«Адамды адам еткен – кітап», адамзат еткен – кітапхана» деп жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, кітаптан алған білім сарқылмайтын рухани құнды қазына. Расында, кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойын, рухани тәжірибесін сақтап келе жатқан қазына. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударуда. Жақында қабылданған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлық – соның дәлелі. Бұл бастама – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам.
Кітапқа қызығушылық артып келеді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзіне сүйенсек, қоғамда кітапқа деген қызығушылық артып келеді. Әсіресе, балалар әдебиетіне сұраныс еселене түскен. Соңғы жылдың өзінде бұл көрсеткіш 75 пайыз өскен. Ал қазақ классикасына және қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларына деген сұраныс та 50 пайыз өскен. Ендігі міндет – осы оң үрдісті жүйелі түрде қолдау және одан әрі дамыту. Бүгінде еліміздегі кітапханалардың қызметін жыл сайын миллиондаған азамат пайдаланады.
– Кейінгі жылдары кітапханалардың цифрлық мүмкіндіктері де артып келеді. Электронды кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайыз өсіп, 718 мың адамға жетті. Ал кейінгі бес жылда электронды форматтағы кітаптарды 9 миллионнан астам адам пайдаланған. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жаңа форматтағы кітапханалар құру, оларды көпфункционалды қоғамдық кеңістік ретінде дамыту, цифрлық құралдарды кеңінен енгізу және азаматтардың сапалы білім мен ақпаратқа қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Президенттің «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында елімізде 36 қалалық және ауылдық кітапхана жаңғыртылды. 2026 жылы тағы 30 кітапхананы жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – жалпыға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру. Аталған платформа еліміздегі кітапхана қорларын бір жүйеге біріктіріп, өңірлердегі оқырмандарға қажетті әдебиет пен білім ресурстарына еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық жазушылар мен ақындарды қолдау, кітап шығару ісін дамыту, баспалар мен кітап таратушылардың жұмысын ынталандыру, ұлттық әдеби мұрамызды ел ішінде және шетелде кеңінен насихаттау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, – деді Аида Ғалымқызы.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта «Кітапхана және баспа ісі туралы» жаңа заң әзірленеді. Кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға арналған Ұлттық сыйлық тағайындалады. Сонымен бірге «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылып, жасанды интеллект дәуіріндегі кітап пен кітап оқу мәдениетінің жаңа бағыттарын айқындайтын 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.
– Мемлекет басшысының Жарлығы кітапхана мен кітап ісі саласына тың серпін береді деп сенемін. Ең бастысы, бұл кітап оқитын, ойланатын, ізденетін, білімді әрі жасампаз ұлт қалыптастыру жолындағы нақты қадам болмақ. Үкімет Мемлекет басшысы Жарлығында белгіленген міндеттерді сапалы орындауға атсалысады, – дейді А.Балаева.
Жұмыс Аймақтағы кітапханалардың бүгінгі жағдайы
Облыс көлемінде халыққа қызмет көрсетіп отырған 209 мемлекеттік кітапхана бар. Кітапханалардың жалпы кітап қоры қазіргі таңда 4 млн 564 мыңға жуықтады. Оқырман саны да жылдан жылға артып келеді. Өйткені кітапханадағы ерекше атмосфера, оқырманға деген жайлылық, сөрелердегі түрлі бағыттағы кітаптар әлемі өз оқырмандарын кітапханаға еріксіз тартады. Соңғы жылдары өңірдегі кітапханаларды жаңғырту бағытында маңызды қадамдар жасалған. Атап айтқанда, облыс көлеміндегі 7 ауданда «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілген. Орталықтардың пайдалануға берілуі Сыр еліндегі мәдениет пен өнер саласында ауқымды жобалар мен жақсы жаңалықтардың жүзеге асырылып жатқандығының дәлелі. Орталықтарға көшірілген кітапханаларға келушілер үшін кітап оқуға, шығармашылық дамуына және түрлі үйірмелерге қатысуға барлық жағдай жасалған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Ел Президенті бұған дейінгі Жолдауларында да «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру идеясын тұрақты айтып келеді. Қабылданған жарлық кітапхана ісін жаңғыртуға, отандық әдебиетті қолдауға, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және цифрлық білім ресурстарын дамытуға жаңа серпін береді. Себебі оқу мәдениеті – тек жеке тұлғаның емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық әлеуетін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қоғамда болып жатқан барлық жаңалық жаршысы деп айтуға толықтай негіз бар. Оған дәлел, Мемлекет басшысының жарлығы аясында өңірде көптеген жобалар жоспарланып, қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында облыстық «Жазғы оқу сайысы», ересек оқырмандар арасында облыстық «Үздік оқырман – 2026» байқауы, облыстық «Кітап керуені» акциясы басталып кетті. Аталған жобалардың мақсаты – кітапхана мен оқырман арасында тығыз қарым-қатынас орнату, оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру, ұлттық және әлемдік үздік шығармаларды насихаттау және де, ең бастысы кітапхананы зияткерлік ортаға айналдыру. Мемлекет басшысының жарлығы аясында жүзеге асырылатын шаралар мен жобалар мұнымен шектеліп қалмайды. Облыс көлеміндегі барлық кітапханалар кітап оқу мен оқитын ұлт қалыптастыру мақсатында ауқымды шаралар жоспарлануда. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жыл аяғына дейін жүргізілетін болады, – дейді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысының орынбасары Айгүл Есенқызы.
Айгүл Есенқызының айтуынша, қазіргі таңда облыс кітапханаларында айтулы жетістіктер мен көрсеткіштердің өсуі анық байқалады. Барлық аудандық, ауылдық кітапханаларда «Адал адам» мәдени-тәрбиелік орталық жанынан «Әлем BOOK» оқырмандар клубы құрылып, жоспар бойынша мәдени шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Кітапханаларды жастардың тұрақты келіп тұратын заманауи білім орталықтарына айналдыру мақсатында облыс көлеміндегі 89 кітапханада коворкинг орталығы жұмыс жасайды. Коворкинг орталықтарында білемін, іздеймін, оқимын, жұмыс жасаймын, демаламын деген жастар үшін толық мүмкіндік жасалған.
Ауыл кітапханасының ахуалы қандай?
Аймақта ауылдық жерде 165 кітапхана бар. Әрине, ауылдық кітапханалардың өз оқырманы бар, яғни кішкентай бүлдіршіннен бастап, үлкен жастағы тұрғындар – ауыл кітапханаларының тұрақты оқырмандары. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Ақсуат ауылдық округіндегі №8 кітапхана оқырмандарға сапалы кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетіп қана қоймай, білім мен мәдениеттің, руханият пен тәрбиенің алтын ордасы болып отыр.
– Мұнда оқырмандарға компьютерлік қызмет көрсету, интернет пен Wi-Fi желісін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Кітапхана қорында 17 420 дана кітап сақталса, тұрақты оқырмандар саны 850-ге жетіп отыр. Бұл көрсеткіштер кітапхана қызметінің ауыл тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие екендігін аңғартады. Кітапханада тұрғындарды кітап оқуға баулу, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында әдеби кештер, танымдық кездесулер, кітап көрмелері, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен түрлі жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы аясында құрылған «Әлем-BOOK» оқырмандар клубы табысты жұмыс жүргізіп, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосуда. Ауылдық кітапханалар арасында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Life» жобасы да нәтижелі жалғасып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдан шыққан ақын-жазушыларды, өнер мен мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ кітапты өмірлік серік еткен үлгілі оқырман отбасыларын насихаттап, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Осы жоба аясында «Туған жерге құрмет – елге қызмет» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды, – дейді №8 кітапхананың кітапханашысы Гаухар Есжанова.
Қазіргі таңда кітапхана балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлуде. Осы мақсатта «Жазғы кітап» бағдарламасы аясында танымдық сағаттар, әдеби кештер, кітап көрмелері, дауыстап оқу сағаттары, зияткерлік ойындар мен шығармашылық байқаулар өткізіліп келеді. Сонымен қатар «Ертегімен есейемін» және «Әдеби автобус» жобалары арқылы жас оқырмандардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне және әдебиет әлемімен жақынырақ танысуына мүмкіндік беруде.
– Елімізде 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануы кітапхана қызметіне де жаңа серпін берді. Бүгінде жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері кітап әлемін насихаттаудың тың тәсілдерін қалыптастыруда. №8 кітапхана әлеуметтік желілер арқылы кітаптарды таныстыратын бейнероликтер, виртуалды көрмелер, электронды ұсынымдар мен танымдық материалдарды әзірлеуде цифрлық құралдарды тиімді пайдаланып келеді. Бұл жұмыстар оқырмандардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, кітап оқуға деген қызығушылығын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуде. Рухани құндылықтарды дәріптеу мен білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, кітапхана ауыл тұрғындарының сенімді ақпарат және мәдениет орталығы ретінде қызмет ете бермек, – дейді Гаухар Есжанова.
Ауылдық кітапханалардың кітап қоры, оқырман саны жылдан жылға артып отыр. Қазіргі таңда қоғамның барлық саласында, соның ішінде ауылдық кітапханаларда да қарқынды өзгерістер, үлкен міндеттер байқалады Кітапхана қызметін жетілдіру, кітапхана процестеріне жаңа технологияларды енгізу, құжаттарды цифрлық жүйеге көшіру жұмыстарын дамыту, кітап оқуды қолдау және кітапты насихаттау жұмыстары ауылдық кітапханаларда да жүргізіліп келеді.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!