Сәрсенбі, 16 сәуiр, 06:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

Сағат Тайман, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, гуманитарлық педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты: Қызылорда қазақтың өзі салған алғашқы астанасы

15.04.2025

297 0

Қызылордақазақ тарихындағы ерекше орны бар қала. 1925-1929 жылдары астана болған бұл қала ел тарихында маңызды саяси мәдени оқиғаларға куә болды. Осы кезеңді зерттеу нысанасы етіп алған Сағат Тамшыбайұлымен арнайы сұхбат құрып, Қызылорданың астана кезеңіндегі деректерді оқырманға жеткізудің сәті түсті.

– Орынбордан астананы көшіру кезінде Қызылорда қалай таңдалды?

– Қазақ АКСР-ның алғашқы астанасы Орынбор болғанын білеміз. Алайда кеңестік билік Түркі әлемін ыдырату мақсатында 1924 жылы Түркістан АКСР таратып, оның орнына Өзбекстан, Түрікменстан республикалары, Қырғыз, Тәжік автономды облыстары кұрылды. Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді, сөйтіп, ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. 1924 жылдың қыркүйек айында Қазатком сессиясы ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында жобаларын қарастыра бастады. Ол кезде Ташкент қаласының тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар болатын. Осы хабарды естіген қаладағы өзбектер оңтүстіктегі Самарқанд, Бұхара қалаларына көше бастады. Алайда Мәскеудің араласуымен, бұл жоба орындалмады. Осы кезде қазақ зиялылары Сұлтанбек Қожанов «Еңбекші Қазақ» газетінде енді Қазақстан астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы пікірлерін жариялай бастады. Оның бұл пікірін С.Сәдуақасов, Т.Жүргенов және басқа ұлт зиялылар да қоштады.

Республиканың астанасы болуға лайық, Ақмешіт қаласы ұсынылғанда, ең басты дәлел ретінде онда Орынборға қарағанда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Оның үстіне Орынбор-Ташкент темір жолы да республиканың жаңа астанасын Ресей орталығымен, Қазақстанның батыс, оңтүстік аудандарымен және Орта Азия республикаларымен байланыстыратын еді.

– Кеңестік биліктің қылышынан қан тамып тұрған шақта Астананы көшіру туралы ұсынысты кімдер айтты? Баспасөзде жарияланған мақала тасқа басылған құжаттай болатыны белгілі. Газет беттеріне астананы көшіру туралы мақалалар, құжаттар басылған шығар?

– Жаңа астана туралы ойларын Сұлтанбек Қожанов  «Ақ жол» газетінде жарияланған «Кешіктірмей келісу керек» (1924ж.), «Іс жүзінде орындау керек» (1924ж.), «Қазақтың кіндігі қай қала болсын» (1925ж.) т.б. мақалаларында бүкпесіз білдірді.  С.Қожанов «Ақ жолдың» 1924 жылғы 17 желтоқсандағы санында «Қазақ астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек, – деп жазды. Сонымен Қазақ АКСР Орталық комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен Қазақ Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан Ақмешіт қаласына көшіру жайлы қаулы қабылдады, ал 6 сәуірде Орынбор губерниясы Қазақ автономиясы құрамынан шығарылды. Қазақ (Қырғыз) АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар пойызы Орынбордан республиканың жаңа астанасы, Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанып, 15 сәуірінде келді.

1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды. 19 сәуірде съезде өте маңызды шешімдер қабылданды: патшалық билік кезінен сол уақытқа дейін қырғыз аталып келген халқымыз тарихи атауын қайтып алды, «Қырғыз Республикасы» «Қазақ Республикасы» болып, ал Ақмешіт Қызылорда, яғни большевикше «қызыл астана» болып өзгертілді.

– Ұсынысты алғаш айтқан Қоңырқожа Қожықов деп жүрміз. Кеңестік билік үшін «қызыл» сөзінің ерекше мәнге ие екенін білеміз. Қаланың Қызылорда деп атануында қандай мән бар?  

– Ақмешітті Қызылорда деп атау туралы ұсынысты алғаш айтқан Қоңырқожа Қожықов, ал съезде ұсыныс айтқан Сұлтанбек Қожанов  болды. Себебі бұл ұлт зиялылары қазақ халқының, түбі ортақ түркі тарихын жақсы білді. Шын мәнінде, бұл сөзді түркілік семантикалық тұрғыдан қарасақ, «қызыл» сөзін түркі дәстүріндегі қасиетті, күнмен байланысты ұғымды білдіреді. Ортағасырлық жазба ескерткіште­рінде – Қорқыт ата кітабында, Шайбани хан сөздігінде, Анадолы диалектілерінде  «қызыл» сөзі «алтын» деген мағынаны білдірген.  Ал «орда» сөзі – билік, астана мағынасында қолданылған екен. Сонымен большевиктер үшін «Қызылорда» – қызылдар қаласы, ал түркі тілінде «Қызылорда» – «Алтын орда» мағынасын берді. Съезде большевиктер бұның арғы мәніне басын ауыртпай, ұсыныс бірден қабылданды. 1990 жылдары Қызылорда қаласына тарихи «Ақмешіт» атауын қайтару туралы көптеген пікір айтылды. Дегенмен Қызылорда атауы ғасырлық тарихпен біте қайнасып, ұлт жадында астана ретіндегі бейнесімен сақталып қалған. Сондықтан жоғарыда айтқандай, Қызылорда атауы мемлекеттік құрылым, ұлттық идея және тарихи сабақтастық ұғымдарымен де тығыз байланысты.

– Астана болған жаңа қаланың сол кездегі келбетіне оралсақ. Астана Қызыл­ордаға көшкеннен кейін қала дамуы қалай қарқын ала бастады?

– Қызылорданың Қазақстан астанасы болуымен қаланың дамуы да қарқын ала бастады. Қала тұрғындарының саны 22 577-ге жетті. Қалаға электр жарығы қосылып, түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Біртіндеп қаламызға кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауыты, сонымен қатар түрлі  артелдердің қатары көбейді. Қаламызда орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса орталықтан ғылыми-зерттеу ғимараты қазақтың эпидемиология және гигиена институтының негізінде егу лабораториясы дүниеге келді. Қалада Қазақ халық ағарту институты 1925-1928 жылдары жұмыс істеп, онда Ахмет Байтұрсынұлы дәріс оқыды. Алғаш рет қазақтың ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік- бактериологиялық және басқа да институттары өз жұмысын осы қалада басталды. Астана болған соң газет-журналдар да осы қалаға топтасты. Қызылорданың астаналық кезеңінде қаламызда ұлттық зиялылар шоғырланған «Еңбекші қазақ» (Егемен Қазақстан) «Советская степь» («Казахстанская правда»), «Ауыл» деп аталатын республикалық газеттер мен «Әйел теңдігі», «Денсаулық жолы», «Жаңа әдебиет», «Жаңа мектеп» жураналдары жарық көре бастады.

– Елдің астанасы болу мәртебесі қала дамуына бір қадам десек болатындай. Қазіргі қандай мекенжайларда алғашқы астананың мемлекеттік мекемелері көшірілді?

– Қызылорданың  саз балшықтан салынған бейнесі бұзылып, қос қабатты, әсем үлгідегі үйлер қатар түзеп, сол кездегі мөлшермен қыруар қаржы бөлініп жатты. 1925 жылы Орынбордан жаңа астана Қызылордаға 49 мекеме мен 1150 қызметкерді көшіру қажет болды. Көшіру комиссиясына мекемелер мен қызметкерлердің тұрғын үйлерін орналастыру үшін әртүрлі нысандарды, тіпті сарайлар, жазғы асүйлер мен моншаларды бейімдеуге тура келді. Мысалға алатын болсақ, бұрынғы Полтарацкий көшесінде №17 үйде (Қорқыт ата)  мемлекеттік банк, Ф.Энгельс көшесі №52 үйде Промбанк, К.Маркс көшесі (Әйтеке би) №22 үйде телефон станциясы, №43 үйде Казторг, №47 үйде Санбакин институты, нөмірсіз үйде «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясы, Першин №23 ғимаратта сыра зауыты, Советская көшесі №10 үйде Кеңестер үйі  орналасты. Гүлнар Міржақыпқызының естелік еңбектерінде  Садовая, 7, кейін Селиверстова, 17-үйдің бір бөлігінде А.Байтұрсынов, екінші бөлігінде М.Дулатовтың отбасы тұрған екен. Бір өкініштісі, қаламызда өткен тарихымыздан сыр шертетін ескі ғимараттар мен еңселі ескерткіштер, мемлекеттік мекемелер орналасқан, алаш қайраткерлері тұрған үйлер мен ғимараттар белгісіз себептерге байланысты бұзылып, заманауи ғимараттарға ауыстырылды. Сонымен қатар орталық алаң маңындағы мұнара, кезінде жүйке аурулар ауруханасы болған тарихи ғимараттар да жермен жексен болды. Қызылорданың астаналық кезеңі әлі де зерттеуді қажет етеді. Бұрынғы зерттеулер қала тарихын, арихитектурасын толық қамти алмайды десек қателеспейміз. Оның себебі ғимараттардың бұзылып кетуі, қала жоспары туралы жазбаша деректердің сақталмауынан.

– XIX ғасырдың бас кезіндегі архитектуралық шешімдер мен құрылыс стильдері таңқалдырады. Қазір қаламызда сол кезеңдерден сыр шертетін қандай ғимараттар қалды?

– 1925 жылдың 19 маусымда Қызылорда қаласының құрылысына басшылық жасау үшін Халық комиссарлар кеңесі жанынан Құрылыс комиеті құрылады. Комитет төрағасы Абылай Серғазиев тағайындалып, оның техникалық жағынан орынбасары қызметіне инженер Мұхаметжан Тынышбаев бекітілді. Осы тұста қалада жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Архивтік деректерге сүйенсек осы жылы 98 ғимаратты жөндеу жұмыстары басталып, сонымен бірге 1500 тұрғын үйге де күрделі жөндеу жүргізілген екен.1925 жылға дейінгі қаладағы үйлер, вокзал, депо, су тартқыш мұнаралары тіпті бір жыл бұрын 1924 жылы салынған Теміржолшылар клубы ғимараты да ескі үлгіде яғни «кірпіш стилі» нұсқасында салынған. Жаңа қалада қарапайым тұрғындарымен бірге мәскеулік, петербургтік жобалаушылар, атақты архитекторлар В.Н.Львов, А.В.Будассилер тартылды. Мұхамеджан Тынышпаевтың басшылығымен қалада бұрынғы балшықтан салынған үйлердің орнына кірпіштен тұрғы­зылған тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар бой көтерді. Қала құрылысы бойынша олардың салтанатты көрінуі үшін үкіметтік жекежайларды, әкімшілік ғимараттарды безендірген кезде пішінделген бағаналар, маңдайшалар, ағаш төбелер сияқты классикалық әдіс қолданылды.  Өкінішке қарай, олардан қалған 1927 жылы салынған, қазіргі Желтоқсан көшесіндегі 18 үй. Ол кезінде Қызылорда атқару комитеті орналасқан ғимарат болатын. Қаланы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Сарқырама каналы да жобаланып, салынды.

– Алаш қайраткерлерінің Қызылордадағы кезеңі қалай болды? Әлі де зерттеуді қажет ете ме?

– 1928 жылы Қызылорданың астана болғаны тойлануы тиіс еді. Алайда бұл оқиға орнына қалада интеллигенцияға қарсы саяси процесс басталып кетті. Бұл «қызыл астананы салушылар қастан­дығы» деп аталып, А.Буддасси, М.Тынышпаев бастаған 14 адам тер­геуге тартылып, «Советская степь» газетінде күнделікті сот оты­рыстары туралы шолулар жарияланып тұрды. Бұл мақалаларда айыпталушыларға «халық жаулары», «таптық күрестің күшеюі» сияқты тіркестер қолданылды. Оларды «бұрынғы дворяндар» мен «бұрынғы инженерлер» деп атап, оларға ең ауыр жаза – өлім жазасын талап ете бастады. Сотта құрылысшыларға шетелдермен байланыс жасады, «пролетариаттық емес», шектен шыққан, сапасыз жұмыс істеді деген айыптар тағылып, сотталды. Сотталғандар кейін жеңіл жазаға ауыстырылып, амнистияға ілікті. Дегенмен бұл сот процесі 1928 жылы КСРО-да басталған жалпы репрессиялардың бір бөлігі ғана еді. Мұндағы мақсат революцияға дейінгі уақытта білім алған, өз заманы­ның интеллигенциясын жою еді.

– Сұхбаттарыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: