Сібір жарасы – адам мен жануарлардың өліміне әкелетін, Bacillus anthracis бациллалары тудыратын жедел және аса қауіпті жұқпалы ауру.
Адам ауру малдың етін бөлшектегенде, терісін сыпырғанда, ауру малға күтім көрсеткенде, ауру малдың сүтін шикі немесе шала пісірілген етін тұтыну арқылы жұқтырады. Оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылаусыз сойылып сатылған, нарықта сатып алынған тексерістен өтпеген шикі ет өнімдерімен таралатын жағдай.
Аурудың түріне байланысты адамның дене қызуы көтерілуі, тері жарасының пайда болуы, ісінуі, ауыр түрлерінде қан аралас іш өту және құсу, өкпе аурулары, жүрек әлсіздігі пайда болады.
Инкубациялық кезеңінің ұзақтығы терілік түрінде бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формасында 6-8 күн болуы мүмкін. Аурудың екі клиникалық түрі бар; біріншісі – жергілікті тері зақымдалуы (карбункулезді), екіншісі – сепсистік (өкпе, ішек зақымдануы) түрлері. Ең жиі кездесетіні карбункулезді түрі. Карбункулдың ең көп орналасатын жері – аяқ-қол, мойын және желке. Дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінбеген жағдайда өліммен аяқталады. Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткен соң қызғылт немесе көкшіл түсті ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей болып басталып, үдей түседі.
Бөртпе 12-24 сағат өткеннен кейін алдымен диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады, уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады.
Аурудың белгілері байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіп медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.
Алдын алу шаралары:
• Малды ветеринариялық мекемелерге толықтай есепке қою және жыл сайын сібір жарасына қарсы малға екпе салынуы керек.
• Ауыл шаруашылығында мал ауырып қалған жағдайда, оларды мал дәрігерлеріне көрсетіп, тексерту қажет.
• Жануарларды ветеринариялық бақылаусыз союға болмайды және олардың ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпей, рұқсат алмай сойылып, сатылуына жол берілмейді. Ауырып өлген мал өлекселері жойылады, өртеледі.
• Ауру малмен немесе мал өнімдерімен жанасқан адамдар медициналық қадағалауға алынады.
• Егерде мал сібір жарасымен ауырған болса, жануарлардан алынатын шикізаттарды дайындау, жинау, сақтау, тасымалдау жұмыстары тоқтатылады. Ауру тараған объектілер залалсыздандырылады.
Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу (вакцина) жұмыстарын жүргізу. Аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларды да бақылауда ұстау қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын екпемен қамтуға тырысқан жөн. Қазіргі таңда егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі.
А.Ақжігітова,
Обаға қарсы күрес станциясының дәрігер-бактериологы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!