Бейсенбі, 13 маусым, 09:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

Әртараптандыру күріш көлемін азайту ғана емес

14.05.2024

338 0

Сурет:aikyn.kz

Орталық Азиядағы су тапшылығы жыл сайын күрделенуде. Әсіресе, егін маусымы кезінде мәселе ушығатыны айтпаса да түсінікті. Бүгінде олқылықтың бастауын бір-біріне сілтеген басшылық пен қиюын келістіре алмаған мемлекетаралық жиындар істің бүгін-ертең бір қалыпқа түспейтінін тағы көрсетіп отыр. Әрине, су басқан кезеңде су тапшылығы орын алуы ықтимал деген қисынсыз көрінуі мүмкін, алайда сарапшылар оңтүстік өңірдегі диқанның жазғы ахуалы мәз болмайтын күні бұрын болжауда.
Бұл келеңсіздікті шешу мақсатында бірнеше шешім ұсынылғаны бұрыннан белгілі. Алдымен су жүйесін реттеу үшін арнайы министрлік құрылса, кейін егін алқабын әртараптандыру жалғасын тапты. Аграрлық секторда арнайы меже белгіленіп, әр дақылдың үлес салмағы да сараланған. Мұндай қадам әлемдік экономикалық өзгеріс пен экологиялық жағдайға қарай жасалғаны байқалады.
Мысалы, жыл басында ауыл шаруашылығы министрлігі оңтүстік өңірлер үшін күріш алқаптарын қысқарту бойынша индикативтер әзірледі. Биыл егіс көлемін 6 мың гектарға және алдағы 5 жыл ішінде 21 мың гектарға қысқарту міндеті тұр. Осындай өзгеріс мақта өсіру бойынша да қолға алынбақ. Нәтижесінде шамамен 1,4 млрд текше метр су үнемделеді деген болжам бар.

Бидайды да байыптап
еккен жөн…

Статистика мәліметіне сүйенсек, елдегі астық егетін өңірлерлегі негізгі монокультура – бидай. Азық-түлік қауіпсіздігі үшін аталған дақылдың бітік шығуы керек-ақ, алайда сарапшылар агро сектордағы негізгі басымдықты бидайға беруге қарсы. Себебі әлемдік нарықтардағы баға күнде құбылады. Ала жаздай еккен бидай құны түссе, шаруалардың бар еңбегі далаға кетпек. Міне, осы олқылықты болдырмау үшін де әртараптандыру саясатын жүйелі жүргізу маңызды. Әсіресе, мұның ауыспалы егістердің сақталуын қамтамасыз ету, топырақтың жай-күйін бақылауға көмегі зор.
Есте болса, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі егін науқанына байланысты өткен Үкімет отырысында тақырыпқа қатысты тың ақпарат бөліскен болатын. Айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мәселелері ерекше бақылауға алынған. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарға жетіпті. Ал мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 426 мың гектарға қысқарып, 13,3 млн гектарды құраған.
– Біздің фермерлермен және әкімдіктермен бірлескен міндетіміз – егіс алқаптарының құрылымын нақты әртараптандыру: 2028 жылға қарай бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқаруы тиіс, бірақ өнімділікті арттыру шараларын қабылдау кезінде жалпы алым төмендемеуі тиіс», – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Күріш кеміді

Су ресурстары мәселесі күрішке де әсер ететіні түсінікті. Әртараптандыру бағадарламаларында аталған дақыл бидаймен қатар аталады. Сондықтан болар, биыл аймақ диқандары Сыр салысының көлемін қысқартып, суды аз қажет ететін дақылдарды егуге бел буған. Осылайша, көктемде 187 мың гектар аумаққа егілген ауыл шаруашылығы дақылының 83,9 мың гектары күрішке тиесілі.
Жалпы, биылғы көктемгі егісіне облыс бойынша 21,3 мың тонна күріш тұқымы дайын. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы құрылымдары арқылы науқанға 938 тонна жаздық бидай, 736 тонна күздік бидай, 48,9 тонна арпа, 10,8 тонна тары, 67,6 тонна дәндік жүгері, 5,6 тонна күнбағыс, 108,5 тонна мақсары, 13,5 тонна соя, 21,8 тонна сүрлемдік жүгері және 298 тонна жоңышқа тұқымы құйылған.
Есте болса, жыл басында су ресурстары мәселесіне қатысты көшпелі отырыс өтті. Жиында аймақ басшысы алдағы 5 жылда алқаптарды әртараптандыру мақсатында күріш егісінің көлемін 16,8 мың гектарға дейін азайту көзделгенін атаған болатын. Бұл биылғы егін көлеміне айтарлықтай әсер етпесе де, облыстың аграрлық саласы түрленетінін көрсетті. Әсіресе, су үнемдейтін озық технологияны енгізуді жеделдету ерекше айтылғаны бар.
– Мемлекет басшысы су тапшылығы жылдан-жылға күрделі мәселеге айналып барады. Сондықтан егіс алқаптарын әртараптандыру үшін негізгі дақыл – күріш көлемін біртіндеп тұрақтандырып, суды аз қажет ететін майлыдақылдар, жемшөп және бақша дақылдары егісін көбейтуіміз қажет. Жыл сайын ауыл шаруашылығы құрылымдары күріш көлемін ұлғайтудан бас тартпай, әртараптандыруға мән бермей келеді. Биыл оған жол берілмеуі керек. Себебі біз алдағы 5 жылда күріш алқаптарын 89 мың гектардан 72,2 мың гектарға дейін қысқартамыз. Орнына майлы дақылдар егісін 5,8 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 78 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемін 23,4 мың гектарға жеткізу жоспарлануда, – деді аймақ басшысы.
Саладағы салмақты жаңалықтың бірі – жаңа технология. Бүгінде Сыр өңірі суды үнемдейтін озық технологияны енгізуді жеделдетті. Алдағы 5 жылда жаңа технология арқылы егілетін егіс көлемі 24,2 мың гектарға жетпек. Қазірдің өзінде 9 мың гектарға жүгері және мал азықтық дақылдар егу бағытында инвестициялық жобалар белгіленуде. Қала және аудан әкімдеріне осы жобаларды сүйемелдеу тапсырылған.

Қандай дақыл көбейеді?

Әртараптандыру азайту емес. Суды көп қажет ететін дақыл көлемі азайғанымен, саладағы ауқым кемімейді. Оған мысал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойды. Бұрын назардан тыс қалған ауыл шаруашылығы өнімдеріне басымдық берілмек. Әрине, әр өңірдің климаттық, өндірістік әлеуеті ескеріліп, жоба жасау әлі де өзекті.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров науқан басталмай тұрып қандай дақыл көлемі артатынын жеткізген болатын. Ол Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және азықтық дақылға басымдық берілетінін айтты.
– 5 жыл ішінде қарақұмық сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдарды 50 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Майлы дақылдарды 2028 жылға қарай 3,7 млн гектарға дейін жеткізу қажет, бұл өнімділіктің артуы есебінен ішкі нарықты қамтамасыз етеді және экспорттық әлеуетті толық көлемде іске асырады.
Сонымен қатар алдағы уақытта қант қызылшасы алқабын 27 мың гектарға арттыру көзделген. Бұл қантпен қамтамасыз ету деңгейін 6 пайыздан 45 пайызға арттырады. Сондай-ақ басқа да әлеуметтік маңызды дақылдар алаңдарын ұлғайту жоспарлары да қойылды, – деді министр.

Диқанның
дайындығы қалай?

Талап пен тапсырма толастамайды. Алайда айтылған межені орындауға диқанның жағдайы келе ме? Олай дейтініміз, жыл сайын су мен несие, тыңайтқыш пен техника мәселесі шаруаларды әбігерге түсіретін. Агросектор үшін негізгі ресурстардың бірі – минералды тыңайтқыштар. Бұл олқылықтар биыл да қайталанса, әртараптандыру әріге бармайтыны белгілі.
Үкімет пен жергілікті билік болса барлық кедергі жойылады деп сендіруде. Тыңайтқышпен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несие беру, техникаға арналған бағдарлама санын ұлғайту қолға алынған. Ал су мәселесін шешу үшін халықаралық ұйымдар мен көрші елдермен мәміле жүруде. 2024 жылы Халықаралық аралды құтқару қорына Қазақстан төрағалық ететінін ескерсек, бұл бағытта оң өзгеріс орын алатындай.
Тыңайтқыштарды қолдану көлемі әр облыста әртүрлі. Мәселен, өткен жылы егіс алаңы 5,6 млн гектар болатын Қостанай облысы небәрі 54 мың тонна тыңайтқыш пайдаланды. Ал егіс алқабы Қостанайға қарағанда 1,2 млн гектарға аз Солтүстік Қазақстан облысы 190 мың тонна тыңайтқыш қолданды, яғни 3,5 есе көп. Сондықтан аталған бағытта өңір ерекшелігіне назар аудармасқа болмайды.
Аймақта ше? Облыста тыңайтқышпен қамту ісі жүйелі жүруде. Биылғы егістікке қажетті тыңайтқыштың 84,4 пайызы сатып алынған. Дала жұмыстарына 3 799 техника жұмылдырылуда. Яғни ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникалары толықтай жөндеуден өткізіліп, тиісті мақсатта пайдаланылып жатыр. Сонымен қатар биылға құны 9,3 млрд теңгені құрайтын қосымша 253 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Егістік науқанына қажетті машина-трактор паркі 4,5 пайызға жаңартылған деген сөз.
Жанар-жағармай жеткілікті. Науқан барысында егін егу және дала жұмыстарын жүргізуге 12,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті. Сала басшылары бұл тұрғыда ешқандай қиындық болмайтынын баса айтуда.

Несиенің жайы да шешілмек

Министрлік жоспарына сәйкес, жыл сайын көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарына 1,5 трлн теңге жеңілдетілген несие бөлінбек. Қаражат қажеттілікті толық қамтамасыз етуге бағытталып, негізгі мәселені шешуге септесетін болады. Мәселен, 450 млрд теңге 8-10% деңгейінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жөніндегі тапсырманы орындау мақсатында жеңілдетілген лизингке бағытталады. Ал 800 млрд теңге инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ. Бүгінгі таңда қаржыландыру көздері пысықталуда.
Осы орайда көп диқанның уайымына айналған несие мөлшерлемесін айта кеткен жөн. Ауыл шаруашылығы министрінің өзі аталған тақырыпты талдап, тиімді қадам жасауға жол ашылғанын жеткізген болатын.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бір цифрлық платформада АӨК субъектілеріне жеңілдетілген несие беру және субсидиялау қызметтерін біріктіру бойынша жұмыс жүргізбек. Нәтижесінде субсидияларды Аграрлық несие корпорациясына тікелей аудару жоспарланып отыр. Осылайша, фермерге несие беру мөлшерлемесі субсидиялар кешіктірілген кезде өзгермей, әрқашан жеңілдетілген түрде қалады. Бұл сондай-ақ сала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, өйткені субсидия алушы мен мемлекеттік органның тікелей байланысы болмайды, – деді сала министрі.
P.S. Әртараптандыру – ауыл шаруашылығындағы өзгеріс ғана емес, әлеуметтік-экономикалық жаңа кезеңге бастайтын бағыт. Байқасақ, дәстүрлі егін егу әдісі мен бағдарламасынан ауытқымау пайда әкелмейтінін әлем елдері күні бұрын сезген. Саладағы технологиялық жаңалықтың ұлғаюы осы түсініктен туындауда. Сондықтан мемлекет ғаламдық үрдіс, нарық талабын ескеруі орынды.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: