Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Руслан Рүстемов, Сенат депутаты:Мерейлі мерекенің маңызы зор

25.10.2024

734 0

– Бұл мерекенің тағылымына терең бойлау үшін тарихқа шолу жасар болсақ, Егемендік декларациясын қабылдаудың оңайға түспегеніне көз жеткіземіз. 1990 жылдың 25 қазанында елдік мүддені қолдаған халық қалаулыларының және ел алдындағы аманатына адал зиялы қауым өкілдерінің қарымды қасиет-қабілетінің нәтижесінде Тәуелсіздігімізге негіз салынып, тарихи әділдікті паш еткен Егемендік декларациясы қабылданды.
Сол кезеңдегі және қазіргі депутаттарды ортақ құндылықтар байланыстыратынын да айтуымыз қажет. Ол – халыққа қызмет ету, мемлекеттік мұрат жолында білімі мен білігін сарқа жұмсап, еңбек ету. Бұл әрі кемелді келешек үшін азаматтық, адамдық парызды сезінуді міндеттейді. Яғни, бізге ел азаматтарының әлеуетін арттыратын, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін заңдарды қабылдау қағидасын ұстануға үндейді. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қоғамды демократияландырып, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартатын реформаларын сапалы орындау жауапкершілігін де сезініп, еңбек етуіміз қажет.
Депутаттар өңірлерді аралап, халықты толғандырған талап-тілектерін зерделеп, Парламент мінберінде көтеріп, шешілу жолдарын ұсынуда. Аймақтардағы ел-жұртты таза ауызсумен қамтамасыз ету, сапалы білім беру, денсаулық сақтау саласындағы сервистік қызметтің деңгейін арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі өзектілігін толық жойған жоқ. Бұл бағытта жоспарлы жұмыс бар, алайда жүйелей түсу маңызды.
Мемлекет басшысының байыпты бастамаларын баянды жүзеге асыру үшін қоғамның барлық саласында әділеттілік принципі салтанат құруы тиіс. Президенттің талабы да осы. Осындай халықшыл үдерістер Егемендік декларациясында да қамтылғанын айтуымыз қажет. Сондай-ақ тарихи мәні зор бұл құжатта Қазақстанның билік тармағының бөлінісі, ашық та жариялы қоғамның үлгісі көрсетілді. Осы декларация кейін 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заңға» негіз болғаны белгілі.
Әділеттілік үшін айтуға тиіспіз, елімізде конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады. Мұның көрінісін Мемлекет басшысының бастамасы аясында көп партиялы Парламент жасақталғанынан байқауға болады. Сондай-ақ Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Яғни, түрлі салаға қатысты шешімдерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Реформаның аясында ауыл әкімі тікелей сайланатын болды. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқара бермек.
Бүгінде қос палаталы Парламент бірқатар заңдарды қабылдап, халықтың көкейінде жүрген мәселелерге жауап бере бастады. Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз сатып алынған активтерді қайтару тетігін қалыптастыру, сондай-ақ оларды заңсыз сатып алуға және шығаруға ықпал еткен жағдайларды жою мақсатында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды.
Сонымен қатар «Қоғамдық бақылау туралы» және «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңдар мен «Әлеуметтік кодекс» қабылданды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын мемлекеттік реттеу белгіленді, сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа жеткізу тетігі жетілдірілді, уәкілетті органдардың құзіреттері кеңейтілді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру жөніндегі және басқа да нормалар көзделді.
Алашқа алтын бесік болған Сыр өңірі де бүгінде Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен қарқынды дамып, қанат жайып келеді. Бұл – тәуелсіздіктің арқасы. Сыр өңірі жыл басынан бері барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада көш бастауда. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың басшылығымен облыс экономикасына инвестициялық түсімдердің артуы, құрылыс қарқынының өсуі, аграрлық саладағы жетістіктер аймақтың нақты даму көрсеткішін айқындайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн», – деп Республика күнінің мән-маңызын дәл айқындады. Ұлық мереке – Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: