Сенбі, 13 маусым, 01:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№44 (2256)
13.06.2026
PDF мұрағаты

Еңбекке ерте араласқан дұрыс па?

13.06.2026

39 0

Қазіргі технология қарыштап дамыған заманда балалардың бос уақытының басым бөлігі смартфон мен әлеуметтік желіге қараумен өтуде. Үй шаруасына көмектесу, бау-бақша күту, қоғамдық жұмыстарға қатысу секілді қарапайым еңбек түрлерінен қашқақтайтын балалар көп. Сондықтан жас ұрпақты еңбекке баулу мәселесі бүгінгі қоғам үшін өзекті болып отыр. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Тәрбиенің көзі – еңбекте» деп бекер айтпаған. Еңбек адамды жауапкершілікке, тәртіпке, төзімділікке үйретеді. Тіпті білім алудың өзі үлкен еңбекті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда баланы жастайынан еңбекке баулу оның болашақ өміріне берік негіз қалыптастырады. Ата-аналардың көбі баланы еңбекке ерте үйрету дегенді құптайды.

Жұмыс істеуде қауіпсіздік бірінші орында

Елімізде 14 жастан асқан балаларға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Асқарбек Ертаевтың сөзінше, бүгінде 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны 1 жарым млн-нан асады. Соның ішінде 5 мыңнан астам оқушы ресми түрде еңбек етіп жүр екен. Олар сауда, ойын-сауық, демалыс және қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істейді. Басым көпшілігі курьер, сатушы-кеңесші және аниматорлықты меңгерген екен.

– Бұл – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар. 14 пен 18 жас аралығындағы балалардың ең көп саны Түркістан облысында – 236,6 мың, Алматы облысында – 143,5 мың, Жамбыл облысында – 120 мың болып тіркелген. Ал қалалар арасында Алматыда – 161,8 мың, Астанада – 107 мың, Шымкентте – 112 мың жасөспірім бар. Оқушылар арасындағы ең жоғары жұмыспен қамтылу деңгейі мегаполистерде байқалады. Бұл республика бойынша жұмыс істейтін балалардың 59%-ы құрайды. Себебі ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының басым бөлігі мегаполистерде орналасқан, – деді Асқарбек Ертаев.

Заң бойынша 14-16 аралығындағы балалар аптасына 24 сағат жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Яғни, талап бойынша күніне 405 сағаттан аспау міндеттелген. Ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің аптасына 36 сағат жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Сонымен қатар 14 жастан еңбек шартына жасөспірімнің өзі ғана емес, ата-анасы да қол қоюы міндетті. 15 жаста негізгі орта білім алған жасөспірімдер ресми жұмыс істей алады. 16 жастан бастап еңбек шартын өз бетінше жасауға құқық беріледі. Жалақы көлемі 85 мың мен 127 мың теңге көлемінде.

Министрлік жұмыс істеу кезінде сақ болуға шақырады. Атап өтерлік жайт, еңбек шарты міндетті түрде жасалуын талап етуі қажет. Егер шарт жүйеде тіркелсе, жасөспірімнің еңбек өтілі ресми есептеліп, құқығы заңмен қорғалады.

«Менің жазғы каникулым» платформасы іске қосылған

Министр оқушыларды жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру үшін бірқатар шаралар қабылданып жатқанын айтты. Соның бірі Enbek.kz порталынан «Менің жазғы каникулым» бөлімі арқылы оқушыларға арналған бос жұмыс орындарын таба алады. Платформа арқылы 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер тіркеліп, жеке кабинет ашып, түйіндеме жариялап, бос жұмыс орындарын өз бетінше іздей алады. Оларға театр, кино, цирк сияқты шығармашылық салаларда жұмыс ұсынылады. Сондай-ақ сауда, тамақтану және SMM, маркетинг секілді digital бағыттары бар. Жүйе заңға қайшы келетін ваканцияларды автоматты түрде бұғаттайды.

Айта кететін жайт, кәмелет жасына толмағандар тек жеңіл жұмыспен қамтылады. Материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтерге қабылдауға болмайды. Ал 16 жасқа толмаған оқушылар үшін тіркелуді ата-анасы немесе заңды өкілі рәсімдейді.

Министр мәліметінше, «Менің жазғы каникулым» платформасы арқылы 2026 жылдың басынан бері 1 024 оқушы, ал 2025 жылы 4 552 оқушы жұмысқа орналасқан. Платформа қауіпсіз әрі ресми жұмыс іздеуге және міндетті еңбек шарттарын жасауға мүмкіндік береді

Мамандардың айтуынша, жазғы демалыста жұмыс істейтін жасөспірімдер үшін ең маңызды мәселе – қауіпсіздік пен заңдылық. Көп жағдайда балалар еңбек шартынсыз жұмыс істеп, кейін жалақысын ала алмай немесе еңбек құқығы бұзылып жатады. Сондықтан да ешқандай ауызша келісім болмауы керек. Еңбек шартының жасалуы бала құқығын қорғайды әрі еңбек өтілінің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда 14 пен 18 жас аралығындағы 15 мыңнан астам жасөспірім ресми түрде еңбек еткен. Ал бүгінде бірыңғай еңбек жүйесінде 6294 электрондық еңбек шарты тіркелген. Бұл елде жазғы демалыс кезінде жұмыс істейтін оқушылар саны аз емес екенін көрсетеді.

Мамандар ата-аналарға баласының қайда және қандай жағдайда жұмыс істейтінін мұқият бақылауға кеңес береді.

Неліктен жастар жұмыс істеуге құлықсыз?

Бүгінде еңбекке қабілетті болғанымен, жұмыс істеуге ынтасы төмен жастар да аз емес. Кейбірі жоғары білім алғанымен, мамандық таңдауда қателесіп, еңбек нарығында өз орнын таба алмай жүр. Статистика бойынша әлемдегі жастар жұмыссыздығы 13 пайыз деңгейінде. Сонымен қатар жастардың едәуір бөлігі NEET санатына жатады. Яғни олар оқымайды, жұмыс істемейді және кәсіби даярлықтан өтпейді. Мамандар мұның басты себептерінің бірі – кәсіптік бағдар беру жұмысының әлсіздігі екенін айтады. Мектеп қабырғасынан бастап оқушыларға мамандық таңдаудың қыр-сырын түсіндіру маңызды.

 Жапония мен Германия сияқты дамыған елдерде оқушыларға мектеп кезінен бастап кәсіптік бағдар беріледі. Олар түрлі өндіріс орындарымен танысып, тәжірибелік сабақтарға қатысады. Мұндай тәсіл жастардың болашақ мамандығын саналы таңдауға және еңбек нарығына ерте бейімделуіне ықпал етеді. Сондықтан Қазақстанда да кәсіптік бағдар беру жүйесін жетілдіру уақыт талабы болып отыр.

Қызым еңбек еткенді қалайды

Көпбалалы ана Толқын Жүнісбай баланы еңбекке баулу – тәрбиенің маңызды бөлігі деп есептейды. 

– Қазіргі балалардың көпшілігі дайын дүниеге үйреніп барады. Сондықтан үй шаруасына араласып, өз еңбегінің нәтижесін көргені дұрыс. Еңбек ету арқылы жауапкершілігі артып, уақытын тиімді пайдалануды үйренді. Дегенмен ата-аналар баласының денсаулығына зиян келмейтін, заң талаптарына сай жұмыстарды таңдағаны жөн. Ең бастысы – жұмыс оқуына кедергі келтірмеуі керек. Баланың негізгі міндеті – білім алу, ал еңбек сол білімді өмірде қолдануға дайындайтын жақсы тәжірибе деп ойлаймын. 14 жастағы қызым мобилографияны оқып, ізденіп жүр. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істегісі келеді. Ең бастысы бұл сала өзіне ұнайды. Сонымен қатар сұранысқа ие. Қазіргі жастардың қызығушылығына сай әрі қауіпсіз. Менің ойымша, жасөспірімдердің жұмыс істеуі олардың тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер етеді, – дейді ол.

Еңбек – адамның өмірлік мектебі. Баланы ерте жастан еңбекке баулу оның жауапкершілігін арттырып, өз еңбегімен табыс табудың қадірін түсінуге үйретеді. Дегенмен жасөспірімдердің еңбек етуі заң аясында, қауіпсіз жағдайда және оқуына кедергі келтірмейтіндей ұйымдастырылуы тиіс. Сонда ғана еңбек тәрбиесі жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына оң әсерін тигізеді.

А.АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: