Сейсенбі, 14 қаңтар, 21:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3-2116
14.01.2025
PDF мұрағаты

Қызылорда атауының авторы

14.01.2025

130 0

Күнделікті күйбең тіршілікте мына біз күн сайын басып жүрген қастерлі топырақта бізге дейін кімдер болғанын елей бермейміз ғой. Қазақ басынан қанша нәубетті жылдар өтті. Соның әрбір сәтінде қанша қиындық көрсе де сағы сынбай, сол қиындықтар кезіккен сайын шыңдала түскен қазақтың рухы қандай мықты десеңшіАуылды екіге бөліп, ортаға орналасқан Қоғалыкөл талай сырды ішіне бүккен күйі үнсіз жатыр. Тарихтан тін тарта қалсаңыз, әрбір төбе басында ұлылар жүрген даңғыл жол менмұндалайдыОсы қасиетті мекенде қазақ тарихында елеулі орын алған Мұңайтпас пен Қожық әулеті де өмір сүрді.

Биыл – Қызылорданың астана болғанына 100 жыл. Осы бір алтын уақыт төрінде біздің қазақ деген ұлтымыздың ұлық атауын қайтарып алып, таңбалағанымыз да сол 1925 жыл еді… Сырдың төменгі ағысына жайғасқан Ақмешітке сол уақытта жаңа есім қойып, Қызылорда деп айдар таққан Қоңырқожа Қожықов туралы жазар сәтте бұған дейін де оқыған тарихты тағы бір мәрте шолып шықтым. Ауыл тарихшысы Үлпат Қожаназарова айтқандай, расында екі әулеттің ғұмырында тұтас қазақ тарихы жатыр екен. Ауыл ақсақалы Қамар Рүстемов әңгімені әріден бастады.

– Қоңырқожа туралы айтпас бұрын әуелі Қожық қайдан шыққанын ойлау керек. Қожық – Қоңырқожаның әкесі. Ал Қожықтың әкесі – Қорасан қожадан тараған Алтайбек. Бала күнімде ауыл сыртында шөп орып жүргенде доңыздан қашып, сол Алтайбектің үлкен күмбезді мазарына талай бардым. Мұның бәрін көріп өстік. Қоңырқожа бала күнінен білімге құштар болып өседі. Хат танып, медреседе білім алады. Елдің болысы Мұңайтпас мектеп ашқан кезде оған жан-жақтан мұғалім іздейді ғой. Сонда Қоңырқожаның кандидатурасы сай келеді екен. Осылай бала оқытып жүрген ол күндердің күнінде Мұңайтпастың қызы Ләтипаға ғашық болады. Бірақ болыстың қызын алуға оның шамасы келмеген екен. Араға біраз уақыт салып, Ләтипаға бөгде біреулер құда түсуге келе жатқанын білген соң, екі ғашық қол ұстасып, бірге қашып кетеді екен. Міне, содан бері Қоңырқожа бір жерде тұрақтамаған деседі. Үнемі тұрғылықты жерін ауыстырып отырған, – деп қалың ойға шомды ақсақал.

Қоңырқожа – Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинария­сының түлегі. Осы оқу орнын 40 жылда бітірген 400 маманның 67-сі қазақ екені тарихи деректерде айтылады. Осы семинарияны бітір­ген соң Қоңырқожа Мұңайтпас Лапин ашқан №5 ауылдағы мек­тептің алғашқы мұғалімі болған екен.

Таяуда Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың халық алдында есеп беру жиынында ақсақал Қоңырқожаға мектептің атын беруді сұраған еді. Әлбетте, тұлғаға белгілі бір нысанның атын беру үшін ол тарихи тұлғалар тізімінде болу керек. Бұл мәселе бұрын да көтерілген. Ауыл атын Мұңайтпасқа, мектеп атын Қоңырқожаға бергісі келген халық екеуінің де тарихи тұлғалар тізіміне енгізілмегенін көріп, тоқтапты.

– Қоңырқожаның еңбегі зор. Ол ағарту саласына көп қызмет етті. Алаш қайраткерлерімен бірге тонның ішкі бауындай үйлесе жүріп, тер төкті. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай тәрізді қайраткерлермен бірге тізе қосып, қазақтың болашағы жолында еңбек етті. 1917 жылы Ташкентте өткен съезде Қоңырқожа Қожықов президиум мүшесі болған. Сол сьезде көтерілген 18 мәселенің әрбірі елдің болашағына бағытталған еді. Оның қазақ балаларының білім алуына арнап шығарған әліпбиі талай жастың көзін ашты. Алғашқы әліппені 1912 жылы басып шығарған. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» да осы жылы басылды. Қоңырқожаның шын есімі – Абдурахман, ал әкесі Қожықтың есімі – Қожарахман, – деді ақсақал.

Қамар Рүстемовтің сөзін қуаттай кетейік. Атақты профессор Тұрсұн Хазретәлі өзінің еңбегінде: «Қоңырқожа жаңашыл мұғалім болды. Орыс тілінде жоғары білім алды. Ал Қазақстан мен Орта Азияның халқы араб харпімен, діни білім жүйесінде білім алып келген болатын. Осы күні діни білім беру жүйесін жаңа заманға бейімдеп, оқытудың мазмұны мен әдіс-тәсілдерін жаңалауды мақсат тұтқан жәдитшілік білім жүйесі қалыптасты. Бұл ХХ ғасырдың бас кезі еді. Бұл оқыту әдісі өзінің тиімділігі бойынша ескі оқыту жүйесін басып озып, отарлық билік ұсынған православтық үлгідегі орыс білім беру ісіне балама бола алды. Тіпті Қазан төңкерісінен кейінгі білім беру реформасына дейін өлкедегі ең басты білім жүйесіне айналды» деп жазады.

Бүгінде Алаш қайраткерлерінің есімімен Қоңырқожа Қожықов та қатар айтылып келеді. Десек те, биыл Қызылорданың астана болғанына ғасыр толып отырғанда оның қала атауының авторы ретіндегі еңбегін басты нысанаға алып, лайықты құрмет көрсетілгені жөн. Бұл – құрғақ сөз емес, Тұрсұн Хазретәлінің «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» атты еңбегіндегі Дінше Әділовтің жауабын мысалға ала кетейік. Онда: «…съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс – Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау; екіншісі Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген.

Міне, дәл сол съездің өткеніне биыл 100 жыл толды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні де сол, қайраткердің еңбегін ел біледі, тұтас қазаққа жасаған қызметі жетерлік. Ендігі міндет – оның есімін дәріптеу.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: