Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қазақстанда
IT мамандар тапшы ма?

09.11.2024

607 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке тапсырма берді. 2026 жылға қарай ІТ қызметі экспортын 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу, сондай-ақ Қазақстан IT саласында көшбасшы болу міндеті тұрғанын атап айтты. «Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн», – деді
Мемлекет басшысы.
Инновациялық инфрақұрылымды құру және жеке IT-компаниялар мен стартаптарды белсенді қолдау мемлекеттің басым міндеттеріне айналды. Қазақстанда IT саласының қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, бұл салада маман тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. IT саласындағы көшбасшы болу үшін алдымен мамандарды оқыту маңызды. Жеткілікті білімі мен дағдылары бар IT мамандарын даярлау – саланың табысты дамуының кепілі. Қазақстанның IT саласы үлкен әлеуетке ие болғанымен, маман тапшылығы саланы дамытуға кедергі келтіруде. «24.kz» мәліметі бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 50 мыңға жуық IT маман жетіспейді. Осы мәселені шешу мақсатында Үкімет IT саладағы кадрларды даярлау және оқыту жоспарын іске асыруды бастады. Бұл жоспардың мақсаты – бағдарламашылар мен әзірлеушілер тапшылығын жою және IT қызметтерінің экспортын ұлғайту. «Ranking.kz» мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан 100 мың IT маман даярлауды жоспарлап отыр. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылы 35 мың IT маманды оқыту жоспары сәтті жүзеге асқан. Жоспар бойынша, 2029 жылға қарай жылына 40 мың маманға дейін даярлау қажет екен.
Жоғары табыс пен мүмкіндік

Қазақстандағы IT саласының дамуындағы жетістіктер туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов Орталық коммуникациялар қызметінде баяндады.
– Салыстыру үшін айта кетейін, 2020 жылы IT қызметтерінің экспорты $30 млн құрады, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш $343 млн жетті, 2023 жылдың тоғыз айының нәтижесі бойынша – $373 млн. Қазіргі уақытта оң динамика байқалады, – деді Ерсұлтан Ерманов.
Сондай-ақ «Hero Training» бағдарламасы аясында стартаптардың Силикон алқабына жолдама алатынын еске салды.
– Үлкен жетістіктердің бірі «Citix» компаниясы ірі венчурлық инвестор Тим Дрейперден инвестициялар тартуы болды. Алматыда орналасқан «Hicksfield AI» стартапы жасанды интеллект бағытында жұмыс істейді. Олардың өнімі ЖИ негізіндегі бейнелерді генерациялаумен байланысты. Бүгінде бұл мақсатта $10 млн инвестициялар тартылды, наурызда тағы $20 млн жоспарлануда. 2023 жылдың жазынан бері жұмыс істеп келе жатқан стартаптың нәтижесін Силикон алқабының танымал мамандары да атап өтуде, – дейді департамент директоры Ерсұлтан Ерманов.
«np.kz» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда цифрлық қызметтің дамуына мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отыр. Осы бағытта инкубаторлар және бағдарламалар құрылды. Ең ірі жобалар ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Astana Hub» технопаркі, сондай-ақ «MOST» бизнес-инкубаторы бар.
«Head Hunter» мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылы IT секторы 28000 жұмыс орнын ұсынды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Қазақстанда ең көп сұранысқа ие IT мамандары: бағдарламашы, әзірлеуші, дизайнер, аналитик, жүйелік әкімші және инженер, техникалық қолдау және ақпараттық қауіпсіздік мамандары, тестілеу маманы, желілік инженер.

Жұмыс іздеушілер санының көбеюіне қарамастан, мамандарға сұраныс жоғары деңгейде қалып отыр. Әрбір ашылған орынға 2,98 адам үміткер болады – бұл hh.индекс деп аталады. Орта есеппен алғанда, барлық мамандықтар бойынша hh.индекс бір орынға бес-алты түйіндемеден келеді, бұл Қазақстанда IT мамандардың жалпы еңбек нарығында өзге мамандықтарға қарағанда жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
«Finprom.kz» мәліметтері бойынша, 2023 жылдың үшінші тоқсанында IT-сектордағы орташа айлық жалақы 816,4 мың теңгеге жетіп, республикалық орташа көрсеткіштен 2,3 есе жоғары болды. 2023 жылғы қараша айында рекрутингтік қызмет «Head Hunter» басқа мәліметтерді ұсынды. Зерттеу бойынша, жалақы 360 000 теңгені құрады, бұл көрсеткіш біліктілік пен лауазымға байланысты.
«Enbek.kz» сайтындағы 2024 жылдың 19 сәуірдегі мәліметтеріне сүйенсек, IT және телекоммуникация саласында 6,9 мың түйіндеме мен 483 орын жарияланған екен. Ең жоғары ұсынылатын 700 мыңнан 1 млн теңгеге дейін 1С бағдарламашыларына, «Big Data» мамандарына, бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілеріне, IT инженерлеріне, жүйелік архитекторларға ұсынылған. Ал «ranking.kz» жариялаған ақпаратқа сәйкес, «Head Hunter» ресейлік рекрутер бос жұмыс орнын жариялаған. Жұмыс берушілер аналитиктерді, бағдарламашыларды, әзірлеушілерді, IT дизайнерлерді, желілік инженерлерді іздеуде және олар жұмыс ауқымы мен тәжірибесіне қарай 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жалақы төлеуге дайын.

Жастар IT саланы таңдайды

Қазақстанның IT саласындағы кадр тапшылығын жою және оны дамыту үшін халықаралық серіктестіктер де маңызды рөл атқарады. Шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар, тәжірибе алмасу және білім беру бағдарламалары IT мамандарының кәсіби деңгейін арттыруға көмектеседі. Әрине, озық технологияны меңгеру үшін шетелде тәжірибе жинақтау маңызды. Барлық жерде бірдей білім аласыз. Дегенмен университетті таңдауға жауапкершілікпен қараған дұрыс. Шетелде IT саланы үйрену арзан емес. Интернетте және әлеуметтік желілерде жарияланған деректерге сәйкес, Австрияда немесе Словакияда IT саласын оқығыңыз келсе, ай сайын 1000 еуро, ал Швейцария немесе Ұлыбританияда білім алу 1300-ден 2000 еуроға дейін тұрады. Егер Еуропада бюджеттік білім алғыңыз келсе, Австрия, Германия және Словакияны таңдаған жөн. Алғашқы екі елде жақсы университетте оқу семестрінің ақысы 750 еуро немесе теңгеге шаққанда 397 800 теңге құрамақ. Қазіргі уақытта шетелде IT технологияларды оқудың қажеттілігі біртіндеп төмендеуде, себебі көптеген университет қос дипломды білім беруге көшті. Бұл жастардың ел ішінде де сапалы білім алатынын білдіреді. Мұндай жүйе студенттерге шетелге шықпай-ақ, халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік береді. Осы ретте елімізде шетелдік оқу орындарымен бірлескен қос дипломдық оқыту жүргізілуде. Аймағымызда елімізде алғашқылардың бірі болып Оңтүстік Кореяның беделді «Seoul Tech» университетімен бірлесе жасанды интеллектіні оқытуды қолға алды. Жасанды интеллект институт директоры Нұрлан Құлмырзаев аймақта білім саласында жасанды интеллектіні енгізуде жасап жатқан жұмыс аз емес екенін айтты.
– Өңірімізде Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы ынтымақтастық аясында жасанды инттеллект институты ашылды. Бұл жастардың арасында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, компьютер ғылымы, бағдарламалау және жаңа технологияларды үйренуге қызығушылығы өте жоғары екенін көрсетті. Біз студенттерге тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан салада жұмыс істеуге қажетті тәжірибелік дағдыларды да ұсынамыз. Бұл қадам облыстың және жалпы еліміздің технологиялық әлеуетін дамытуға үлес қоса отырып, жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашады, – дейді Жасанды интеллект институт директоры Нұрлан Құлмырзаев.
Жасанды интеллект институтының «IS AI-24-1» тобының студенті Еркемай Қанатқызы оқу барысы қызықты әрі түсінікті өтетінін айтты.
– Жасанды интеллект институтында сабақ ағылшын тілінде жүреді. Бастапқы кезде мен үшін қиын болған, бірақ қазір әр сабақ қызықты әрі түсінікті өтеді. Ағылшын тілінен бөлек, корей тілін оқып жатырмыз. Сонымен қатар бағдарламалау негіздерін үйренудеміз. «Coursera» және «Huawei» сияқты әлемдік білім беру платформаларынан тегін білім алуға мүмкіндік жасалған. Әр сабағымнан жақсы нәтиже көрсетіп, IT саласы бойынша Оңтүстік Кореяға академиялық ұтқырлық бойынша оқуға барамын, – дейді Еркемай Қанатқызы.

Шетелде оқымай-ақ IT маман боласыз

Қазақстан IT саласында білікті мамандарды даярлап, оларды әлемдік деңгейде танымал етуді көздейді. Бұл мақсатқа жету үшін IT саласындағы білім беру жүйесін жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сай ету маңызды. Жастар арасында IT саласына деген қызығушылық артып келеді. Бұл тек қана Қазақстанда емес, әлем бойынша байқалуда. Мысалы, көптеген жас қазақстандық бағдарламалау, желілік инженерия, деректерді талдау және киберқауіпсіздік салаларына қызығушылық артуда.
Аймақта IT технологияларын таңдап, ел ішіндегі университеттерде білім алып жатқан жастар жеткілікті. Жастар IT саласының дамуына өз үлесін қосып, елімізде IT саласындағы жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға дайын. Қаладағы Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектебінің түлегі, алтын белгі иегері Зарина Азенова Назарбаев университетінде «Foundation» бағдарламасы бойынша оқуда. Оның айтуынша, IT мамандықты таңдау себебі бұл сала жыл сайын дамып, көптеген жобаны жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар екенін айтады.
– Болашақта С++ тілінде «Unreal Engine»-де ойындар әзірлеп, бағдарламалар мен компьютерлік ойындарға жасанды интеллект енгізу бойынша еліміздегі жобаларды жетілдіруді жоспарлап отырмын. Жасанды интеллектіні дамыту барысында университетте көптеген жаңа технологияны үйренудемін. Осы салада кәсіби деңгейімді арттырып, елімізде тың жобаларды жүзеге асыруға ниеттімін, – дейді Зарина Ержанқызы.

Мектепте тереңдетіп оқыту қажет

Қазіргі таңда IT саласы әлем бойынша ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Бұл саланы дамыту үшін оқытудың маңызды екендігі сөзсіз. Балалардың IT саласына деген қызығушылығын мектептен бастап дамыту үшін оқытуға жасанды интеллект, бағдарламалаудың негіздерімен қатар, алгоритмдік ойлауды үйрету маңызды. Оқу бағдарламасына IT саланың қай бағыттарын қосу керектігін білу үшін аймағымызда биыл 125 балл жинап, қазіргі уақытта IT мамандығы бойынша білім алып жатқан Нұрасыл Үмбетайдың ұстазы, Әбу Құдабаев атындағы №197 қазақ орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Мая Мухиддинованың пікірін білдік.
– IT саласын мектептен бастап оқытудың маңызы зор. Елімізде ақпараттық технологияның деңгейі заман талабына сай, дамып келеді. Шәкіртім информатика пәнінен жоғары балл алды, қазіргі уақытта Сүлеймен Демирел атындағы университетте IT мамандығы бойынша оқиды. Мектепте осы саланы оқыту үшін ең бірінші функционалды сауаттылығын арттыра отырып, модульдік оқыту, есептерді шешуде логикаға сүйену, оңай жолдарын көрсету арқылы оқыту қажет. Менің ойымша, мектепте оқытуға деректер ғылымын «Data Scienсе» қосу керек. Себебі үлкен көлемдегі деректерді өңдеу мен талдауға қажетті дағдылар маңызды. Екінші, тереңдетіп оқыту. «Java», «Python», «JavaScript» және өзге тілді білу қабілеті келешекте көптеген жұмыс орындарына қажетті болады, – дейді Мая Мухиддинова.
Қаладағы Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектебінің түлегі, алтын белгі иегері Зарина Азенованың ұстазы Марина Владимировна ақпараттық технологияны мектепте оқытуда оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығы маңызды деп санайды.
– Оқушыларға ІТ саланы үйрету – заман талабы. Осы саланың негіздерін жетік меңгеру үшін оқытуда бірнеше әдістерді қолданамын. Бұл лекция, презентация түріндегі жаңа білім беру әдістері, білімді практикада қолдану әдістеріне деңгейлік тапсырмалар кіреді. Цифрландыру арқасында оқушылардың білімдерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Информатикада оқытуға жасанды интеллект, машиналық оқыту қосу маңызды. Бағдарламалау негіздері логикалық ойлауды дамытады, ал жасанды интеллектіні оқыту нейрондық желілер және оларды қолдану сияқты қарапайым ұғымдардан үйретуді бастауға болады, – дейді Марина Владимирқызы.
Еліміздегі ұстаздардың пікірінше, ең алдымен, мектеп бағдарламасын заманауи IT технологияларымен және трендтермен толықтыру қажет. IT саласына қызығушылықты арттыратын түрлі жобалар мен байқаулар ұйымдастыру арқылы осы салаға жастардың қызығушылығын арттыруға болады.

Жастардың IT бастамалары аз емес

Аймағымызда жастардың IT бастамаларын қолдайтын бастамалар аз емес. «Inno FEST», «Smart City Kyzylorda Hackathon», «EdTech Hackathon Kyzylorda», «Startup joly» инкубациялық кезеңі, «Tech Orda» гранттық бағдарламасы, «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторы жастардың IT саласындағы жобаларын қолдап, дамытуға ықпал етіп жүр. Жақында Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен «Smart City Kyzylorda Hackathon 2024» IT жобалар хакатонында «Модельдеу» бағыты бойынша жеңімпаз атанған Мұқағали Жантүгел командасының «OmniEye» жобасы арқылы қауіпсіздік, логистика және ақылды қалалар сияқты салаларда мониторингті оңтайлауға көзделген екен.
– Біздің «OmniEye» атты жобамыз жасанды интеллект арқылы нақты уақытта объектілерді анықтау, бақылау және картада көрсету мүмкіндіктерін біріктіре отырып, түрлі салаларда тиімді мониторинг жүргізуге арналған. Жоба стандартты жабдықтарға жұмыс істей отырып, жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді, – дейді Мұқағали Жантүгел.
Хакатонда ұсынылған тағы бір IT жоба – «Әлеуметтік және цифрлы медиа» бағытындағы «Telegram» ботқа жалғанған LMS сайты.
– Менің жобам «Telegram» ботқа жалғанған LMS сайт. Қазіргі кезде көп курстардың негізгі мәселесі – оқуды аяғына дейін жеткізбей, жарты жолдан тастап кету. Бұл орайда мен адамдарды қызықтыру жағын зерттедім. Ойынның басты қызығушылықтарының бірі – ол бағалау жүйесі, бәсекелестік. Бұл ойынның элементтерін «геймификация» деп атайды. Осы элементтерді LMS жобама қосу арқылы курсты соңына дейін өтуге мотивация бердім. Жобаның ішінде «coin», «rating», «building» секілді ойынның элементтері қосылды, осылар арқылы пайдаланушы ойын ойнап курсты қашан аяқтағанын өзі білмей қалады. Екінші мәселе – тіркелу жүйесі. Пайдаланушылар курсты өту үшін аккаунт ашып, оған логин пароль ойлап тауып, почтадан растау кодын жазып отырғысы келмейді. Бұл мәселені шешу үшін мен өз сайтымды «Telegram MiniApp» бағдарламасына енгіздім. Деректер базасында пайдаланушыдан тек телеграмм аккаунтының id (жеке номері) тіркейді, – дейді «Әлеуметтік және цифрлы медиа» бағытының жеңімпазы Мырзабек Еркебұлан.
Қазақстан IT саласында білікті мамандарды даярлап, оларды әлемдік деңгейде танымал етуді мақсат етіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін IT саласындағы білім беру жүйесін жетілдіру, жастарға қолдау көрсету маңызды.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: