Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Шырылдаған халықтың жанын сақтап қалуға ұмтылдық» Сырбойылық құтқарушылар Жайықта жүр

30.04.2024

582 0

Алаш баласын алаңдатқан тасқын су мәселесі әлі де мінберден түскен жоқ. Айтып келмейтін апат салдарынан эвакуацияланған халықтың ішінде 38 мың 521 адам отбасына оралды. Әлі де қауіптің сейілуін күтіп отырған 7 мыңға жуық адам бар. Жұдырық болып жұмылған сала мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде су тасқыны басталғалы бері 12,9 миллион текше метрден астам еріген су айдалса, 7 миллион қапшық пен 1,5 миллион тонна инертті материал төселді. Ал дәл қазіргі жағдайда қауіптің алдын алу жұмыстары Жайықтың жағасында жалғасуда. Атырауға аттанған төтенше жағдай қызметкерлерінің қатарында біздің де жерлестеріміз бар.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға барлығы 20 мыңнан астам адам және 2 772 бірлік техника, 335 су айдау құралы және 249 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды. Иә, «тас түскен жеріне ауыр» десек те дана қазақ «бір жеңнен бас, бір жағадан қол шығарудың» да басты орында екенін білдірген.

Осы күні Атырау облысында Жайық өзені­нің су деңгейі жіті бақылануда. Бұл жұмыста мамандар дронның көмегіне жүгініп отыр. Жағалауды нықтап, дамбыны көтеруде. Бірер күн бұрын Атырау, Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарында 500 шақырымнан астам бөгет салынса, Құлсары­ға жылжымалы сорғы станциялары мен мотопом­палардың көмегімен су басқан аумақтардан 207 мың текше метрден астам су айдалды. Еліміз бойынша барлық құтқарушылар жұдырық болып жұмылып, білек сыбана іске кірісуде.

– Қызылорда облысы ТЖД-нен су басқан өңірлердің қауіпті учаскелерінде қажетті көмек көрсетуге жеке құрам мен техника жөнелтілген еді. Қазіргі таңда Сыр құтқарушыларын апат аймағында тер төгуде. Тұрғындарды оқшау­ландырып, су қоймаларының көтерілуін бәсеңдетуде. Жерімізді су жайпап, халыққа қауіп төніп тұрған кезде басшылық құрам да құтқару жұмыстарына жауапты болып аттанды. Топты бастап жүрген Бауыржан Оспанов, Жасұлан Қалмаханов, Азамат Жәнібеков, Самат Нұрғалиев, Самат Күзембаев, Нұрхан Медеуов, Қанат Бейсенбаев есімді азаматтар елмен бірге қауіпсіздік шараларына атсалысуда. Төтеншеліктер Жайық өзенінің жағалауын нығайтып, Каспийге құятын бөлікті тереңдету жұ­мыстарын жүргізіп жатыр. Шаған мен Жайық өзендері тоғысатын жердің жан-жағын су шайып, кемелінен асып барады. Сәт сайын көтерілген судың деңгейіне төтеп беріп, қызылордалық құтқарушылар жағалауды бой­лай, бөгет тұрғызуда. Судың екпіні тіпті тех­никаны қайықтай қалқытып жатқан сәтте халықтың қауіпсіздігі үшін күресіп жатыр, – дейді  Қызылорда облысының ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Марина Сағидатбек.

Осы күні Сырдың сырбаз жігіттерінің бір бөлігі Атырау облысының Индер ауданында жүр. Солардың бірі – құтқарушы Олжас Орынбай. Он жылдан бері осы салада тер төгіп жүрген ол азаматтық қорғаныс саласына өзінің ұстанымымен келген.

– Сын сағатта қарап отыруға болмайды. Көз алдымызда түрлі жағдайлар болып жатыр. Бірінің жалғыз баспанасы суға кетсе, енді бірінің мал-мүлкі ағып барады. Шырылдаған халықтың жанын сақтап қалуға ұмтылдық. Бізде одан басқа ой болмады. Өйткені біздің мемлекетіміздің басты байлығы – адам капи­талы. Біздің азаматтық парызымыз да, жұмысымыз да сол. Кей жерлерде малын да құтқарып жатырмыз. Қандай мүмкіндік бар, соны жасаймыз, – дейді Олжас Орынбай.

Олжас тәрізді су тасқынымен арпалыста еңбек етіп жүрген құтқарушылардың бірі – Айбек Тоқбосын. Ол да азаматтық қорғаныстағы алғашқы еңбек жолын он жыл бұрын бастады. Табиғаттың мынадай тосын мінез танытқанын көрмепті. Әйтсе де, қазір Ақ Жайықтың жағасында қауіпке қарсы тынымсыз тер төгуде.

– Біз қазір Атырау облысының Индер ауданында дамбыны көтеріп, жұмыс істеп жа­тырмыз. Мұндай апат ешкімнің саласына, лауазымы мен қызметіне қарамайды. Сон­дықтан басшылық құрам да елмен бірге тізе қосып, еңбектенуде. Әрине, қауіпке төтеп беріп жатсақ, қуаныш. Солтүстік Қазақстаннан бастап келе жатырмыз. Оралға да бардық. Қазақстанның қай жерінде жағдай қиын, сол жаққа көмекке барып жатырмыз. Осындай сын сағаттан сүрінбей өтіп, бірлік танытуымызды жазсын. Ал жұмысыма келсек, бұл – менің бала күнімнен армандаған мамандығым. Әрине, жақын-жуығым, ата-анам мен бауырларым мен осындай қауіпті аймақтарда жүргенде тақым қысып отырар, шыбын жанын шүберекке түйер, бірақ мен үшін мына қоғамға керек екеніңді сезінуден артық бақыт жоқ, – дейді құтқарушы Айбек.

Апаттан кейін қалай болмақ, не болмақ деп қалың ойға шомған халықты кешегі ассамблея жиынында айтқан Президенттің сөзі демеп жібергендей еді. Екі қолын бос көтеріп, баспанасы суда қалған ағайынға көкжиектен үміт сәулесін лаулатты.

– Менің тапсырмаммен мемлекеттік мате­риалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гума­нитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқымыздың ынтымағы мен жоғары аза­маттық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфра­құры­лымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері де қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін.

Жиналған қаражат елді мекендерді қал­пына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ апат­тың кесірінен қиын жағдайға тап болған аза­маттарға көмек ретінде беріледі. Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын, бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев жиында.

«Ер ел үшін туады» дейді дана халқымыз. Бүгінгі қауіп тұтас қазақтың басына түскен қатер. Сондықтан «Бірліксіз тірлік болмас» деп, жұмыла жүк көтеріп, қауіпті сейілтуге атсалысып жүрген азаматтар аман болғай!

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: