Жұма, 17 мамыр, 14:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Етігіңіз ескі ме?

30.01.2024

334 0

Аяқкиімді жөндейтін шебер жетерлік. Ал оны су жаңа қалпына келтіріп әрлейтін мамандар некен-саяқ. Шаһарымызда аяқкиімді химиялық тазалаудан өткізетін «SPA» орталығы бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Жаңашылдыққа бет бұрып, сұранысқа ие кәсіптің көзін тапқан қала тұрғыны Бағдат Оралбаймен әңгімелесудің сәті түсті.

– Бұл салаға тосыннан келген жоқпын. Әкем – етікші. Балалық шағым шеберханада өтті. Ескі базар маңындағы аяқкиім жөндеу шеберлерінен бұл кәсіптің қыр-сырын көріп өстім. Алғашқы ұстазым – әкем. Кейін арман қуып алып шаһар Алматыға бардым. Аяқкиім шеберханасында, кейін химиялық тазалаудан өткізу орталығында жұмыс істедім. Мақсатым осындай орталықты Қызылорда қаласынан ашу еді. Оған қоса өңірде бұл бизнес түрін қолға алғандар жоқ. Сұранысқа ие сала екеніне көзім жетті. Алғашқылардың бірі болып «FRESH» аяқ киімге арналған SPA орталығын аштым, – деді кәсіп иесі.

Қазіргі таңда кәсіп бастаушыларға мемлекет тарапынан қамқорлық жетерлік. Қайтарымсыз қаржы, төмен пайызбен несие берілуде. Кейіпкеріміз бұл кәсіпті өз қаржысымен ашқан. Дегенмен алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаға жүгінбек ойы бар. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, аяқкиім фабрикасын ашпақ ниеті бар. «Аяғы кіші таңдағанын киеді, аяғы үлкен сыйғанын киеді» дегендей өлшемі өте үлкен адам аяқкиім таппай жатады. Кейіпкеріміз мұндай жандарға сәнді аяқкиім жоспарлап жүр екен.

– 2020 жылдан бері облыс төңірегінде қызмет көрсетудеміз. Бұл кәсіп түрін үйренгісі келетіндер аз емес. Шеберханада алты маман қызмет етеді. Тапсырыс қабылдаушы, тазалық шебері, жөндеу шебері және бояушы маман бар. Күніне жиырмаға дейін тапсырыс қабылдаймыз. Қызмет көрсету ақысы 1000-8000 теңге арасында. Күнделікті табыс орташа есеппен – 150 мың теңге. Қазіргі уақытта екі аяқкиімді химиялық тазалаудан өткізетін орталығымыз бар,– дейді «FRESH» орталығының иесі.

Шеберханада аяқкиім кеңейткіш құралы да бар. Бумен тазарту, кептіру бөлмесі, тігін машинасы сияқты заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Жұмыс барысында аяқкиім алдымен химиялық және бактерияға қарсы тазалаудан өтеді әрі қарай тұтынушының қалауы бойынша қызмет көрсетілетеді. Бұл кәсіптің бір ғажабы – аяқкиімнің түсін де, сәнін де өзгерте алатындығында. Арнайы италиялық бояу қолданады және оның сапасына кепілдік беріледі екен. Орталықта жедел тазалау, тереңдетілген тазарту, жөндеу жұмысының барлық түрі жүргізіледі. Жуылуы, кебуі, бояуы және жөндеу жұмыстары 3-4 күн уақыт алады екен.

– Заман талабына сай әлеуметтік желі көмегімен кәсіптің ілгерілеуіне үлкен мүмкіндік бар. Тұтынушыларымыздың барлығы дерлік әлеуметтік желідегі оқырмандарымыз. Сонымен қатар халыққа күнделікті жұмыс барысын ақпараттандырып отырамыз. Тұтынушы қатарын аттырудың жолы – жеңілдік ұсыну. Осындай жаңалығымызды, күнделікті жұмысымызды әлеуметтік желіге жүктеп отырамыз, – дейді Бағдат Оралбай.

М.Сағи

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: