгі бөлігі мықты болса, баспана да ұзақ уақытқа шыдас береді.  Күннің ыстық-суығына қарамай, ала жаздай құрылыс басында жүреміз.  Өз еңбегіңмен тапқан табысқа не жетсін?  «Еңбектің наны тәтті» деген бар ғой, – дейді күлімсіреп.

Ал ауыл азаматы  Марат Омаров болса бір топ ауылдастарымен газ құбырын тартудың қыр-сырын үйреніп, сол кәсіпке маманданып, тіпті өзге өңірлерге барып еңбек етуде.

Бұл кәсіпті 2021 жылы бастадым. Сарыарқа газ құбыры жүйесі тартылды ғой. 2021 жылы Жезқазған қаласына бірінші газ барды. Сол кезде осы өз ауылымыздың жігіттерін ұйымдастырдым. Арасында монтаждаушы, дәнекерлеуші бар «Асыл сервис» ЖШС мекемесін ашып, Жезқазған қаласына барып жұмыс істеп, 70 үйге «көгілдір отын» кіргіздік.  Ол жерде де таныла бастадық. Сол өңірдегі «Қазгазтранс» аймағымен келісімшартқа отырып, былтыр 200-ге жуық үйге газ тарттық. Әлі де біздің жігіттер сол жақта жұмыс істеуде. Жазда 4 бригадаға дейін көбейеміз. Қазір бригадада 6-7 адам болса, жазғы уақытта 10 адамға дейін жұмысқа тартамыз. Керек-жарақ заттарын, пешін тұрғындар өздері сатып алады. Біз тек монтаждап, үйге құбыр тартып, пешін қосып береміз, – дейді ауыл азаматы.

Әдетте, қай ауылға барсақ та бұл жерден қандай текті ұрпақ өсіп-өнгенін білуге, оны көпшілікке жария етуге құлшынып тұрамыз. Себебі кейінгі толқын өткен тарихты біліп, туған жерін тұмарлаған  текті жандарды танысын деген ниетіміз бар. Сол үшін өткен тарихты тірілту бүгінгі ұрпаққа парыз саналмақ.

Абай атындағы ауылды сөз еткенде ондағы еңбек адамын атамай өту мүмкін емес. Егін шаруашылығында жоғарғы көрсеткішке жеткен диқандар, механизаторлар баршылық. Олардың қатарында 10000 центнер астық бастырып екі мәрте одақтық көрменің жеңіл көлігін жеңіп алған Әлайдар Ысқақовты ерекше атауға болады. Темірбек Әбуов, Төрехан Төлегенов, Айдар Омаров, Қарымсақ  Батырбеков, Якуда Ысқақов, Бақытбек Шайкемелов, Жайман Пірмағамбетов, Қабылда Бимекенов секілді механизаторлар ел ырысына үлес қосқан азаматтар. Осы ауылдан түлеп ұшқан облыстық дәрежедегі қайраткер Жүсіп Бисариев, Еңбек Ері Оразбай Әбішов, министрлер Мүсілім Базарбаев, Ибрагим Еділбаев, ғалымдар Ә. Жаманқұлов, Тотай Тұрлығұлов, белгілі диқан, ауыл шаруашылығының білікті қайраткері Досан Елеусіновтерді өмірге әкелген қасиетті мекен.

«Абай ауылының киелі топырағы қабырғалы қаламгер, арқалы ақын, дарынды драматург, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иранбек Оразбаевқа, белгілі ақын-композитор, ардагер-ұстаз Ділдахан Торғаеваға өмір сыйлаған қастерлі ауыл.   Қала іргесіндегі ауыл осыншама текті жандарға алтын бесік болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін» дейді ауыл әкімі  Сейдуали Әбдіқадыров. 

Өткенге оралып сабақ алмай,  болашаққа бағдар жасау  ұрпақ сабақтастығын бағаламауға алып келеді. Сондықтан бүгін рухани алтын сандықтың көмбесін ашып, ауылда кезінде еселі еңбек еткен қайраткерлердің де атын атап, қазіргі жас ұрпақтың еңбегіне шолу жасадық. Ғасыр бедеріндегі жылдарда шежірелі тарихқа куә болған ауыл өркендеп, өсе берсін! Себебі ауыл – ел бесігі, өркениет өлшемі, жылдар жемісі екенін ұмытпауымыз керек. Мұнда аға ұрпақ еңбекпен есейсе, кейінгі ұрпақ  сол дәстүрдің ізін жалғауда. 

                                                                      Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: