Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 01:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Оралхан Бөкей – өр Алтайдың асылы

24.12.2024

143 0

Жазушының айтуынша, «Жазушылық дегеніміз – шындыққа жүгіну, ал әдебиет дегеніміз – сол шындықты шырақ алып іздеудің бір формасы». Жазушы шығармаларының басты тақырыбы – адамның рухани ізденістері, табиғат пен адамның арасындағы байланыс, адамның ішкі жан дүниесінің күрделі қырлары. Оралхан Бөкей шығармаларында шынайылық пен терең философиялық ой ұштасып жатыр.

Өзінің ұшқыр да, өткір ой­ларымен танымал Әбіш Кекілбаев «Оралхан Бөкей жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүлей суреткерінің бірі ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды. Оралхан аз ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді» деген бағасын берген.

Ал жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы «Оралхан ағам жастайынан жазушы болу­ды армандайтын. Мектеп қабырға­сында жүріп-ақ әдеби шығарма­ларды көп оқыды. Кейде кітаптан бас көтермей отырғанын көрген ата-анам «көзіңді құртасың, оқы­ма» деп тыйым салатын», – деп қаламгердің жастайынан әдебиетті құштарлықпен оқып, өз арманына жете білгенін жеткізді.

Оралхан Бөкей – ұрпаққа ұла­ғатты үлгі. Жазушының шы­ғар­машылығын насихаттауға арнал­ған тәрбие сағаты үлкен әсерлі іс-шара ретінде ұйым­дастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – ұлы жазушының бай мұрасын жастарға таныту, оның шығармалары ар­қылы рухани тәрбие беру болды.

Тәрбие сағаты барысында Оралхан Бөкейдің танымал шы­ғармаларының бірі – «Апамның астауы» атты шығармасынан спектакль қойылып, студенттерге ерек­ше әсер сыйлады. Бұл туын­дының көмегімен студенттерге ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты көрсеттік. Балалар спектаклді үлкен ықыласпен та­машалап, шығарманың терең ма­ғынасын түсініп, ой-пікірлерін айтты.

Сонымен қатар Оралхан Бөкей­дің шығармаларына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда жазушының туындылары, өмірбаяны мен шығармашылық жолы туралы материалдар қойы­лып, студенттер жазушының бай мұрасымен жақын танысты. Көрмені тамашалаған оқушылар жазушының шығармаларына қы­зығушылық танытып, кітаптарды парақтап, сұрақ қойып, білімдерін толықтырды.

Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – домбырамен сүйемелден­ген әндердің орындалуы болды. Балалар Оралхан Бөкейдің шы­ғармашылығы мен табиғат туралы ой-толғамдарын музыка арқылы сезінді. Әсіресе, домбыраның күм­бірлеген үні мен өлең жолдары­ның үйлесімділігі оларға ерекше әсер етті.

Балалар тәрбие сағаты бары­сында көптеген мәліметтер алып, жазушының шығармаларының мағынасын түсінуге мүмкіндікке қол жеткізді. Оралхан Бөкейдің мұрасы – өскелең ұрпақ үшін шынайы тәрбие құралы. Рәбиға Сыздық «Жазушы Оралхан Бөкеев – туған өлкесі – әсем Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы!» деп баға берген. Оралханның әрбір туындысында асқақтық пен ұлттық рух айқын сезіледі.

Бақытжан АХУНОВ,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебитеті пәнінің мұғалімі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: