Сәрсенбі, 16 сәуiр, 05:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

Қош бол, Сырдың  сырбаз қызы

15.04.2025

404 0

Уақыт деген ұшқан құстың қана­тымен ілесіп зымырап барады. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі қызметін абыроймен атқарған сіңілімдей болған әріптесім, білім саласында бірге бас­шылық қызмет атқарған, аяулы да, ар­дақты  жан Наталья Жұмаділдаеваның бұл фәниден өткеніне де 40 күннің жүзі болыпты.

Сыр елінің аяулы қызындай болған, қазақтың сүйкімді келіні, ұлты басқа болғанмен жаны қазақ,  ұлттың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтай білген Наталья Васильевна алғашқы еңбек жолын қаладағы №12 І.Қабылов атын­­­дағы орта мектепте бастауыш сы­ныпта мұғалім, кейін №3 гимназияда мұғалім,  мектеп директорының бас­тауыш сыныптың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, №112, 23 мек­теп лицейдің директоры қызметін абыройлы атқарған білімді, парасат­ты, кішіпейіл, адамгершіліктің асыл қасие­тін бойына жиған керемет жан еді. Әріптестері арасында  шығар­ма­шы­лық ізденіс, инновациялық жаңа­лықтың жаршысы болумен қатар, бас­шылық қызмет атқарған кезде өзара пікірлесіп, тәжірибе бөлісіп тұрушы едік.  Білімнің көкжиегін бағындыруда өзінің еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, инновациялық жаңалықты тез меңгеріп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде көшбасшы бола білген өнегелі ісімен халықтың құрметіне бөленген іскер әріптесім еді.

Наталья Васильевна ұрпақ тәр­биелеп қана қоймай, ұстаз тәрбиелеу­де де өшпестей із қалдырып,   білім саласы­ның қарқынды дамуын қалыптастыр­­ған тұлға.  Ерекше кішіпейіл, мәдениет­ті, терең  білімді, жан-жақты, ойы ұш­­қыр еді. Кез келген қиындықтан жол таба білетін.

Осыдан біраз жыл бұрын ортамыз­дан Парламент мәжілісінің депу­таты болып сайланғанда Сыр ұстаз­дарының мәртебесі көтеріліп, Натальяға  сәттілік тілеп шығарып салғанбыз. Көп ұзамай  өзінің іскерлігі, жанкешті еңбегі мен терең білімінің арқасында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалғанын естігенде тілектес болып, қуанған едік. Министрліктегі жауапты қызметте де абыройлы еңбек етіп, үмітімізді ақтаған еді.  Амал қанша, Алланың берген дәм-тұзы ораза айында таусылып, мәңгілік мекеніне орналасты. Жатқан жері жұмақтың төрінде, иманы саламат болсын. Бақұл бол, аяулы дос, әріптес, ұлағатты ұстаз, сүйкімді жар, немерелерінің ардақты әжесі, білім саласының майталман басшысы бола білген Наталья Васильевна!

Үміт ҚОСЕКЕЕВА,

«Білім беру ісінің» үздігі, «Ерен еңбегі үшін»  медалінің иегері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: