Шағым неге көбейді?
Қазақстандықтар мобильді байланыс тарифтерінің қымбаттауына шағымдана бастады. 2024 жылы ұялы байланыс қызметтері 20%-ға қымбаттаған болатын. Өткен жылы соңында Цифрлық даму министрлігі тарифтердің өсуін уақытша тоқтатқанымен, биыл басынан бастап бірқатар ұялы байланыс операторлары өз қызметтерінің бағасын көтеретінін мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, байланыс операторлары тарифтердің қымбаттауы туралы министрлікке ресми түрде хабардар етпейді. Тек қана желтоқсан айында Kcell компаниясы тарифтердің қымбаттатпайтынын жариялаған кезде тарифтік саясатқа қатысты мәселелер Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе (МЦРИАП) талқыланғанын мәлімдеді.
Баға неге қымбаттайды?
2024 жылдың шілде айында Қазақстанда ұялы байланыс қызметі 11,5%-ға, ал интернет тарифі 6,8%-ға өсті. Сарапшылар бұл өсімді бірнеше негізгі факторлармен байланыстырады. Біріншіден, интернетке деген сұраныстың артуы инфрақұрылымды жаңарту мен кеңейтуді қажет етеді. Бұл өз кезегінде байланыс операторлары үшін қосымша қаржылық шығындарға алып келеді. Екіншіден, елдегі инфляция деңгейінің жоғарылауы мен ұлттық валютаның құнсыздануы да бағаның өсуіне әсер етуде. Экономикалық тұрақсыздық жағдайында байланыс операторлары қызмет көрсету шығындарын қайта қарауға мәжбүр. Сондай-ақ сарапшылар интернет пен ұялы байланыс тарифтерінің қымбаттауын энергетикалық шығындардың артуымен байланыстырады. Электр энергиясы бағасының көтерілуі телекоммуникациялық инфрақұрылымды қолдау шығындарының өсуіне алып келеді, бұл түптеп келгенде абоненттік төлемдердің қымбаттауына әсер етеді. Байланыс қызметтерінің бағасы алдағы уақытта да өсуі мүмкін екені айтылып отыр. Қазіргі таңда Қазақстандағы Beeline, Kcell, Tele2, Altel және IZI секілді байланыс операторлары өз тарифтік жоспарларына өзгерістер енгізіп, жаңа баға саясатын қарастыруда.
Тариф өзгереді, сапа ше?
Елімізде интернет пен ұялы байланыс қызметтерін Beeline, Kcell, Tele2, Altel және IZI сияқты операторлар ұсынады. Егер тиісті министрлік абоненттік төлемдердің өзгерістері туралы білмесе, 2025 жылдың ақпан айында тарифтердің қымбаттауы мүмкін бе деген сұрақ туындайды.
Beeline ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, компания 10 түрлі тариф бойынша бағаның көтерілгенін хабарлады. 2025 жылдың 15 ақпанынан бастап абоненттік төлемдер өзгерді, ал байланыс қызметтерінің құны әр тариф бойынша 1000 теңгеге дейін қымбаттады.
Сондай-ақ Kcell компаниясы 23 тарифтік жоспар бойынша өзгерістер енгізілгенін жариялады. Жаңа тарифтер бойынша абоненттік төлемдер 300-ден 700 теңгеге дейін қымбаттады. Бұл өзгерістер 2025 жылдың 26 ақпанынан бастап күшіне енеді.
Tele2 операторында да 11 ақпаннан бастап абоненттік төлемдердің қымбаттағаны белгілі болды. Компанияның мәлімдемесіне сүйенсек, 5 тарифтік жоспар бойынша төлемдер дәл 1000 теңгеге өседі.
Ұялы байланыс пен интернет қызметтерінің қымбаттауы халықтың күнделікті шығынын арттырып қана қоймай, жалпы цифрлық қызметтерге қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін. Болашақта үкімет пен байланыс операторлары бағаның тұрақтануына қатысты қандай қадамдар жасайтыны әзірге белгісіз. Бірақ сарапшылар тарифтердің қымбаттауы жалғасуы мүмкін екенін ескертеді.
Интернеттің қымбаттауы ел экономикасына қалай әсер етеді?
Қазақстанда интернет тарифтерінің қымбаттауы ел экономикасына айтарлықтай ықпал етуде. Бұл өзгеріс бірнеше маңызды салаға әсерін тигізіп жатыр. Интернеттің қолжетімділігі мен бағасы электрондық сауданың қарқынына тікелей ықпал етеді. 2020 жылы Қазақстанда электрондық сауда нарығының көлемі 20 есе артқан. Алайда интернет бағасының өсуі бұл саланың дамуын тежеп, онлайн бизнес жүргізуді қиындатуы мүмкін. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер үшін қосымша шығындар туғызып, тұтынушылардың интернет-дүкендерге деген сұранысын төмендетуі ықтимал. Көптеген шағын және орта кәсіп иелері өз қызметін интернет арқылы жүргізеді. Тарифтердің өсуі олардың операциялық шығындарын арттырып, табыс көлеміне кері әсер етуі мүмкін. Бұл әсіресе цифрлық маркетинг, онлайн қызметтер мен IT секторына үлкен соққы болып тиеді. Интернет бағасының қымбаттауы ауылдық және қалалық аймақтар арасындағы цифрлық алшақтықты күшейтуі мүмкін. Қазіргі таңда шалғайдағы ауыл тұрғындарының интернетке қолжетімділігі қала тұрғындарымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Егер интернет бағасы одан әрі өссе, ауыл тұрғындары үшін онлайн білім алу, қашықтан жұмыс істеу және басқа да цифрлық мүмкіндіктерге кедергі болуы мүмкін. Интернет бағасының өсуі Қазақстан экономикасының түрлі салаларына кері әсерін тигізіп қана қоймай, халықтың күнделікті өміріне де ықпал етуде. Дегенмен мемлекет тарапынан қолға алынған жобалар интернет сапасын жақсартып, оның экономикаға оң ықпалын арттыруға мүмкіндік береді.
София Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!