Сұм соғыстың зардабын көрмеген отбасы жоқ шығар. Талай нәзік жандардың мөлдіреген жастық шағы соғыстың ауыртпалығына тап келіп, өрімдей қыздар әскерге баруға жасы келмесе де, еңбек майданына ерте араласты. Сондай арулардың бірі – Марфуға Молтақова анамыз еліміздің басына қатер төнген кезде небары 14 жаста екен. Астраханның Бакланни селосында дүниеге келген қаршадай қыз 11 жасында 9 жасар інісі екеуі әке-шешесінен айырылып тұл жетім қалып, немере ағасының үйін паналайды. Інісі жылқышыларға арбамен су тасыса, өзі де қара жұмысқа жегілген. Сықырлаған сары аязға тоңып, қара жұмыс істеп, жарытып тамақ ішпей, бүтін киім кимей соғыс зардабын көргенін тебірене айтқанда кейуананың жанарына жас іркілді. Ескі жараның орны сыздап тұрғанын сездік. Әрі қарай қария бір терең күрсініп, әңгімесін жалғады.
– Жауға деген кек кернеп, майданға аттанбақ та болдым. Жүрегім де қатайып кеткен. Балалықтың бал дәмін татпай, жетім қалғаным да мені ерте есейтіп, бойыма қайрат-күш берген сыңайлы. Батыр ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова менің туысқаным еді. Соғысқа алғашқылардың бірі болып аттанды. Соларға еліктеп өстім. Егер жасым келгенде мен де соғысқа барар едім. Соғысқа аттанбақ болып сұранған кезімде жасың жетпейді деп жібермеді. Әйтпесе көкірегімде ыза мен кек қайнап тұрды. Тылда қалғанмен ауыр жұмысқа жегілдік, аштықты, қиыншылықты көп көрдік. Елді титықтатқан соғыс бітіп, жеңіс деген сүйінші хабарды да есіттік. Алайда соғыстан кейінгі өмір тіптен ауыр болды. Ішегім шұрылдап, ашқұрсақ ұйықтаған кезіміз көп болды. Немістің тұтқындарын көрдік. Үреймен өмір кештік. 1945 жылы соғыс біткен соң Астраханда 2 жылдық училищеде оқып, электр желісін жөндеуші мамандығын игердім. Ерлер жоғарыға шығып электр сымын жалғағанда мен көмекші болдым. Біздер маманданған соң әр құрал-жабдықтың атын бес саусақтай білдік. Сөйтіп жүргенде 80 адамды Грузияның Тбилиси қаласына жұмысқа апарды. Онда 5 жыл жұмыс істедім. Тағдырдың бұйыртқан дәмі жел айдаған қаңбақтай қып Қызылорда облысының Арал ауданына әкелді. Осында немере апам тұратын. Осылайша Әбдірәйім Шалабаев деген азаматпен отау құрып, қалған өмірімді сол жерде жалғастырдым. Аудандық баспаханада әріп теруші болып жұмыс істедім. Балаларым баспаханада өсті. Ол кезде баламен 3 ай отыратын едік. Несін айтасың, отты жылдардың жаңғырығы әлі санамыздан өшкен емес. Енді келер ұрпақ мұндай қанды қырғынды көрмесе екен. Қазір жасым 98-де. Әттең, аяғым жүрмейді. Әйтпесе жас ұрпақпен кездесіп, соғыста көрген ауыртпалықтарды, түрлі оқиғаны өз аузыммен айтар едім, – дейді ғасырға адымдаған кейуана.

Марфуға ана өзі тұл жетім болған соң ба, ертерек отбасын құрып, перзентті болуды армандаған екен. Ақ жаулықты ананың арманы орындалып, өмірге 5 бала әкелген. Балалары жоғары білім алып, елге абыройлы қызмет етуде. Бүгінде миуалы бәйтеректей шаңырақтың берекесі болып отырған отанасының 11 немере, 5 шөбересі бәйшешектей құлпырып өсіп келеді. Ақ жаулықты ана бүгінгі бейбіт өміріне дән риза. Қарт әже зеңгір көкті бұлт шалмауын, сұм соғыстың тұтанбауын тілейді. Ғасырдың шырағын жаққалы отырған кейуананың ақ тілегі қабыл болып, бейбіт күннің шамшырағы дәйім жарқырай берсін!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!