Сенбі, 02 тамыз, 16:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№57,2170
02.08.2025
PDF мұрағаты

Су үнемдеуде жаңа технологияға басымдық берілмек

02.08.2025

44 0

Қызылорда аграрлы аймақ болғандықтан, су мәселесі әлі күнге дейін  мінберден түспей тұр. Бұл – өз кезегінде диқандардың шымбайына батқан шындық. Премьер-министр Олжас Бектенов Сыр өңіріне сапарында су мәселесіне жіті назар аударды.

Сыр диқандары қолда бар мүмкіндіктің барлығын қарастырып жатыр. Егілген дақыл­ды жауын-шашынға қалдырмай ер­терек жи­нап алудан бұрын, қазір су жеткізу мәсе­лесі алдымызда тұр. Мәселен, Қармақшы ауда­нын­­дағы «Жаңажол» серіктестігінің бри­га­дирі Данияр Нұрмағамбетов он жылдан бері өндірістік бригаданы басқарып келеді. Алқап­тың ой-шұқырын көзі танып, біраз тәжірибе де жинақтап қалған ол су мәселесін реттілікпен шешкенін айтты.  

– Күріштің шығымы жаман емес. Суды бригадалар арасында кезектесіп ішу әдісімен үнемдеп жатырмыз. Қашыртқыдан су алып, қайта пайдаланған да сәттеріміз бар, – дейді  ол.

Өңірде егісті әртараптандыру жүйелі жүруде. Суды аз қажет ететін дақылдар көлемін арттыруға да басымдық берілген. Агро өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында да бұл мәселе қаралған. Суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын қысқарту керегі анық айтылды. Ресми деректерге жүгінсек, күріш пен мақта алқабы 41 мың гектарға, оның ішінде күріш алқабы 10 мың гектарға азайтылмақ. Сонымен бірге жүгері мен жем-шөп дақылдарының өндірісі кеңейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласы дамуда. Бұл шаралар суармалы жерлердегі су тұтынудың үлесін кем дегенде 20 пайызға төмендетуге бағытталған. Өңірде су тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мелиорация бойынша шаралар енгізілуде. Мәселен, Түркістан және Қызылорда облыс­тарында 118 тік дренаж жүйесі және 243 сорғы агрегаты іске қосылды. Кол­лек­торлық-дренажды суды қайта пайдалану жүзеге асырылады және кезектестіре әрі түнгі суару жүйесі тәжірибеден өтуде.

Агросаланы қолдауда мұнан да бөлек, көптеген бастама қолға алынуда. Президенттің аграрлық секторды тұрақты түрде сумен қам­тамасыз ету бойынша берген тапсырмасын іске асыру аясында Үкімет резервінен Қызыл­орда облысының қажеттіліктері үшін 53 жыл­жы­малы дизельді сорғы стансасын сатып алуға шамамен 1 млрд теңге бөлінді.

Олжас Бектенов Президенттің аграрлық секторға су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді және өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйімен танысты.

Премьер-министр заманауи су үнемдеу технологияларын іске қосқан Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқаптарында болды. Шаруашылықта күріш, күздік бидай және жоңышқа өсіріледі, ал суару үшін суды ұтымды тұтыну жүйелері қолданылады. Қолданылған шешімдердің тиімділігі осы жылдың вегетациялық кезеңінің мысалында көрсетілді.

Олжас Бектенов өңірдің негізгі гидротехникалық нысандарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Сырдария ауданында орналасқан «Әйтек» су торабының жұмысын тексерді. Су торабы 2004 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген. «Әйтек» арқылы 13 мың гектар егіс алқабы мен 3 319 гектар көл жүйесі, сондай-ақ 120,8 мың гектар шабындық және жайылымдық жерлер сумен қамтамасыз етіледі. Үкімет басшысы Қызылорда қаласы Қызылөзек ауылдық округіне қарасты 120 мың гектардан астам аумақтағы көл жүйесі мен жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз ететін Қараөзек арнасына да әуеден шолу жасады.

Қызылорда су торабын аралау барысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов өңірдегі су шаруашылығы жағдайы мен қазіргі қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Қызылорда су торабы 1956 жылы пайдалануға берілген және 120 мың гектар аумақты суаруды қамтамасыз етеді.

Сапар барысында Премьер-министр Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын қарқынды түрде енгізу жөніндегі алға қойған міндетіне назар аудартты. Бұл қазіргі гидрологиялық жағдайда өте өзекті. Осыған байланысты Үкіметтің баса көңіл бөліп отырғаны – ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұрақты сумен қамту, соның ішінде оларды суды тиімді пайдаланудың заманауи технологияларына кезең-кезеңімен көшіру. Осы тұрғыда 2024 жылы Су және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп инвестициялық субсидиялау және суармалы су ережелеріне тиісті өзгерістер енгізген болатын. Соған сәйкес тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізген шаруашылықтармен суды пайдалануға арналған келісімшарттар басымдық беру тәртібімен жасалады. Қалғандары қалдық су көлемі және суды үнемдейтін шешімдерге көшу міндеттемесі болған жағдайда ғана су ресурстарын ала алады.

Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту және заманауи әдістерге көшуге шаруаларды ынталандыру қажеттігін атап өтті. Жалпы алғанда, Үкімет бұл бағыттағы жұмысты өңірлермен, жауапты министрліктермен және су пайдаланушылармен үйлестіре отырып жалғастырмақ.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: