Сенбі, 21 желтоқсан, 16:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

 «Біз өз қолымызбен қаладық, иығымызбен көтердік, қол жаймадық…»

12.03.2024

677 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Биыл қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыққанына отыз жыл. Сыр өңіріндегі алғашқы жекеменшік басылым ретінде жарық көріп, алғашқы жылдардан-ақ жұрт іздеп оқитын газетке айналған еді. Аудиториясы жас талғамайтын, түрлі тақырыпқа қалам тартқан, аға буын да, жастар жағы да жазған-сызғанын алып, «Ақмешіт апталығы» газетінің редакциясын жиі үйірсектегені басылымның ә дегеннен ел көңілінін шыққанын байқатса керек. Алғашқы жылдардан бастап басылымда ұлт мәселесін арқау еткен өзекті мәселелер де, жастар жайы, қоғамның үнін дөп басқан тақырыптар жүйелі жазылды. Әсіресе тіл тазалығы, ұлттың тарихы мен өнерін насихаттаған басылымның жарыққа шыққан күннен бастап көтерер жүгі жеңіл болған жоқ. Газеттің іргесін қалаған, әрі алғашқы редакторы Әділхан Бәймен бастап, Аманжол Сақыпұлы, Дүйсенбек Аяшұлы, Әділ Ботпанов секілді талантты жастармен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел еңсесін тіктемеген қиын уақытта өз күштерімен газет шығаруы ерлікпен пара-пар іс еді десек артық айтқандық емес. Сол жылдардан бері басылым талай кезеңді бастан өткерді. 2004 жылы газеттің бас редакторы Ә.Бәймен дүниеден озғаннан кейін газет жайы қалай болар екен деген сауал шығармашылық ұжымның ғана емес, оқырманның көкейіндегі де сауал болатын. Дегенмен газет жабылмады. «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шығуына тер төккен, іргесін бірге қаласқан шәкірттері басылымды сақтап қалды. Газеттің тағдыры қыл үстінде тұрғанда сақтап қалған Аманжол Сақыпұлының 2005 жылы жарияланған «Әдекең жаққан от сөнбейді» атты мақаласынан шәкірттерінің ұстаз аманатына адалдық танытқаны сезіледі. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп жатамыз. Тұл қалған адамың Әдекең емес. Бүгінгі күні алды елуге таяған жорналшы қауымнан бастап Әдекеңді ұстаз санайтындар легі жетіп артылады. Кешегі күні газет Әдекеңсіз қалған тұста аға аманатын жалғастыруды жөн санаған болатынбыз. Осы мақсатты иыққа артқан соң бүгін де тәуекелге бел буып отырмыз. Мақсат Әдекең жаққан от сөнбесін, Әдекең шығарған газет жойылмасын, асыл ағаның көзі болып оқырманымен қауыша берсін», – деп жазады. Ұстаз жаққан отты шәкірттері өшірмеді. Одан кейін де талай белестерді бағындырып, бір жылдары қалалық әкімдіктің газетіне айналып, шаһардың тыныс-тіршілігінен хабар таратқан «Ақмешіт апталығы» 2014 жылдан бері «Сыр медиа» ЖШС қарамағында аптасына екі рет жарыққа шығып келеді.

Басылым тарихында бүгінгі күнге дейін он редактор қызмет етіпті. Газеттің тұңғыш редакторы Әділхан Бәймен ағамыздан кейін газет тізгінін қолға алған Нұрлан Көбегенұлы, Нұржан Нұрмаханов, Нағымжан Сауяев, Мұрат Жетпісбаев, Кенжалы Ерімбетов, Дүйсенбек Аяшұлы, Әділжан Үмбетов, Қаныбек Әбдуов, Азиз Батырбеков басылымның мазмұнын байытып, газеттің сапасын арттыруға тер төкті.

Басылымның мерейлі жылында, қасиетті рамазан айының алғашқы күнінде ағалар салған жолды жалғастыру жауапкершілігі маған жүктелді. «Ақмешіт апталығы» газеті мен үшін бөтен емес. Журналистикаға қадам басқан шағымызда шимай-шатпағымызды түзеп, жарыққа шығарған, есімімізді елге танытқан осы басылым еді. Бүгінгі күнге дейін де бас редактордың орынбасары ретінде осы ұжымда еңбек етіп, оқырманға сапалы дүние ұсынуға үлес қосып келеміз. Ал газет тізгінін ұстау жауапкершілік жүгін еселей түсті. Ең алдымен бізге сенім артып, газетке жазылған оқырман алдында жауапты екенімізді әркез естен шығармай, алдағы күнде де сапалы дүние ұсынуға қызмет ете бермекпіз. Қазақта «арық сөйлеп, семіз шық» деген жақсы сөз бар. Жұмыс нәтижесі уақыт еншісінде. Бір айтатыны, әр газет шығарған сайын аға буынның естелігіндегі мына жолдар есімізге түседі. «Біз өз қолымызбен қаладық, иығымызбен көтердік, қол жаймадық…» деп оқырманға сыр ақтарғаны бар. Бұл мазмұнды газет шығару жолында ауыр жүк арқалаған ағалардың кейінгі буынға аманатындай әсер етті, намысымызды қамшылай түскендей.

 Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: