Жұма, 08 қараша, 22:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

Берекелі күздің молшылық мерекесі

12.10.2024

491 0

Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген шаруалардың ала жаздайғы еңбегі еленіп, құрмет төріне шығар «Алтын күз» салтанатты шарасы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, сала озаттарын марапаттады. Қала, аудан әкімдері, сала ардагерлері, еңбек озаттары, басқарма басшылары мен шаруашылық өкілдері де қадірлі кештің мейманы болды.
Биылғы күз мерекесінің орны бөлек, қос тойы қабат келер қазақы дәстүрмен «Алтын күз» салтанатты жиынында Қызылорда облысының Орман шаруашылығының құрылғанына 90 жыл толуы да ерекше аталып өтті.
Өнер орталығында өткен жиыннан мерекелік нышан айқын сезіледі. Келген меймандар алдымен Сыр өнерпаздарының өнерімен, ұлттық аспап домбыра мен қобыздан төгілген әсем әуенмен ерекше күйге бөленді. Мұнда қойылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі де аймақтың абыройын асырып тұр. Ал сахна төріндегі Сыр өнерпаздарының өнерімен кештің ажары кіріп, сән-салтанаты арта түсті.
Айта кетейік, аймақ жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында толағай табыстарға қол жеткізуде. Биыл өңірде 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, Сырдың символына айналған ақ күріштің алқабы 85,6 мың гектарға жеткен. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биыл дихандар су тапшылығын сезінген жоқ. Шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді.
Сырдың ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің түрлі мемлекеттеріне экспортталып жатыр. Биыл бұл көрсеткіш 36,9 млн тоннаға жетіп, 20 млн долларға бағаланды. Әлемнің 16 мемлекетіне жіберілді. Ал инвестжобалардың жол картасына сәйкес, аймақта алдағы жылдары 64 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске аспақ. Бүгінде 7 инвестжоба өз нәтижесін беруде. Мінберде сөз алған аймақ басшысы өңірде атқарылып жатқан осындай тың бастамалар мен ел экономикасын арттыру бағытындағы қадамдарға тоқталды.
Мерекелік шара аясында облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан үздіктерді ҚР Премьер-Министрінің «Алғыс хатымен», ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек Ардагері» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен марапаттады. Саланы ақпараттандыруда озат атанғандар қатарында Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев «Озат газет тілшісі» атанса, «Qyzylorda» телеарнасының редакторы Дәулет Сағит «Озат теледидар тілшісі» марапатына ие болды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласы «Торғай» шаруа қожалығының төрағасы Арыстан Омаров «Еңбек ардагері» медальін иеленді.
Қызылорда қаласындағы «Абзал және Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сапа бөлімінің басшысы Несіпбала Сиқымова мен Қызылорда қалалық ветеринариялық станциясының директоры Нұрлан Төлегеновке «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Қызылорда қаласындағы «Aray Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасының орынбасары Мұрат Айменов облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Биыл аймақтағы орман шаруашылығының құрылғанына – 90 жыл. Бұл атаулы мерейтой салтанатты жиыннан шет қалған жоқ. Озат орманшылар да құрмет төріне шықты. «Еңбек сіңірген орман өсіруші» атағы сала ардагерлері Роза Балтаева мен Нұрмағамбет Төлеғұловқа табыс етілді. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесінің орманшысы Слам Сапаровқа І дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі, Қызылорда орман шаруашылығы мекемесінің орман шебері Ерлан Сақтапбергеновке ІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі берілді.
Мал шаруашылығындағы өсім де айтарлықтай. Есепті кезеңде мал басы мүйізді ірі қара 36,6 пайызға өссе, қой мен ешкінің саны 22,3 пайызға көбейген. Жылқы – 0,1 пайызға, түйе – 4,3 пайызға, ал құс 7,7 пайызға артты. Мұның барлығы бейнетті кәсіптің бел ортасында уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген еңбек адамдарының арқасы екені даусыз. Құрмет төрінен бұл саладағы озаттарға да орын ұсынылды. «Озат жылқышы» номинациясы қаладағы «Искендир» шаруа қожалығының жылқышысы Ескендір Арыстанбековке табысталды. Ол Қамбар ата төлінің 100 аналығынан 80 құлын алу бағытында еңбектенді. Сонымен қатар, Қызылөзек ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Мұрат Сарманов «Озат ветеринар» атанды. Сала озаттарының қатарында «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігінің комбайнері Ғани Мырзахметов науқан кезінде 300 тонна астық бастырып, «Озат комбайнер» атанды.
Сондай-ақ, «Абзал и К» ТС, «Таң ЛТД» ЖШС, «Ақжар» ШҚ, «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен шаруа қожалықтарындағы озат еңбеккерлерге 12 автокөлік табысталды. Шара барысында «Үздік аудан» номинациясымен Жалағаш ауданының әкімі Ибраимов Ардақ Әбдіғаппарұлы марапатталды. Қармақшы, Қазалы және Жаңақорған аудандары «Озат аудан» номинациясын иеленді. Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша Сырдария ауданының әкімі Берік Әбдіғаппарұлы, су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы, балық шаруашылығы саласы бойынша Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлына да осы номинация табысталды.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: