Қала тұрғындары үшін маңызды инфрақұрылымның бірі – сапалы жол. Таңнан басталған рейд барысында жұмыс қарқынының бір сәтке де бәсеңдемегені байқалды. Арнайы техникалар тынымсыз жұмыс істеп, жол жөндеуші мамандар да өз міндеттерін атқаруда.
Қала әкімі Нұржан Ахатов әрбір нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Ол жол төсеуші мамандарға сапа мен мерзімді қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар құрылыс барысында кемшіліктерге жол бермеуді, әсіресе асфальт сапасы мен төсеу технологиясының талапқа сай болуын ерекше бақылауға алуды міндеттеді.
Облыста жалпы 3545 км автомобиль жолы бар. Оның ішінде 1024,5 км – республикалық, 555 км – облыстық, 1965,5 км – аудандық деңгейдегі жолдар. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 2024 жылы 92,5% болса, 2025 жылы 95%-ға жетті.
Өткен жылы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жол инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы бөлінгенін, нәтижесінде 329 км жол, көшелер мен көпірлер жөнделгенін атап өткен еді. Сондай-ақ Қызылорда қаласында 270 көше жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жеткен.
Биылғы басты жоспар – қаланың шет аймақтарындағы елді мекендердің жолдарын жөндеу. Осыған орай қала әкімі Нұржан Ахатов Жаңақұрылыс-9 көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. 15 жылдан бері осы аумақта тұратын Сәбит Еркеғұлов жол салынып, жағдай жасалып жатқанына ризашылығын білдіріп, жаяу жүргіншілер жолын салу жөнінде ұсынысын жеткізді. Қала әкімі мердігер «Алем Транс Жол» ЖШС-не жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

Жол-көлік инфрақұрылымы саласында 2026 жылы да бірқатар жоба жүзеге асуда. Қала және оған қарасты кенттер мен ауылдық округтер бойынша жалпы құны 35,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асуда. Бұл жобалар аясында ұзындығы 69,7 шақырым болатын 70 көшеге күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Қала әкімі бұдан кейін Қызылжарма ауылдық округіндегі көшелердің қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Аталған округте Ибраев, Ділдебаев, Кульжанов, Алмағанбетов, Абдулов, Мейірманов, Б.Нақыпұлы көшелерімен қатар Қараарын, Төсбұлақ, Күркіреуік, Терісақпай тұйықтары және Алтықұлаш, Қаратау, Тереңсай көшелерінде жөндеу жұмысы жүргізілуде.
Келесі нысан – Сағымбаев көшесі. Мұнда Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейінгі жол 4 жолақты болып кеңейтіліп, асфальт төселіп, жарық шамдар мен жаяу жүргіншілер жолы салынады. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге, мердігер мекеме – «Қыран» ЖШС.
– Аймақ басшысының қолдауымен Сыр елінің бас шаһарында жол-көлік инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Өткен жылы бұл саладағы жобаларға бюджеттің барлық көзінен 32,3 млрд теңге қаралды. Оның 9,6 млрд теңгесіне әуежай бағытындағы 3 көпір және «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы автожолдың 2,7 шақырымды құрайтын қалаішілік бөлігі қайта жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар 2025 жылы бастау алған темір жол асты өткелінің құрылысы жүргізілуде, – деді қала әкімі.
Қазіргі таңда Н.Назарбаев даңғылының 1,2 шақырымы, Тасбөгет кентіндегі Есенов көшесінің 1,9 шақырымы және Аманкелді көшесінің 1,3 шақырымы жөнделуде. Жоба аясында асфальт төселіп, жарық шамдар орнатылып, Есенов көшесіне су ағызу жүйесі қойылады.
Сондай-ақ Бәйтерек шағын ауданындағы оңтүстік магистраль каналы арқылы өтетін көпір құрылысы жүргізілуде. Көпірдің ені – 14 метр, ұзындығы – 56 метр. Жоба бойынша асфальт жабындысы төселіп, 16 жарық бағанасы және жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Сонымен қатар «Сабалақ» елді мекенінің 34 көшесіне қиыршық тас төселуде.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 26,3 шақырым болатын кенттер мен ауылдық округтердегі 32 көшеде жол құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Тасбөгет кентінде 5,1 шақырымды құрайтын 4 көше, Белкөл кентінде 0,8 шақырымдық 1 көше, Қызылөзек ауылдық округінде 1,8 шақырымдық 2 көше, Қызылжарма ауылдық округінде 10,2 шақырымдық 14 көше, Ақсуат ауылдық округінде 8 шақырымдық 10 көше және Талсуат ауылдық округінде 0,4 шақырымдық 1 көше қамтылған.
Қала көшелерін күтіп ұстау жұмыстары шеңберінде 35 көшеге асфальт төселіп, жол жабындыларының бүлінген тұсы қалпына келтірілді. Аймақ басшысының талабы – шет аймақтарға ерекше мән беру. Осыған байланысты 2025 жылы шет аймақтардағы 38 көшеге асфальт, Эдельвейс саяжайындағы 3 көшеге қиыршық тас төселді. Сонымен қатар шет аймақтардағы 17 көшеге асфальт, 8 көшеге қиыршық тас төселуде.
Шет аймақтар мен елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту – облыс әкімінің тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!