Сенбі, 13 маусым, 01:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№44 (2256)
13.06.2026
PDF мұрағаты

Еңбекпен еңсе тіктеген ауыл

13.06.2026

37 0

Таң сібірлеп атқаннан білек сыбанып еңбек етуге жұмылатын бірлігі бекем, тірлігі тындырымды ауыл бар.  Ерте қылған тірлікте береке бар.  Берекесі бар елді несібе мен ризық өзі іздеп табады.  Қала  іргесіндегі  70 жылдан астам  тарихы бар Абай ауылы еңбексүйгіш тұрғындар екенін дәлелдеп тұрғандай. 

Елді мекенге   табан тірегенше жол бойында құлынды бие, сиыр, жылқылар ауылдың берекесін кіргізіп, көкке тояттап жайылып жүр. «Малдының беті жарық…» деп Абай атамыз айтқандай, тап-тұйнақтай ауылда береке бары сезіледі.  Оның үстіне елдің бағына орай, жайылым да  жетерлік. Ең бастысы  абайлықтардың  көпшілігі қарапайым еңбектен қашпай, жалқаулық пен бойкүйездікті бойдан сілкіп тастап, нәпақасын адал еңбек, маңдай термен тауып жүрген, еңбекпен есейіп, еңсе тіктегендер.  Алақандай ауылда  үйдің іргетасын қалап, бетон құюшылар,  газ құбырын жүргізушілер бригадасы,  мал өсіріп бордақылаушылар, түрлі кәсіптің түрін меңгергендер  тұрады.

Үш мыңнан астам тұрғынның құт мекеніне айналған ауыл­дың экономикалық белсенді халық саны – 1634. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 586. Жыл басынан 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасы арқылы 10 тұрғын  қоғамдық жұмысқа тартылған.   Бюджет жоспары 161,4 млн теңгеге бекітілсе, 56%-ға орындалған.

– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жыл басынан бері 9 жоба мақұлданды. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы субсидия бойынша 1 жоба 90  млн теңгеге қаржыландырылса, «Ауыл аманаты»   бағдарламасымен 73,8 млн теңгенің 8 жоба мақұлданды. Әлеуметтік сала бойынша жыл басынан аз қамтылған 26 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауылдық округ тұрғындарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Абай елді мекеніндегі медициналық амбулатория  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. 1550 гектар аумаққа күріш дақылы егілді. Оның 180 гектары – жүгері, 399 гектары – жаңа жоңышқа, 507 гектары ескі жоңышқа және 31 гектары – бидай. Ауылда егін шаруашылығымен айналысатын 28 шаруа қожалығы бар. Абай ауылындағы  көшелерге 61 514  мың теңгеге тас төселсе, мәдениет үйіндегі  130  сахна орындығы жаңартылды. Ал Досан ауылына 7,5 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынуда, – дейді ауыл әкімі Сейдуали Әбдіқадыров. 

– Еңбек еткенге бақыт басын иеді. Қазіргідей  заманда тірлік етпей қарап отыруға болмайды. Тырбанған адамға  нан табудың жолы көп. Ерте көктемнен көп іске қамданып,  мал басын көбейтуге, жем-шөптің мол қорын жасауға дайындаламыз. Күннің жылт еткені – шаруалар үшін қолайлы сәт. Қора қопсымызды бүтіндеп, қи оямыз.   Ірі қараның да, уақ малдың да саулығына ден қойып, арнайы дәрігерге жүгінеміз.  Бүгінде қорада жылқы, қой, аналық сиыр, ешкі бар. 1000 гектар жайылымдык жерді 5 жылга жалға алып отырмын.  Мұнымен шектелмей көлік жуатын орын да ашып қойдым. Ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отырдым. Ауылдағы қайырымдылық іс-шараға атсалысып тұрамын.  Туған жердің төл перзенті болған соң бұл қолғабысты орынды деп ойлаймын. Әкем Тоқтамыс Әшірбеков пен анам Гүлжаһан Әбсадықованың да кәсібімнің өркен жайып, дамуына еңбегі зор. Олар – ақылшы қамқоршыларым. Адал еңбекке жастай баулығаны үшін, өмірден өз орнымды адаспай табуыма көмектесіп, бағыт бергені үшін  ата-анама басымды иіп, алғыс айтамын, – дейді кәсіпкер Бекзат Әшірбеков. Жас болса да, ісіне мығым Бекзат осы ауылдың тумасы.  Жастайынан малсақ боп өскен Бекзат осы мал шаруашылығымен айналысуды  жөн көріпті. 

Жас кәсіпкердің жаңа жобасы

«Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және нарықты сапалы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге серпін беруімен маңызды. Осы жобамен кәсіп бастағандардың қатарында Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғыны Ербол Құдалша да бар. Жас кәсіпкер ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі бағыттың бірі – «Құс етін өндіру» жобасын әзірлеп, 8,6 млн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Бұл қаржыға құс фермасына ғимарат салып,  1500 дана бройлер балапанын күтімге алды. Шөжелер 30-35 күн ішінде 2-2,5 келіге дейін ет береді. Жалпы құс фабрикасының жобасына несие қаражатынан бөлек 7 млн теңге инвестиция тартылған. Фабрика сыйымдылығы 1500-2000 құсқа арналған 1 бордақылау, қалдықты өңдеу цехынан және әкімшілік ғимаратынан тұрады. Қазіргі таңда құс фермасының екінші ғимараты қасапхана бағытында салынуда. Кәсіп иесі алдағы уақытта облысқа қарасты аудандарды да тауық етімен қамтамасыз етуді жоспарлауда.

  «Ақ ниет» әжелер ансамблі

 Қосшыңырау ауылдық округі Абай ауылының мәдениет үйі жанынан «Ақниет» әжелер ансамблі мүшелігіндегі әзиз әжелер кейінгі ұрпаққа тек ізеттілік танытып қоймай, қандай да шараның басы-қасынан табылып жүргені қуантады. Құрылғанына 10 жыл болған әжелер ансамблі халық әндері мен  жергілікті сазгерлердің  әндерін  насихаттап  халық  арасына  таратып келеді. Құрамында 10 әже бар өнер ұжымы Алматы қаласында өткен V  халықаралық «Жаңа есім» өнер фестиваліне қатысып, І орын иеленсе, «Мәдениетіміз – ортақ қазына» атты мәдениет майталмандары арасында өткен достық фестивалінде, «Шығармашыл ұжым» номинациясымен марапатталды. Ақ жаулықты өнерпаздар Шиелі ауданының ұйымдастыруымен өткен «Әжелер салған ән қандай» атты облыстық әжелер байқауында жүлделі III орын алды.

Сонымен қатар «Ұлағат болсын ұлыңа, ғибрат болсын қызыңа» атты облыстық байқауда I орын алса, «Әжелер»  облыстық байқауының бас жүлдесін, ұлттың ұйытқысы, тәлім тәрбиенің тұма бастауы асыл әжелердің өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен «Әже – көңілдің ажары, немере – өмірдің базары» атты қалалық байқауында  III орын иеленіп, жеңіске жетті.

Ансамбль мүшелері «Туған жер», «Жарапазан», «Ата­мекен», «Сәулем-ай» ха­лық әндерінен құралған попури әндерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

 Ауыл тарихымен өміршең

Әдетте, қай ауылға барсақ та бұл жерден қандай текті ұрпақ өсіп-өнге­нін бі­луге, оны көп­шілікке жа­рия етуге құлшынып тұрамыз. Себебі кейінгі толқын өткен тарихты біліп, туған жерін тұмарлаған  текті жандарды танысын деген ниетіміз бар. Сол үшін өткен тарихты тірілту бүгінгі ұрпаққа парыз саналмақ.

Абай атындағы ауылды сөз еткенде ондағы еңбек адамын атамай өту мүмкін емес. Егін шаруашылығында жоғарғы көрсеткішке жеткен диқандар, механизаторлар баршылық. Олардың қа­тарында 10000 центнер астық бастырып екі мәрте одақтық көрменің жеңіл көлігін жеңіп алған Әлайдар Ысқақовты ерекше атауға болады. Темірбек Әбуов, Төрехан Төлегенов, Айдар Омаров, Қарымсақ  Батырбеков, Якуда Ысқақов, Бақытбек Шайкемелов, Жайман Пірмағамбетов, Қабылда Бимекенов секілді механизаторлар ел ырысына үлес қосқан азаматтар. Осы ауылдан түлеп ұшқан облыстық дәрежедегі қайраткер Жүсіп Бисариев, Еңбек Ері Оразбай Әбішов, министрлер Мүсілім Базарбаев, Ибрагим Еділбаев, ғалымдар Ә. Жаманқұлов, Тотай Тұрлығұлов, белгілі диқан, ауыл шаруашылығының білікті қайраткері Досан Елеусіновтерді өмірге әкелген қасиетті мекен.

– Абай ауылының киелі топырағы қабырғалы қаламгер, арқалы ақын, дарынды драматург, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иранбек Оразбаевқа, белгілі ақын-композитор, ардагер-ұстаз Ділдахан Торғаеваға өмір сыйлаған қастерлі ауыл.   Қала іргесіндегі ауыл осыншама текті жандарға алтын бесік болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін, –  дейді ауыл әкімі  Сейдуали Әбдіқадыров. 

Өткенге оралып сабақ алмай,  болашаққа бағдар жасау  ұрпақ сабақтастығын бағаламауға алып келеді. Сондықтан бүгін рухани алтын сандықтың көмбесін ашып, ауылда кезінде еселі еңбек еткен қайраткерлердің де атын атап, қазіргі жас ұрпақтың еңбегіне шолу жасадық. Ғасыр бедеріндегі жылдарда шежірелі тарихқа куә болған ауыл өркендеп, өсе берсін! Себебі ауыл – ел бесігі, өркениет өлшемі, жылдар жемісі екенін ұмытпауымыз керек. Мұнда аға ұрпақ еңбекпен есейсе, кейінгі ұрпақ  сол дәстүрдің ізін жалғауда. 

Бетті дайындаған Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: