Сенбі, 13 маусым, 01:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№44 (2256)
13.06.2026
PDF мұрағаты

«Ауыл аманатымен» кәсібін кеңейтті

13.06.2026

32 0

Талсуат ауылдық округінің тұрғыны Жанат Тоқмейлова 10 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Кәсібін кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 7 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қаржыны мал басын көбейтуге және шаруашылығын дамытуға жұмсаған.

Жанат Тоқмейлова «Нұрай» жеке кәсіпкерлігі арқылы тұрғындарды қолжетімді бағадағы ет, сүт өнімімен қамтамасыз етуде. Шаруашылықта 200 бас жылқы, 150 бас сиыр және 100 бас қой өсіреді. Сонымен қатар кәсіпкердің жеке фермасы мен шағын дүкені тұрақты жұмыс істейді.

– Халқымыздың ерекше қастерлеп және жанына жақын көрген төрт түлігінің ішіндегі пір тұтқаны – жылқы малы. Халқымызда «қазақ, дала, жылқы» деген сөздер бір-біріне жақын тамырлас та, тағдырлас. Мен 1975 жылы қазіргі Ұлытау облысының Қаныш Сәтбаев қаласында дүниеге келдім. 1980 жылы отбасымызбен Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылына қоныс аудардық. Сол жылдары отбасын асырау, аяққа тұрғызу үшін жеке кәсіпкерлікті бастау керектігін білдім. «Кәсіпкер болсам немен айналысамын, қалай бастаймын?» деген сауал мазалай берді. Ойлана келе пайда туралы алғашқы жылдары ойламай, бел шеше тырбанып, еңбек ету керектігін білдім. Осылайша 2012 жылдан бастап «Нұрай» жеке кәсібін құрып, мал шаруашылығымен айналыстым. Әсіресе жылқы малы өте киелі. Жылқы баққан иесінің мінез-құлқын, даусын, бұйрығын мүлтіксіз түсінеді. Боқтағанын, ашуланғанын өзін ұстап алса ұратынын сезіп ұстатпай қашады. Жақсы көргенін, еркелеткенін дауыс ырғағынан байқап иесіне жақындайды.

Жылқының мейір-махаббаты күшті болады. Биелер құлыны ауырып қалса, маңайынан ұзап кетпейді. Бір айлық жерге апарып тастаса да құлыны үшін бірнеше күнде қайтып келеді. «Ауыл аманаты» жобасы біз секілді ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік берді. Мемлекет пен партияның қолдауының арқасында кәсібімізді кеңейтіп, мал басын арттыруға жол ашылды. Біздің басты мақсатымыз – халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», – дейді кәсіпкер.

Жанат Тоқмейлова кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Ол аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларына тұрақты түрде атсалысып келеді.

– Қоғамға пайдамды тигізіп, мұқтаж жандарға қолдау көрсету – азаматтық парызым деп есептеймін. Адамдардың алғысы бізді жаңа бастамаларға жігерлендіреді, – дейді ол.

Кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Талсуат ауылынан аукцион арқылы 15 гектар жер телімін алып, мал бордақылау алаңы мен өндірістік цех салуды көздеп отыр. Киелі жылқы малын өсіріп, қорасын малға толтырып отырған Жанат жылқының қасиетін де бес саусақтай білетін болып шықты. Ер мінезді қайсар жан ауылдағы үш азаматты жұмыспен қамтып отыр. Әйел затының табиғатына күрделі мал шаруашылығымен айналысу өте қиын. Айына жем-шөптің өзіне миллион теңге ақша керек екен. Шаруашылық ет өндірумен бірге қымыз баптаумен де айналысады. Жанат Тоқмейілова біздің аймақ атынан Астанада өткен ауыл әйелдерінің форумына қатысып, тәжірибесін республикаға таратып келді. Өзі тұратын Талсуат ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп, түрлі шараға демеушілік көрсетіп, елдің батасын алып жүр. Бейнетінің рақатын көріп жылқыны асылдандырып отырған Жанаттың бұл кәсіппен айналысқанына да 10 жылдан асты. Жоқ деп ешкімге алақан жаймай, маңдай терімен отбасын ғана асырап қоймай, атымтай жомарттықтың үлгісін көрсетіп, ауыл халқына да жәрдемдесіп отырған кәсіпкердің берекелі ісіне ел риза. Отбасында 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, ошағының шамын маздатып отырған отанасы. Балаларының бәрі оқу озаты атанып, жоғарғы оқу орнын бітірген түрлі мамандық иелері. Нағашы атасынан қалған ата кәсіпті жоғалтпай, аманатты мұратты іске айналдырып отырған кәсіп иесінің жұмысына береке тіледік.   

Бетті дайындаған Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: