Жексенбі, 24 қараша, 20:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мопед мазаны алды

16.07.2024

621 0

Сурет: buygiroscooter.ru

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы мопед тізгіндегендер 750 жол-көлік оқиғасына себеп болған. Салдарынан 39 адам көз жұмып, 730 азамат зардап шекті. Биылдың өзінде 170-тен астам апат болып, 1 адам жан тапсырған. Міне, осы себептен мопед қозғалысын реттеу күн тәртібіне көтеріліп, заң шеңберінде шешу міндеті туындап отыр.

Қазақстан «Жол жүрісі туралы» заң бар. Негізгі жол қозғалысы осы құжат негізінде әзірленеді. Жыл сайын жаңа талап қосылып, қоғам сұранысына сай қағида қос әдетке айналғандай. Мысалы, өткен жылы ғана электр скутерлерді міну ережелерін қарастыратын түзету күшіне енген бола­тын. Атап айтқанда, құжатта электр ску­терлердің жол бойындағы жылдамдығы сағатына 25 шақырым жылдамдықтан, тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолында сағатына 6 шақырым жылдамдықтан аспауы белгіленгені бар.

Соңғы өзгеріс не дейді?

Биыл аталған бағытта құқықтық үстемдік артты десек болады. Себебі мамыр айының 15-нен бастап елімізде мопед жүргізушілеріне аталған қозғалыс құралдарын заңдастыруға жарты жыл уақыт беріледі. Көлікке ие болған 6 айдың ішінде мопед иелері оны есепке қойып, А1 санаты бар жүргізуші куәлігін алуы тиіс. Сәуір айында Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Заң жобасында көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылды. Бұл мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді.

Осылайша, бұрын санатта жоқ мопед мінгендерге енді «жол қозғалысының толық қатысушысы» деген айқындама берілді. Ол үшін мопед иелері көліктерін уәкілетті органдарда тіркетіп, жыл сайын техникалық байқаудан өткізуге міндетті. Сондай-ақ жүргізуші міндетті сақтандыруды рәсімдеуге тиіс. Бұл жауапкершілікті арттыруға әрі жол-көлік оқиғасын азайтуға сеп болмақ.

«Заңға сәйкес, мотоцикл, скутер, трицикл, квадроцикл және мопед иелері «А1» және «А» жүргізуші куәлігін алуы міндеттеледі. 125 куб.см көлемінен жоғары қозғалтқыш болса, «А» деңгейіндегі куәлік алуы тиіс. Заң бойынша «А1» деңгейін 16 жасқа толғандар, ал «А» деңгейін 18 жасқа толғандар ала алады. Жүргізуші куәлігі бар жүргізушілер де жүргізушілер дайындайтын бөлімшелерден сабақ алуы тиіс. Сондай-ақ полиция әкімшілік бөлімшелеріне сәйкес келетін теориялық және практикалық емтихан тапсыруы керек», – делінген ҚР ІІ хабарламада.

Айта кетейік, жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санаты автоматты түрде беріледі. Бұдан өзге қозғалтқышы бар велосипед ұғымы енгізіледі. Яғни қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тыйым салынады.

Нөмір, тексеріс, талап

Талаптың жалғасы тағы бар. Енді мопедтер тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндетелмек. Бұл жол-көлік оқиғасы кезінде кінәліні анықтауға, ереже бұзғандарға айыппұл салуға көмегі зор. Бұған дейін ен-таңбасыз жүрген мопедтер жол ережесін бұзып, нөмірсіз жүргендіктен кінәліні табу қиын-тұғын. Есте болса, шетелдік нөмір таққан көліктер камераға түспегендіктен ереже бұзуы жиіліп кеткен еді. Ал еш жерде тіркелмеген, нөмірі жоқ мопедтердің автожолда асыр салуына ешкім кедергі болмай тұр әзір. Біреуді қағып кетсе де оқиға орнына тұра қашады. Сондықтан мұндай тәжірибенің берері мол.

Заңдағы талапта 50 кубтық мопедтерге басымдық беру тегін емес. Себебі елге келетін мопедтердің басым бөлігі ҚХР зауыттарынан тасымалданады. Барлығы дерлік бір өлшемде, қуаттылығы шамалас. Елдегі мопедтердің барлығын бақылау үшін аталған ерекшелікті ережеге енгізсе болғаны.

– Мопед жүргізгеніме 2 жылға жуықтады. Қазір екінің бірі арзан мопедтерді алып жұмысқа қатынайды немесе қала ішінде қыдырады. Бұрын тек үлкендер ғана тізгіндейтін, қазір кәмелетке толмаған балалар да мопедпен жүреді. Ереже білмегендіктен қаза тауып жатқаны қаншама. Бұл орайда жол жүру куәлігін талап ету, нөмір алу дұрыс деп санаймын, – дейді қала тұрғыны Жанболат Ақназар.

Мопедтегілердің міндетін күшейту бір бөлек, көлік құралының қауіпсіздігін бақылау басқа. Жаңа көлік түрін иеленгендер енді жыл сайын техникалық байқаудан өтіп, сақтандыру полисін де рәсімдеуі шарт. Дайындыққа жарты жыл беріледі. Сондай-ақ көліктерді техникалық байқаудан өткізетін ұйымдарға талап та күшейеді.

«Көліктердің габариттері мен салмағы бөлігінде жолдардағы цифрлық жүйелермен ереже бұзуды автоматты түрде тіркеу тәртібі өзгеріп жатыр. Жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне, көлік жүргізушілерін оқытуға қатысты бірқатар қосымша талап енгізіледі. Осы және басқа да бірқатар ұсыныс заңның редакциясын жақсартады және заң жобасының мазмұнын толықтырады», – деді мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

90 пайызы – курьер

Ресми дерек рас айтады. Шынында, мегаполис тұрмақ, облыс орталығында жүрген мопед иелерінің көбі – жеткізу қызметінде жұмыс істейтіндер. Демек, мопед тізгіндегендердің 90 пайызы курьер. Жастар автокөлік алуға жағдайы болмағаннан кейін мопедтер, скутер секілді қолжетімді шешімге жүгінеді. Сондай-ақ кептеліс уақытында жұмыстарына тез барып келеді. Үйлеріне тез қайтуға таптырмас амал. Содан болар, мысалы, Алматы көшелерінде 20 мыңға жуық азамат көліктің осы түрін күнделікті пайдаланады. Көбі – тағы сол курьерлер, кәсіпкерлер, студенттер.

Әрине, айтары жоқ, еппен жүріп, өзін ғана емес, отбасын асырап жүрген жастар да баршылық. Дегенмен автокөлік жүргізушілері мопедшілерге қатысты наразылығын азайтқан жоқ. Айтуларынша, мопедтер қолтық астынан суырып алғандай шыға келгенде тежегіш басып та, маневр жасап та үлгермейді. Осындай тырылдақ мінгендерге қатысты наразылықтардан кейін Үкімет оларға қатысты заңдық-құқықтық талаптарды күшейтуге көшкен.

– Көп қалада кептеліс, сондықтан мопедпен жұмыс істеген тиімді. Мен басында машинамен жеткізу қызметін атқардым, кептелісте тұрып, тапсырыс кешігуші еді. Сол үшін мопедке ауыстым. Жасыратыны жоқ, заңбұзушылық көп болады. Мопед мінгендер көбіне жылдамдықты арттырады. Бағдаршамға бағынбайды. Қарсы бағытқа шығып кетеді. Салдарынан түрлі жол апаттары орын алады. Мұның барлығы тапсырысты тез жеткізу үшін болады, – деді  Жанболат Ақназар.

Сала мамандарының айтуынша, дәл қазір мопед жүргізушілеріне жаппай тіркеуден өтудің қажеті жоқ. Заң күшіне енген соң ол рәсімге жеткілікті уақыт беріледі. Бұл дүрбелең тудырмаудың жолы екен.

– Егер бұл талаптарды қысқа мерзімде қолданысқа енгізетін болсақ, бір күнде ұзын-сонар кезек пайда болады. Сол себепті тіркеуге тұру үшін белгілі уақыт беріледі. Осы маусымда қолданыстағы заңнама күшінде болады. Ал келесі жылы жаздың басында жаңа заң қолданысқа еніп, жолдарда тіркеу нөмірі бар мопедтер ғана пайда болады. Қазір мопедтердің нақты саны белгісіз. Бейресми дерекке сүйенсек, 50 мыңға жуық осындай көлік құралы болуы мүмкін, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Жаяу жүргіншінің құқы қайсы?

Жаңа заңды талқылау күшейгелі жаяу жүргіншінің, әсіресе мопед жүргізу­шілерінен зардап шеккен азаматтардың құқы туралы айтыла бастады. Бұл тақырыпта заңгер Думан Көпбаевтың БАҚ-қа берген мәліметі толыққанды жауап алуға жарайтын секілді. Жаңа қабылданатын заң бойынша мопед жүргізушілері механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне ұқсас жауапкершілікке тартылады. Яғни ӘҚБтК-ге  сәйкес «толыққанды» жүргізуші ретінде айыппұл салынады.

– Егер бұрын жол ережесін бұзғаны үшін мопед жүргізушілері жол қозғалы­сының өзге қатысушылары сияқты ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша жауапкершілікке тартылса, осы нормалар қабылданғаннан кейін мопед жүргізу­шісі жауаптылықтың барлық спектрін көтереді. Сондай-ақ механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне теңестіріледі. Мысалы, бағдаршамның тыйым салушы сигналына жол жүргені үшін мопед жүргізушісіне 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Мас күйiндегi жүргiзушiлердiң мопедтердi жүргiзгенi үшiн жауапкершілік күшейедi. Қазір мопедті мас күйінде басқару ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады», – дейді Думан Көпбаев.

Заңгердің айтуынша, егер жаяу жүргіншіні мопедпен қағып кетсе және ол зиянды өтеуден бас тартса, азамат сотқа жүгінуге құқылы. ҚР АК-нің 931-бабына сәйкес жол ережесін бұзған тұлға келтірілген зиянды өтеуге міндетті екен.

Мопед жыл бойы жүруге жарайтын көлік емес. Жаз мезгілінде ғана қозғалысқа қолайлы. Алайда маусым сайын келеңсіздікпен оралатын көлікті бақылау, жүргізуші жауапкершілігін арттыру аса маңызды. Бұл адам өмірінің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің үстемдік құруы үшін керек-ақ. Жаңа заңның негізгі міндеті де осы.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: