Сәрсенбі, 16 сәуiр, 05:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

Қызылорда қаласының  1925-1929 жылдардағы рухани өмірі

15.04.2025

307 0

Қызылорда қаласының кешегісін бүгінімен сабақтастыра отырып, қаланың тарихи имиджін қалыптастыру, осы арқылы болашақ ұрпақтың санасына сіңіру, бүгінгі жасты өз туған жерінің, өсіп-өнген топырағының патриоты болуға тәрбиелеу аса қажет. Патриотизмнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатыны сөзсіз.

Қос ғасырдың куәсі болған Қызылорданың тарихи хронологиялық жүйесіне зер салсақ, 1818-1853 жылдардағы Ақмешіт Қоқан хандығының иелігінде болса, 1853-1917 жылдары Перовск кезеңін қамтиды. Ал 1917-1991 жылдар аралығы Кеңес одағының кезіне сәйкес келеді. 1991 жылдан бастап тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде Қызылорда қаласы облыс орталығы ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы жағынан өсіп-өркендеген қалалар қатарында.

Өткен ғасырдың басындағы ең алғашқы сәттер Қызылордада болған. Мәселен, Кеңес өкіметі Қазақстанда бірінші болып 1917 жылы 12 қарашада Перовскіде, (1922 жылы Ақмешіт атауы қайтарылған) қазіргі Қызылордада орнады. 1925 жылы Қызылорда мемлекетіміздің астанасы болды. Астана атанған жылы ең алғаш жазушылардың Бүкілқазақстандық конференциясы, уездік қалалық мұғалімдер съезі Қызылордада өтті. Бірінші қазақ драма театры Қызылордада құрылды. Театрда М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды белгілі қаламгерлердің туындылары сахналанды.

Алғашқыда Алаш зиялылары шоғырланған Орынбор қаласы Қырғыз АКСР-інің астанасы болса, 1924 жылы Қырғыз Автономиялы әкімгершілік территориясын ұлттық тұрғыдан межелеу барысында Орынбордың басым бөлігі орыстар болғандықтан және шалғайда жатқандығы ескеріліп, қазақ зиялы­лары арасында астананың ауысуы төңірегінде өте қызу пікір қалыптасты. Тарихи деректерге сүйенсек, астана қылуға Ақтөбе, Әулиеата қалалары, тіпті Атбасарда ұсынылған екен. Ақыры 1925 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарады. Бұл шешімнің шығуына сол кездегі Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Сұлтанбек Қожанов үлкен рөл атқарған. Ол жаңа астана туралы ойларын 1924 жылы «Ақжол» газетінде жариялаған «Кешіктірмей келісу керек», «Іс жүзінде орындау керек», «Қазақтың кіндігі қай қала болсын?» және тағы да басқа мақалаларында бүкпесіз келтірді. Сонымен бірге оның «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек» деген сөзі тарих бетінде өшпестей қалды.

Осылайша қазақтың әдет-ғұрпы, салты, діні, руханияты таза сақталған Сыр бойындағы Ақмешіт қаласына астана болу тағдыры жазылды.

1925 жылдың ақпанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан Ақмешіт қаласына көшіру жайлы Қаулы қабылдайды. Перовск стан­циясы темір жол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жіберді. Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар пойызы Орынбордан республиканың жаңа астанасы, Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды.

Рухтанатындай жөніміз бар. Қайсыбір облыс орталығы астана мәртебесіне ие болған жоқ. Ол Қызылордаға бұйырды. Сондықтан астаналық деңгейімізді әр кез биік ұстап жүруіміз керек.

Шыны сол, Қызылорда қаласы – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының табаны тиген жер, қазақ интеллигенциясының қызмет атқарған ордасы, талай тарихи көркем шығармаларды тудырған мекен. Орынбордан кейінгі қазақ елінің астанасы атанған тарихқа бай өлке. 1925 жылдың 15-19 сәуір аралығында Қызылордада өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезінде ең негізгі екі мәселе шешімін тапты. Біріншісі, 19 сәуірде қазақ атауын қайтару туралы шешім қабылданған. Бұл қазақ елінің болашағы үшін үлкен тарихи оқиға болатын. Екіншісі, Ақмешіттің атауы Қызылорда болып өзгерді. Сондықтан еліміздің қазақ ретінде еңсесін көтеруге Қызылорданың тарихтағы орны орасан зор екенін ұмытпауымыз керек.

Деректерге сүйенсек, 1926 жылғы санақ бойынша, Қазақ АССР-де 16 мен 35 жас аралығындағы 1,7 миллион адам сауатсыз деп есептелген. Осы кезде Қазақ өлкелік комитеті сауатсыздықты жою жөніндегі комиссияларды қайтадан қалпына келтіру туралы шешім қабылдапты. Қазақ мектептерінің көбеюіне, жоғары оқу орындарының ашылуына үлкен мән берілген. 1925 жылы Қазақ халық ағарту институты Қызылорда қаласына көшіріліп, оның жұмысына тәжірибелі педагогтар мен ұйымдастырушы қай­раткерлер тартылған. С.Сейфуллин 1927-28 жылдары Қызылордада Қазақ ағарту институтында басшылық қызметте болған. Осы жылдары институтта А.Байтұрсынов, С.Мұқанов, Т.Жүргенов, Т.Шонанов сынды қоғам қайраткерлері әр пән бойынша дәріс оқыған.

Қай кезде де жаңалыққа жаны құштар руханият өкілдері бұндай сәтті назардан тыс қалдырған емес. Ақмешіттің Қызылорда атануына байланысты Сәбит Мұқанов «Еңбекшілер мекені» атты өлең жазып қалдырды. Сонымен бірге «Өмір мектебі» – жазу­шының Ақмешітке табаны тигеннен қызық та қиын өмірі баяндалатын толымды шығармасы. Жазушы «Адасқандар» романын да Қызылордада жазған.

Сыр өңірінің талай жанға пана болған жер екені тарихтан белгілі. Қызылордаға тағдырдың жазуымен келген қаламгерлер өздерінің ризашылығын туындылары арқылы қалдырған. Солардың бірі торғайлық ақын Сырбай Мәуленов өз есімін Сыр бойымен байланысты екенін «Қызылорда» атты өлеңінде жырлаған:

Қызылорда, жақынсың,

Алғаш сенде шықты үнім.

Өзің жайлап жатырсың,

Жанның терең түкпірін.

Тер шұбырып маңдайдан,

Болғанда ел ақтабан.

Ауып алыс Торғайдан,

Әкем Сырға тоқтаған.

Кешікпей аз жылдан соң,

Өмір мені шақырды.

Сыр бойында туған соң,

Сырбай қойды атымды.

Ескі қамал болғанмен,

Қызылорда жас қалаң.

Алғаш соққан қорғанмен,

Сенсің, Қызыл астанам.

1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана – Қызылордаға көшірілді. Ел жаңалығын оқырманға жеткізуде қаламгерлер сол кезеңнің қаржы қиындығына қарамастан газет шығаруды қолға алды. 1925 жылдың соңына таман Қазақстанда шығарылған газеттердің саны 31-ге жетті. Қызылорда астана болған 1925-1929 жылдары қаладан республикалық 6 газет, 8 журнал шығып тұрған. Оларда Қызылордаға келген қазақтың көрнекті ақын-жазушылары өз қолтаңбаларын қалдырды.

«Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан»), «Советская степь», («Казахстанская правда») республикалық газеттер мен журналдар Қызылордадан тарай бастады. Сырбай Мәуленовтің Алаштың Ақмешіті жайлы «Сәкен бәтеңкесінің ізі қалған» деп жазатыны да осы кезең оқиғалары еді. Есімдері ұлт жадында мәңгі қалған Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов сынды қаламгерлердің ұлт әдебиетінің қорын байытқан жауһар шығармалары Қызылордада дүниеге келді.

1926 жылы қазақ ұлттық театры Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Қазаққа театр өнерін тұңғыш танытқан Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұловтар уақыт өте келе ұлт руханиятының қабырғалы қайраткерлеріне айналды. М.Дулатовтың қызы Гүлнардың естеліктерінде «Қызылордада тұрған уақытта үйге Назипа Күлжанова, Ілияс Байменов, Әліби Жанкелдин, Серке Қожамқұлов, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Смағұл Сәдуақасов, Көшке Кемеңгеров, Әлібек пен Әуелбек Қоңыратбаев және де тағы басқалар қонаққа келетін» деп жазған.

Қызылорданы ақындар шабыттана жырласа, жазушылар көзімен көргені мен көңілге тоқығанын көркем шығармаға айналдырды. Солардың қатарында Сәбит Мұқановты, Әбділда Тәжібаевты, Асқар Тоқмағамбетовті ерекше атауға болады.

«Неге маған жырламасқа Сырда туған елімді» деп, туған өлкесін мақтан тұтып өткен Әбділда Тәжібаев Қызылордаға да жыр арнаған. «Сыр туралы жыр» деген өлеңінде ақын:

Туған қалам – Қызылорда – сен едің,

Сен мен үшін биік едің, кең едің,

Сенен артық қала болмас дер едім.

Шам шаһары – Мысырға да тең едің.

Сендегі өткен хикаялар мен үшін,

Ертектегі «Мың бір түннен» көп еді, – деп, толғана жырлайды, жүрегімен тебіренеді, сағынышпен сырласады. Сағынғаны сондай:

Қосып Сырға сағынышын ақынның,

Жүзіп келе, жүзіп келе жатырмын.

Жастан қалған әдеті ғой баланың:

Лай судан жұтып-жұтып аламын, – деп, алғаусыз көңілін ақ өлеңге айналдырып жіберген.

Әбділда ақынға туған жердің бәрі ыстық. Құмы да, желі де, лайы да, тіпті аң-құсы да. Туған жердің барлық тіршілік иесіне бас иеді, құрметпен қарайды. Ондай кезде ақынның жүрегі нәзік:

Құсың қайда, қарағым-ау?

Атпадым.

Таппадың ба тоғайдан құс?

Таппадым.

Көп еді ғой көлде де құс…

Көп екен.

Неге атпадың?

Түк дәлелім жоқ екен.

Атуға сен қимадың ба?

Қимадым.

Туған жердің құстарын да сыйладым.

Әбділдадан басталған туған қаласына тебіре­ніп өлең арнау үрдісі үзілген емес. Қызылорда қала­сы­ның мерейтойларында ұйымдастырылған «Дарияның жағасында бір қала бар», «Қызылорда, жүрегім­нің төріндесің» атты республикалық жазба ақындар мүшәйралары талай ақынды қанат­тандырды, тыңдарманын жалынды жырлармен сусындатты.

Қызылорда қаласының астана болғанына биыл 100 жыл. Сырдың бас шаһары қандай мәртебеге болса да лайық. Сондықтан Қызылорданың тарихи имиджін, әдеби әлеуетін көтеру мақсатында ұрпақтар сабақтастығын берік жалғауымыз керек. Ол үшін Қызылорданы өз шығармасына арқау еткен ақын-жазушылар мен олардың озық туындыларын бүгінгі шығармашылық ортамен байланыстырып, орта мектептер мен оқу орындарында терең талдау арқылы ұрпақ жадына сіңіруді қолға алған жөн. Себебі ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, салт-дәстүріміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Нұрлан Нұрмаханов,

Филология ғылымдарының кандидаты,

    «Болашақ» университетінің аға оқытушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: