Ел тәуелсіздігін алып, етек жеңімізді жинап ел болу қамына кіріскен шақта кәсіптің әр саласында білімді мамандар тапшылығы сезіле бастаған еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында елімізде 1993 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Жастарды қолдауға арналған бұл бағдарлама Сингапурдың білім жүйесіндегі жаңашылдықтарды негізге алған. Кеңес Одағы ыдырап тәуелсіздік алған жылдары қаражат жеткілікті болмаса да мұндай шешім қабылдау жастарға жасалған қамқорлық еді. Шетелде білім алған жастар ел экономикасының дамуына үлес қосады деген үлкен сенім тұрған еді. Үміт ақталды ма? Соңғы уақытта болашақ бағдарламасында қандай өзгерістер бар?
Экономикалық өсудің басты қағидасы адам капиталына инвестиция құю екенін дамыған елдер сол кезден түсінгендей. Жастарды шетелде оқыту тәжірибесі әлемнің бірқатар елдерінде бар үрдіс. Мәселен, Сингапурда бұл бағдарлама «Президенттік» деп аталып, үміткерлер қатаң іріктеуден өтеді. Тестілеуден өткен жастар Қытай, Франция, АҚШ сынды елдерді таңдайтын көрінеді. Сондай-ақ мұндай бағдарлама Ұлыбритания, Малайзия, Франция, Ресейде бар. Көрші елде бұл бағдарлама «Ресей Федерациясының Президентінің шәкіртақысы» деп аталады.
Деректерге сәйкес, «Болашақ» бағдарламасы бағдарламасы іске қосылғаннан бері 15 мыңға жуық стипендия тағайындалған екен. Ал 2025 жылға 645 шәкіртақы бекітілген. Оның ішінде магистратура бойынша – 411 стипендия, докторантура – 41, тағылымдамалар бойынша – 193. Дегенмен бұл турасында мәселе де жоқ емес. 2025 жылдың наурыз айындағы деректерде бағдарлама талаптарын 1,9 пайыз азамат орындамаған. Зерттеулер бойынша бағдарлама келісімшартын бұзуға түрлі жағдайлар себеп болған. Атап айтқанда, отбасылық жағдай, денсаулық мәселесі, оқуын аяқтамау, еңбек өтеу міндеттемелерін толық орындамау, Қазақстанға оралмау сияқты себептер анықталған. Олар оқуына мемлекет жұмсаған шығынды өтеу үшін елге келіп қызмет етуі қажет еді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсмановтың айтуынша, 10 мыңнан астам маман бағдарлама талаптарын орындап, ел игілігі үшін қызмет етуде.

2011 жылы шетелде бакалаврлық білім алу алынып тасталған еді. Мемлекет сұранысы бойынша маман дайындау сол уақытта басталды. Бұл заң жобасына биыл өзгеріс енгізілді. Енді халықаралық ғылыми конкурс жеңімпаздары ҰБТ тапсырмай елдегі оқу орындарына грантқа түсіп, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде бакалавриатқа тапсыра алады. Заң жобасы дарынды жастардың шетелге кетпей туған еліне қызмет етуіне мүмкіндік береді. Депутат Асхат Аймағанбетов әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіске жеткен оқушыларға шетел университеттері грант ұсынып, қазақстандық дарын иелері сол елдерде қалып қойып жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Қазіргі таңда 3241 түлек шетелде білім алып, елге қызмет етуде. Бағдарлама шарттары бойынша олар 3-5 жыл көлемінде стипендияны еңбекпен өтеуі тиіс. Егер түлек еңбекпен өтеу талабын орындамаса мемлекеттік қаражатты қайтару міндеттеледі. Шетелде оқып келген жастарды жұмыспен қамту мақсатында жетекші жұмыс берушілермен серіктестік кеңейтіліп жатыр. Олар елге оралған соң Deloitte, McKinsey & Company, Wabtec Corporation, «Теңізшевройл», Ана мен баланы қорғау ұлттық ғылыми орталығы, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты және тағы басқа 300-ден астам жұмыс берушімен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылған. Стипендиант елге оралмаған жағдайда шығынды өтеу шарасы қолданылады. 2023 жылы 1,9 млрд теңге қаржы қайтарылса, 2024 жылы 1,6 млрд теңге бюджетке кері қайтарылған. Қазір ай сайын ел қазынасына 200 миллион теңге қайтарылып отырады екен.
Биылғы наурыз айында өткен ұлттық құрылтайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасына қатысты бірқатар мәселені сынға алды. Ол өз сөзінде ғылым қалашығының қажет екенін атап өтіп, оларды Алматыда, Курчатовта салу ақылға қонатынын жеткізді.
– Үкімет те, ғалымдар мен салалық министрлік те нәтиже шығару қажет екенін түсінгені жөн. Біз ғалымдарды шетелде тағылымдамадан өткізу тәжірибесін енгіздік. Бірақ ғылымға мүлде қатысы жоқ ғалымдар шетел асты. Мен 78 жасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған кісіні білемін. 78 жаста қайдағы «Болашақ»? Көп істің соңы осындай түсініксіз жағдайларға ұласып кетеді, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Болашақтықтар көбінесе Ұлыбритания, Ирландияның жоғары оқу орындарын таңдайды, олардың қатары 48,8 пайызға жетсе, АҚШ-пен Канаданы – 37,1 пайыз түлек таңдаған. Еуропа елдерін – 4,7 пайыз, ал тек 4,6 пайыз ғана Ресейде оқуды жөн көрген.
Қазақстандықтар арасында Ұлыбританияның жоғары оқу орындары танымал. Атап айтқанда Манчестер университеті, Лондонның Королдік колледжі, Лестер Университеті мен Абердин Университеті. Тұманды Альбионда білім алғандардың қатарында жерлесіміз Серікхан Жүзеев те бар. Ол Ұлыбританияның Рединг университетінде «500 ғалым» жобасы аясында білім алған. Екі түрлі әлемнің білім беру жүйесін көрген ол шетелдің білім жүйесін тым асыра дәріптеп, өзімізді тым төмен бағалап жататынымызды айтады. Бірақ бұл салада дәл, салмақты салыстыру жасау қажет екенін айтады.
– Ұлыбританияда білім беру жүйесі толығымен студентке бағытталған. Сен неге қызығасың? Қай тақырыпты зерттегің келеді? Қандай сұрағың бар? Жүйе – осы сауалдарға жауап іздеуге мүмкіндік береді. Сабақ үстінде студент өз ойын ашық айтады, оқытушымен пікірталасқа түседі, кейде тіпті қарсы уәж айтады. Ол елде сыни ойлау – басты құндылық. Ал бізде көбіне оқытушы не айтса, сол заң. Сабақта үнсіз тыңдайсың, неғұрлым көп жаттасаң, соғұрлым жоғары баға аласың. Студенттің өз көзқарасын білдіруі сирек. Мұның өзі еркін ойлау мен бастамашылдықты тежейді. Әрине, кейінгі жылдары бұл бағытта өзгеріс бар, бірақ өзгеріс баяу жүріп жатыр, – дейді ол.
Батыс елдерінде оқулықтар үнемі жаңарып тұрады. Ғылыми мақалалармен жұмыс – күнделікті талап. Студент өзі ізденіп, зерттеп, ой түйеді. Қазақстанда да соңғы жылдары университеттерге академиялық еркіндік берілді, өз бағдарламаларын жасауға мүмкіндік бар. Бірақ көп жерде практикада ескі әдіс-тәсілдер сақталған, теорияға басымдық беріліп, шынайы өмірмен байланыс әлсіз.
– Ұлыбританияда оқытушы серіктес ретінде бағыт көрсетеді, бірақ жауапты студент өзі іздейді. Бұл студентке сенім білдірудің белгісі. Бізде оқытушының сөзіне қарсы келу әдепсіздік саналады. Мұндай жағдайда студент ішкі еркіндігін жоғалтады. Ал еркін ойламаған адамның жаңалық ашуы неғайбыл, – деді Серікхан Жүзеев
Шетел университеттерінің инфрақұрылымы жақсы дамыған. Заманауи кітапханалар, халықаралық дерекқорлар, зертханалар. Ал біздегі көп оқу орны әлі күнге дейін ескі оқулықтар мен жеткіліксіз ресурстарға тәуелді. Дегенмен шетел университеттерінде де кемшіліктер жеткілікті. Оқу ақысының бағасы мен мамандықтардағы теория мен практика арасында алшақтық қиындық туғызады.
– Соңғы уақытта елімізде академиялық еркіндік, жаңа бағдарламалар, халықаралық әріптестік сияқты жақсы өзгерістер бар. Осы бағытты назарда ұстасақ 10-15 жылда біз де сапалы білім беретін елге айнала аламыз. Ол үшін жүйелік реформа, ең бастысы – оқытушылардың кәсіби дамуына инвестиция қажет. Өзгелерге қарап бой түзеп, студентке сене білу қажет, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Серікхан Жүзеев.
Қазір жастардың сыртта оқымай-ақ, өз елімізде шетелдің білім тәжірбиесімен сусындау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазір Еуропа ұстаздарынан онлайн дәріс алуға болады. 2023 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылды. Бұл Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп жасалған. Жоба аясында студенттер «информатика», «киберқауіпсіздік», «компьютерлік бағдарламалау және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу», «ақпараттық жүйелер» бағыттары бойынша білім алады. СеулТех қызылордалық студенттерге «AI architect» пен «Data management» бойынша қос диплом бағдарламасын енгізген.
«Болашақ» бағдарламасы ең алдымен жастардың шет тілін үйренуге қызығушылығын оятты. Тәуелсіздік алған жылдан бастап он мыңдаған дарынды жас шетелдің тәжірибесін үйреніп, елге қызмет етуде. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында да «Болашақпен» білім алған кешегі студент бүгінгі жасқа білім беріп жүр.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!