Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Балық неге азайды?

06.04.2024

734 0

Сурет: kaz.tengrinews.kz

Қалтаны тескен нарық балықтың бағасына да жетті. Иә, иә, «қымбаттамаған не қалды?» деп, тиыннан теңге құрап отырған жұртшылық мұның таңданарлық емес екенін айтатын шығар, бәлкім?! Әйтсе де қазір балықтың бағасы жылқы етінің бағасына жетіп қалды. Балық базарға барғандар өзіне керегін алған соң осылай ой түйіп жүр. Орташа бағасы – келісіне 1800-2000 теңге аралығында. Тіпті ел арасында 2300 теңгеден алғандар да бар. Дегенмен «Үкімет бекітіп берген баға емес, нарық өзі реттеп отыр» дейді саудагерлердің көпшілігі.

Тасқын суды да

сатып ал деп жатыр

Ең алдымен, біз қала орталығына балық қайдан келеді деген сауалға жауап іздедік. Иә, ел ішіндегі көлдерді иеленгендердің көпшілігі ауыл арасын аралап сатып жүр. Халық ойдағы бағаға су маржанына қол жеткізіп келеді. Тек ол жердегілер балық базарға көп келмейтінін айтады. Қалаға жақын ауылдардың бірінен көл иеленген Темірбек Қожанов балық тақырыбында күрмеуін таппай тұрған түйткілдер көп екенін айтады.

– Бұрын аймаққа бөлінетін экологиялық судан көлдерді тегін толтырып алатынбыз. Онсыз да егіннің уақытында көлге қарай тамшы да тамбайды. Су мәселесі өзекті болып тұрғанын бәріңіз білесіздер. Енді сол экологиялық тегін судың өзін бізге сатып ал деп жатыр. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, қазір балық аулауға қажетті құрал-жабдықтың бәрінің бағасы шарықтап кетті. Үшіншіден, қазір аулайтын балық та жоқ. Қолдан келгенін жасап көбейтіп жатырмыз. Ал төртіншіден, балық бағасы соншалықты қымбат деп айта алмаймын. Өзге елдермен салыстырғанда бізде әлдеқайда арзан, – дейді Темірбек Қожанов.

Балық қайда кетті?

Бұрынырақ, 2000-жылдарға дейін ауылдағы ойын баласының өзі ка­нал­дың тартылған суынан метр­ге жақын балықтарды олжалап жүре­тін. Балықты жақсы көріп, канал жағалағандардың қанжығасы қашанда майланып тұратын. Бертін келе балық жыл сайын азая бастады. Қазір тіпті кәнігі балықшылардың да қапшығы бос қайтатын сәттері көп. Кәсіпкер мұның себебін де айтып берді.

– Бұрын балық каналдан көлге құятын. Егістік алқаптардың суы тартылған соң тіпті бірнеше ондаған көлікке дейін толтырып, көлге балық салатынбыз. Қазір көлдегі балық каналға қашатын дәурен туды. Өйткені сырттан сумен кеп жатқан балық жоқ. Мұны мен зерттеп келе жатқаныма біраз уақыт болды. Қазір адамдар тек бүгінін ғана ойлайды. Ертеңін ойлайтын ешкім жоқ, – деп мәселенің тереңіне бойлаған көл иеленуші алысқа көз тастаған күйі әңгімесін қайта жалғады. – Балықты тоқпен ұрып алатындар, гарбит ататындар көбейді. Әрине, жай адам мұндай тірлікке бара бермейді. Мұндай қатыгездік жасаған адам түбі жақсы болмайды. Балаларыммен ау құрамыз. Сол ауға кейде бір айға дейін балық түспей қалады. Күндердің күнінде әйтеуір, несібемізге балық ілінгенде балаларым дереу түскен балықтың құйрығына қарайды. Егер құйрығы күйсе, тоққа түсті деген сөз. Ал тоққа түскен балықтың көлде қалғаны ұрық шашу қабілетінен айырылады. Сонда мұндай қадам арқылы балықты жоюға жұмыс істеп жатқандар бар. Енді олар тек бүгінмен өмір сүріп жатыр дегеннен басқа не айта аламыз?

Көлден бассейнге ауысатын болдық

Бүгінде өңірде балық азайды деген пікірлерді көп естиміз. Балықшылар да мұны растап отыр. Су мәселесі қылаң бергенде су маржанының да түйткілге айналатыны анық. Темірбек Қожанов бұл ретте бассейнде салып, балықты үйде өсіруге көшкелі жатыр екен.

– Балық бағытындағы кедергілерді көре отырып, қазір біз де бассейн арқылы бағуды ойлап жүрміз. Кейде «балық неге қымбат, жылқы етімен бірдей болыпты» деген сөздерді естіп қаламыз ғой. Міне, үйде бассейнде баққанда дәл солай, бидай, басқа да керек жем-шөбін аласың. Міне, бақпаған нең қалды? Әйтпесе көлденең келген көк атты көлге тоқ салып, гарбит атып, алатынын алып, қалғанын улап құр бекерге ысырап етіп қалдырады. Бұл адамшылыққа жатпайды, – Т. Қожанов.

Иә, қып-қызыл шығынға ұшырап, кәсіптен нәсіп таппай отырғандар тығырықтан шығар жолды осылай іздеп келеді. Бұл да мәселені оңтайлы шешудің бір жолы шығар…

Балық базарға

балық

қайдан келеді?

– Апай, балық қаншадан?

– Келісі 1800-ден. Келе ғой, өлшейін.

Сатушы апай алдына сарбаздардай сап құрған сары сазандардың бірін алды да, таразыға қоя салды. Мұнысы шынтақтай ғана сазан, таразыда 3 келіден аса салмақты бір-ақ көрсетті. Ойша есептеп тұрмын.

– Балам, 5400 болады екен. Бес мыңға ала ғой, – деп сары сазанды сары қалтаға сүңгітіп жіберді.

Баға бәрінде бірдей. Көлемі де құдды бір зауыттан өлшеп беріп жатқандай. «Қазалының балығы» деген апайдың бірауыз сөзіне сендім де алып кете бардым. Сыртта мен секілді балық алып шығып бара жатқан келушіні әңгімеге тарттым. Орта жастағы жігіт ағасы екен.

– Иә, қашан келсең де жаңа ғана әкелдік, Қазалының балығы деп ұсынып жатады. Бірақ сатушының мұраты сату ғой. Өзім бұл жақтың балығы екенін біліп тұрсам да аламын. Көп алмаймын ғой. Осы қаланың іргесіндегі ауылдардан әкеліп сататын жігіттер бар еді, қолға түскеніне көп болмаған, кейде тірі балық әкеледі. Міне, солар сенімді. Қазір олар хабарсыз қалған соң амал жоқ, базардан алып жүрмін, – деді балық алушы.

Осы сәтте ауыл-ауылды шағын жүк көлігімен аралап жүріп балық сататын жігіттер еске түсті. Расымен-ақ. Бір кезде ол менің ойымды оқығандай  болып, бетіме қарады да:

– Қызылорданың балығы қайда деп ойланып тұрсың ба? – деді.

Бұрын-соңды көрмеген адамым осылайша ағытылып сала берді.

– Негізі мына тұрған балықтың көбі ортада айлап жүрген балықтар. Базарда жергілікті балық жоқ. Ол тұрғындардан артылмайды. Дағыстаннан Ресейге, Ресейден бізге келеді. Бір күнде өтіп кете қоймайды, мұздатқыштан алып сата береді. Ал Аралдың балығы шетел асып жатыр. Олар доллармен бағаланатын жоғары сұрыптың қатарында. Бізге осы айналадағы көлдің балығы-ақ жетеді. Олар тікелей осында базарға әкелейін десе, бұлар бағаны жерге ұрады. Амалсыз, үй-үйді аралап, өздері сатады, – деді балық жайын біраз білетінін байқатып.

Мүмкін, рас шығар. Бірақ шындыққа жанасатын тұстары да көп сияқты. Айтылмайтын ақиқат ауызда қалып тұрған заман ғой. «Жігіттің жақсысы саудамен айналысады» деген пайғамбар сөзі ойға келді. Айтпақшы, бір мықты кісінің «Дүниені білген алданбайды, ақыретті білген алдамайды» деген сөзі бар еді… Бәлкім, сол дүниені білмегеннен алданып жүрген шығармыз.

Балықтың кепиеті қатты

«Ысырапқа жол берме» деп айтатын үлкендеріміздің сөзі көлдің жағасына шығып қалған өлі балықтарды еске салды. Осы суға тоқ салудың енді белең алып жатқан тұсы еді. Ауылдың ортасындағы көлдің жағасына балық атаулы қалтқы тәрізді қалқып шыға келді. Көпке дейін біз балық бір дертке ұшыраған екен деп, көлдің жағасына бармай қойдық. Кейіннен бұл броконьерлердің әккі айласы екенін естігенде апырмай дескеніміз бар. Жоғарыда Темірбек Қожанов­тың басынан өткен мұндай оқиғаға сан мәрте куә болғанбыз. Бірақ балықты қына­дай қырғанның осы кезде төрт құбыласы түгел дегенге сене алмайды екен.

– Бір оқиғаны айтып берейін. Аңдып жүріп, біз көлдің басынан кете салысымен, балықты тоқпен аулаған бір кісіні танимын. Бір күні ұсталды. Араға әлдекімдер түсіп, кешірім алған. Сол азамат көп ұзамай үйінде отырып, жүрегі ұстап қайтыс болды. Табиғат адамзат баласына бәрін дайын етіп ұсынады, бірақ біз қажетімізді ғана алуымыз керек. Шамадан тыс қыру болашақта балықты түп тамырымен жоюға әке­леді. Бұл ұғым тек балыққа ғана қатысты емес, жанды нәрсенің барлы­ғының кепиеті бар. Соны ұмытпаған абзал, – деді балықшы ағай.

Талапты орындамайтындар да бар

Қазір көл иеленушілерге қойылар талап та жоғары. «Есілдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп Махамбет жырлағандай, елді мекендердің сыртында жатқан көлдерді «өйтем де, бүйтем, қара қойдың басын үйітем» деп, суретпен Бурабай етіп көрсететіндер көп. Бірақ іске келгенде тек балығын өсіруді де білмейді. Бар болғаны, табиғаттың өз күшімен көбейген балығын сатып тауысады да, көлді тастанды етіп кете барады. Осылайша көл деген статусынан айырылып, Аралдың кепкен табанындай болғандар қан­шама?! Міне, мекені жойылған соң балық та жоқ болады ғой… Айтпақшы, Арал туралы айтып қалдық қой, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов өткен жылдан бері Арал теңізінің балықтары жаппай қырылудың алдында тұрғанын айтып дабыл қағуда.

– Қазіргі кезде Солтүстік Арал теңізінің тартылу жағдайы өңір халқын қатты алаңдатып отыр. Кейінгі 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. Яғни үштен бірінен айырылды. Суы тартылған теңіздің орнынан көтерілген тұз бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигі­зетін экологиялық апатқа айналды. Салдарынан су­дың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге артқан. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балық жаппай қырыла бастайды. 2020-2021 жылдары Арал ауда­ны­­ның аумағында қуаң­шылық белең алып, 95 пайыз жайылымға шөп шықпай, жауын-шашын мүлдем болмаған. Оның үстіне, теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайды, – деді Мархабат Жайымбетов де­путаттық сауа­лында.

Түйін.

Иә, балық бағасы шарықтап кету себебін жан-жақтан іздеп көрдік. Айтпақшы, уылдырықтан пайда болған 100 пайыз балықтың тек 10 пайызы ғана 1 келі салмаққа жетеді. Қалған оннан тоғыз бөлігі жыртқышқа жем болады немесе басқа жағдайларда құриды. Ал сол балық 1 келі салмаққа жету үшін кемінде 4-5 жыл уақыт керек екен. Бұл ретте мәселе шаш етектен. Дегенмен түйінін айту көзі қарақты оқырманның өз еншісінде. Сіз не дейсіз?!

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: