«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында халық қалаулыларына жүктелген міндеттердің бірі – тұрғындармен тұрақты кездесіп, елді мекендердегі өзекті мәселелерді көзбен көріп, олардың шешілуіне ықпал ету. Бұл бағытта депуттаттардың ауыл-аймақты аралап, халықпен тікелей тілдесуі тұрғындардың мұң-мұқтажын дер кезінде анықтауға және жергілікті жердегі түйткілдердің оң шешім табуына мүмкіндік береді. Осы орайда, қалалық мәслихат депутаты Талғат Мақаштың Қарауылтөбе ауылдық округіне сапары тұрғындардың көкейінде жүрген көптеген сауалдардың түйінін тарқатты. Депутат құрғақ есеппен шектелмей, әрбір көшені аралап, әрбір шаңырақтың тілегін тыңдап, халықпен ашық жүздесті.
Жұмыс сапары аясында депутат С.Байсейітов көшесіндегі жағдаймен танысты. Мұндағы жұртшылықты толғандырған мәселелердің салмағы да аз емес.Тұрғындардың айтуынша, көше бойымен ауыр жүк көліктерінің жиі жүруінен жол жабындысы бүлініп, ойық-шұңқырлар көбейген. Пайда болған тесіктер жаяу жүргіншілер мен жеңіл көлік иелеріне қолайсыздық туғызып қана қоймай, жол қозғалысының қауіпсіздігіне де үлкен қатер төндіруде. Көшеде салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне тыйым салынғанымен, бұл талап іс жүзінде сақталмай келеді екен. Депутат Талғат Мақаш бұл заңсыздықтардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтіп, құзырлы органдардан мәселелерді қарастыруды сұрады.
– Жол инфрақұрылымы – халықтың ортақ игілігі. Оның бұзылуына жол беруге болмайды. Сондықтан қойылған шектеулердің сақталуын күшейту – басты міндет. Тұрғындардың өтінішін назарға ала отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу қажет. Жол қозғалысын тұрақты бақылап жүк көліктерінің қозғалысына қойылған шектеудің сақталуын күшейту мақсатында С.Байсеиітов көшесіне бейнебақылау камераларын орнату мәселесін қарастыруға, сондай-ақ аталған мәселе толық шешімін тапқанға дейін жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің қатысуымен тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруға құзырлы органдарға ұсыныс бердім, – деді депутат.
Қарауылтөбе ауылдық округі тұрғындарын толғандырған тағы бір мәселе – көше бойындағы санитарлық жағдай. Кейбір үй иелерінің шошқа және жылқы малдарын асырауына байланысты төңірекке жағымсыз иіс тарап, көрші-қолаңның наразылығын тудырған. Бұл жағдай тұрғындардың күнделікті тұрмысына қолайсыздық тудырып отырғаны ашық айтылды. Мәселенің төркіні жағымсыз иіс пен санитариялық нормалар екен. Сондай-ақ иппотерапия қызметін ұйымдастыру туралы жоспар да тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық туғызған.
– Көше тұрғындарымен өткен кездесуде белгілі болғандай, кейбір үй иелерінің өз ауласында шошқа мен жылқы малдарын ұстауы төңірекке иіс таратып, көршілердің орынды наразылығын тудырып отыр. Тұрғын үй секторында мал ұстаудың өзіндік санитариялық-эпидемиологиялық нормалары мен талаптары бар екені белгілі. Біз кәсіпкерлікке немесе мал шаруашылығына қарсы емеспіз, бірақ кез келген іс көршілердің құқығын бұзбай, санитариялық талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Ауыл тұрғындарының денсаулығы мен таза ауада дем алуы маңызды. С. Байсеитов көшесіндегі мал ұстау жағдайларына жан-жақты зерделеу жүргізу, қолданыстағы санитариялық нормалардың сақталуын тексеру керек, – деді Талғат Мақаш.
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындармен кездесу барысында балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізу мәселесін көтерді. С.Байсейітов көшесіндегі балалар ойын алаңының бүгінгі жай-күйіне қатысты бірқатар өзекті мәселе айтылды. Аталған көшедегі ойын алаңы қазіргі уақытта заман талабына сай емес, ойын құрылғыларының тозуы мен техникалық жай-күйі балаларға қауіптілігі сөз болды. Сонымен қатар ауылдағы балалар санының артуына байланысты қолданыстағы ойын элементтері жеткіліксіз болып отыр. Ата-аналар алаңды қосымша жаңа құрылғылармен толықтырып, аумақты қолайлы демалыс орнына айналдыруды сұрауда. Талғат Мақаш балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалыс орындарының маңыздылығын атап өтіп, өз бақылауына алатынын жеткізді.
– С.Байсейітов көшесінде орналасқан балалар ойын алаңының техникалық жай-күйі мен сапасына қатысты тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды.Балалардың қауіпсіздігі мен қуанышына келгенде ешқандай үнемдеу болмауы тиіс. С. Байсейітов көшесіндегі ойын алаңы – тек ойнайтын жер емес, ауыл балаларының дені сау, қауіпсіз ортада өсуінің кепілі. Бұл мәселенің оң шешілуіне бар күшімізді саламыз, – деді депутат.
Депутат тұрғындар көтерген әрбір мәселенің маңыздылығына тоқталып, олардың заң шеңберінде шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.
– Біздің мақсатымыз – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, оның нақты шешілуіне қол жеткізу. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті халық ұсынысын ескере отырып, мемлекеттік мекемелерге сауалдар жолданып, жұмыстар жүргізілетін болады, – деді Талғат Бақытбекұлы.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!