Қазақстанның еңбек нарығында «жабық тақырып» саналатын жұмыс орнындағы қысым мен тиісу ресми заңнамалық деңгейде шешімін таппақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, тиісті заң жобасы 2026 жылдың күзінде Парламент қарауына түседі.
Көпшілік үшін «харассмент» сөзі әлі де жат көрінуі мүмкін, бірақ оның артында мыңдаған адамның тағдыры тұр. Күнделікті жұмыс орнындағы жағымсыз пікірлер, шектен шыққан тиісулер немесе басшылық тарапынан болатын лауазымдық қысымдар біздің қоғамда «қалыпты жағдай» ретінде қабылданып келді. Себебі, қолданыстағы заңда мұндай әрекеттерді тыятын нақты тетік болмады. Алайда, алдағы күзде Парламентке енетін жаңа заңның арқасында енді әрбір қызметкер жұмыс орнында өзін еркін әрі қауіпсіз сезіне алады. Бұл заң несімен маңызды және ол қазақстандықтардың еңбек жағдайын қалай өзгертпек?
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл заң осы күзде Парламент қарауына енгізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев үкіметте өткен брифингте түпкілікті шешім Парламентте қабылданатынын, заң жобасының өзін биылғы күзде құрылтай қарауына енгізуді жоспарлағанын айтты.
– Бұл түзету Халықаралық еңбек ұйымы ұсынымдары аясында бастама етіп көтерілді. Халықаралық ұйым бірқатар елдерге, соның ішінде Қазақстанға да харассмент ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту жөнінде ұсыныс берді. Заң жобасында, харассмент пен жыныстық сипаттағы қысым ұғымдары нақтыланды. Келеңсіз оқиға анықталған жағдайда жұмыс берушінің жауапкершілігі қарастырылды, – деді Асқарбек Ертаев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев заң жобасы қазір мемлекеттік органдарда келісу сатысында екенін, жұмысты жалғастырып, толықтай заңнамалық деңгейде бекіткенге дейін жеткізетінін мәлімдеді.
– Халықаралық үздік тәжірибелер ескеріледі. Қандай да бір талап енгізілсе, соған сәйкес екінші кезекте әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік те қарастырылады, – деп нақтылады вице-министр.
Біріккен ұлттар ұйымының 2022 жылы ұсынған дерегіне сәйкес, әлемдегі қызметкерлердің шамамен 23%-ы жұмыс орнында зорлық-зомбылыққа немесе жыныстық сипаттағы қысымға тап болады. Алайда Біріккен ұлттар ұйымы бұл көрсеткіш нақты жағдайды толық көрсетпеуі мүмкін. Себебі зардап шеккендердің едәуір бөлігі болған оқиға туралы хабарлауға батылы жетпейді.
Қазіргі заңнамада «харассмент» ұғымының болмауы жұмыс орнындағы қудалау фактілерін құқықтық тұрғыдан бағалауды қиындатуда. Жұмыс орнында қысым көрген адам өз құқығын қорғауға келгенде дәрменсіз күй кешеді. Себебі, полицияға немесе сотқа барғанда «ол маған жағымсыз сөздер айтты» немесе «еркімнен тыс тиісті» деген арыз көбіне «қылмыс құрамының жоқтығынан» жабылып қалады. Қолданыстағы заң физикалық зорлық-зомбылыққа ғана ден қойып, психологиялық және эмоционалдық қысым түрлерін толық қамтымайды.
Көбіне құрбандар жұмысынан айырылып қалудан немесе ұятқа қалудан қорқып, харассмент туралы тіс жармайды. Нақты заңның болмауы мәселені одан сайын күшейтіп отыр. Көбіне харассмент бағынышты қызметкер мен басшы арасында орын алып, заң тетіктері болмаған соң, басшылық бұл жағдайды жеке басының мүддесіне пайдаланады. «Бұл жай ғана қалжың ғой» немесе «сенің жұмысқа қабілетіңді тексердім» деген сылтаулармен жауапкершіліктен қашады.
Заңдағы жаңа өзгеріс әлемдік деңгейдегі ортақ стандарттарға ұмтылу десе де болады. 2019 жылы Халықаралық еңбек ұйымының 187 мүше мемлекеті тарихи келісімге келіп, әрбір адамның зорлық-зомбылық пен қудалаусыз жұмыс істеу құқығын мойындады. Бүгінде әлемнің 120 елінде жұмыстағы жыныстық қудалаудың алдын алуға бағытталған арнайы заңдар жұмыс істеп тұр.
Дегенмен, статистика әлі де көңіл көншітпейді: әлем елдерінің 33%-дан астамында жұмыс орнындағы қудалауға қарсы ешқандай құқықтық тосқауыл жоқ. АҚШ-тың тәжірибесінде харассмент заңсыздық ретінде бағаланады. Сол сияқты Канадада жұмыс орнындағы кез келген жыныстық қудалау түріне тыйым салатын еңбек стандарттарын қабылдаған. Ұлыбританияда жыныстық қудалау 1986 жылы қабылданған. Басқа біреудің қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттер, соның ішінде жағымсыз жыныстық мінез-құлық қудалау болып саналады.
Еуропалық Одақтың ресми директивасы ерлер мен әйелдерге жұмысқа орналасу және мансаптық өсу кезінде тең қарауды талап етеді. Ал жыныстық қудалау заңсыз кемсітушіліктің бір түрі ретінде танылады.
Франция заңының ерекшелігі – жазаның қатаңдығында. Бұл ережелерді бұзғандар 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, қомақты мөлшерде айыппұл төлейді. Мұндай қатаң шаралар жұмыс орнындағы тәртіпті күшейтіп қана қоймай, әрбір қызметкердің жеке шекарасын құрметтеу мәдениетін қалыптастырды.
Халықаралық еңбек ұйымының 2021 жылғы сауалнамасына сәйкес, жұмыспен қамтылғандардың 22,8 пайыздан астамы жұмыста зорлық-зомбылық пен қудалауға, психологиялық немесе жыныстық зорлыққа ұшырағанын хабарлады. Жұмыстағы жыныстық зорлық-зомбылық пен қудалауға келетін болсақ, жұмыспен қамтылған әйелдердің 8,2%-ы жұмыс кезінде мұндай жағдайға тап болғанын хабарлады, ал ерлерде бұл көрсеткіш 5%-ды құрайды.
Eurostat, Еуропалық Одақтың Негізгі құқықтар жөніндегі агенттігі және Еуропалық Гендерлік теңдік институтының 2024 жылғы сауалнамасы ЕО-дағы әйелдердің 30,8%-ы өмірінде жұмыста жыныстық қудалауға ұшырағанын, ал 4,3%-ы сауалнамаға дейінгі 12 айда оны бастан кешіргенін көрсетті. Сондықтан көптеген мемлекет жұмыс орнындағы жыныстық қудалауға қарсы күресті күшейтіп, жаңа құқықтық тетіктерді қолға алуда.
Д.РАХЫМЖАНҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!