Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Қоғамда еңбекқор адам идеясын насихаттап, жұмысшы мамандықтарды дәріптеуде ең алдымен осы салаға қажетті мамандарды даярлайтын оқу орындары еске түседі.
Қазіргі таңда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қазақстандық колледждер тағылымдамадан өтуде. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан жұмысшы кадрларды даярлауда әлемдік деңгейге шықты.
Қазіргі уақытта салалық ведомство шетелдік серіктестермен келіссөздер жүргізуде. Олардың қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция секілді елдердің жетекші білім беру ұйымдары мен кәсіпорындары бар. Ынтымақтастық аясында академиялық ұтқырлыққа, тағылымдама мен тәжірибе алмасу бағдарламаларына, халықаралық білім беру стандарттарын, қос диплом алу бағдарламаларын енгізуге, сондай-ақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетовтің айтуынша, басты мақсат – оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және заманауи еңбек нарығының сын-қатерлеріне жауап бере алатын мамандарды даярлауға жағдай жасау. Осы мақсатта елімізде техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, яғни, колледждердің рөлі ерекше. Жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс колледж маңызын арттыра түседі. Осының аясында көптеген колледж заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, зертханалар ашылды. Бұл студенттердің тәжірибелік білім алуына үлкен мүмкіндік береді.
Атап айтсақ, қаламыздағы Исатай Әбдікәрімов атындағы политехникалық жоғарғы колледжі жаңа оқу бағдарламаларын енгізіп, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру мақсатында түрлі білім беру жобаларын іске асыруды қолға алған. Уақыт ағымына сай жыл сайын жаңарып, жаңғырып келе жатқан оқу орны қазіргі уақытта кадрлар дайындауда еліміздегі оқу орындарының алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Колледждің білім беру жүйесіндегі орны және жұмысшы мамандық бойынша даму бағыттары жөнінде техника ғылымдарының кандидаты, колледж директоры Абайбек Жүнісов кеңінен айтып берді.

– Колледж 2025-2027 жылдарға қабылданған «Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға байланысты Жол картасы негізінде көздеген мақсатына жетіп отыр. Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың негізгі бағыттарының бірі ТжКББ ұйымдарының халықаралық салалық акредиттеуден өтуі. Салалық аккредиттеу – білім беру ұйымының белгіленген халықаралық салалық стандарттарға сәйкестігін бағалау процесі. Колледждерде бұл өте ауқымды мәселе. Ал біздің оқу орны 2024 жылдың желтоқсан айында «Коммерциялық электрик» мамандығы бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден өтті. Нәтижесінде 9 оқытушы халықаралық дәрежеде сертификатталды. Оның ішінде 2 шебер тренер, 2 проктор, 5 инструктор-оқытушы сертификат алды. Осылайша олар колледжде өз беттерінше бақылау және бағалау жұмыстарын өткізуге мүмкіндік алды. 11 білім алушы NCCER – мамандықтарды бағалау және сертификаттау ұлттық бағдарламасы бойынша «Коммерциялық электрик» мамандығымен халықаралық дәрежеде сертификат иеленді. Бұл аккредиттеу колледж түлектеріне халықаралық сертификаттар алуға мүмкіндік берді. Демек, болашақ мамандарға әлемнің кез келген нүктесінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі, – дейді колледж директоры Абайбек Талғатұлы.
95 жыл тарихы бар, республикадағы үздік колледждердің бірі атанған бұл оқу орнының бүгінгі мақсаты – озық әдістемелерді қолға алу және әлемдік тәсілдер негізінде заманауи мамандардың қажеттіліктерін алдын ала болжайтын білікті мамандарды дайындау болып отыр. Колледж шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасу мақсатында қарқынды жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Германия мемлекетімен бірлескен жобасы аясында – «Senior Experten Service» қоғамы мен колледждің энергетика, сандық техника, автомобильге техникалық қызмет көрсету, жөндеу, пайдалану және құрылыс мамандықтарының арнайы пән оқытушыларының біліктілігін арттыру мақсатында 4 шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасқан. Мұның бәрі ұжымдағы оқытушылар мен студенттердің бірлескен, үндескен жұмыстарының нәтижесі.
– Халықаралық қоғамдастықтармен ынтымақтастық кәсіби өсуге және танылуға ұмтылатын тиімді құрал. Бұл жаһандық байланыс негізгі факторға айналып отырған әлемдегі маңызды істің бірі. Мәселен, колледжде «Жұмысшы мамандықтарын даярлау: Германия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық және тәжірибе алмасу» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Конференцияның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және халықаралық серіктестікті нығайту, ғылымдағы жаңа озық идеяларды талқылау. Көшбасшы колледж 2025-2030 жылдарға арналған даму жоспарын жасап, алдына стратегиялық мақсат қойып отыр, – дейді колледждің оқу өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Мағрипа Айтенова.
Қазір колледжде 34 мамандық бойынша мамандар даярлануда. Негізгі мамандықтар ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, көлік, теміржол, шар шаруашылығы, геология және ІТ бағыттарын қамтиды. Жыл сайын мұнда еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандықтар толығуда. 95 жылда білім ордасы талай биік шыңдарды бағындырды. Өсті, өнді, өркендеді. Бүгінде оқу орны халықаралық білім кеңістігіне еркін қанат жая бастады. Жыл өткен сайын жаңа мамандықтар қосылып, колледждің оқу-материалдық базасы кеңейді, жаңарды. Уақыт сұранысына білім алушылар саны жылдан-жылға артты. Білім ордасы «Жас маман» жобасына енген мамандықтар аясында оқу зертханалық кабинеттермен толық жабдықталған. Сонымен қатар «Мансап» орталығы жұмыс істейді. Орталықта бітіруші түлектермен қазіргі танда жоғарғы оқу орындарына түсу мақсатында кешенді тестке дайындық ұйымдастырылған. Колледж жанынан ашылған жылыжайда қияр, шалқан секілді көкөністер егіліп, білім алушылар үшін іс-тәжірибе алаңына айналған. Сондай-ақ 2 гектар жерге алма бағы, 2 гектар көкөністер егіліп, «Агрономия», «Орман шаруашылығы» мамандықтарының білім алушылары тәжірибе жинақтау алаңымен қамтамасыз етілген.
Атап айтарлығы, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғарғы колледжі республика бойынша үздік 20 колледж қатарында. Осы тұғырдан түспеу үшін алдына нақты мақсат қойып отыр. Басты мақсаттардың бірі – халықаралық стандарт бойынша сертификатталған кадрлар дайындау.
– Жасыратын несі бар, кәсіптік білім беретін колледжге баруға намыстанатындар көп. Ата-аналар да баланың кәсіптік білім алсам деген ұсынысын қолдай бермейді. Балаларға мектепте, отбасында дұрыс бағыт-бағдар бермеген соң қайда барарын, кім боларын білмей жүрген жастар көп. Жұмысшы мамандығы еңбек нарығында ауадай қажет. Кезінде ірі өндіріс орындарындағы білікті мамандар кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарына арнайы іссапарға жіберіліп, тәжірибесімен бөлісіп, дәріс оқитын. Ол кезеңді біз де басымыздан өткіздік. Өндірістік оқыту сабақтарын өткізіп, жас мамандарды тәрбиелеу ісіне үлесін қосатын. Осы үрдіс қазір үзіліп қалды. Бірақ осыны қолға алуды жоспарлап қойдық. Біздің студенттер тек Қазақстан емес, шетелден де тәжірибеден өтетін болады, – дейді Мағрипа Айтенова.
Жастарға кәсіби бағдар беруде бұл колледжде толымды тірліктер бар. Бір қынжылтарлығы, қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтары бойынша еңбек етуге ынталы жастар азайып барады. Мұның түрлі себебі бар. Мәселен, кейбір жұмыс орындарында жалақыны аз ұсынады. Сондықтан алдағы уақытта жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыру үшін осы мәселенің шешімін тапқан дұрыс. Себебі бүгін сөз еткен бір ғана колледждің білім беру бағытындағы игілікті істерімен танысып, жастарға мол мүмкіндік берілгенін білдік. Осындай колледжде білім алып, шетелмен байланыс жасай отырып еңбек етсе, жұмысшы мамандықтарының абыройы арта түсері анық.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАЙБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!