Сенбі, 21 желтоқсан, 22:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сыртқы қарыз: Мүмкіндік пен мәселе

23.01.2024

495 0

Сурет: kursiv.kz

Мемлекеттің сыртқы қарызы туралы тақырып қозғалса, жабыла талқылайтынымыз жасырын емес. Көбінің сөз райы «қарызға баттық, шикізатпен өтейміз» деген долбардан басталып, «төлемесек, түбі жер кетеді» деген аңғал қорқынышқа да ұласып жататыны бар. Алайда бұл тұрғыда қайдан не алып, келген қаржының қай мақсатқа жұмсалатыны маңызды екені тасада қалатындай. Сондықтан бүгінгі мақала мазмұнын Қазақстанның сыртқы қарызына бағыттауды жөн көрдік.

Ұлттық банктің мәліметінше, өткен жылы мемлекеттің сыртқы қарызы 161,9 млрд долларды құраған. Есте болса, 2022 жылдың осы кезеңінде бұл меже 160,6 млрд долларға тұрақтаған еді. Демек, экономикалық есепке салсақ, жылжабар есеп айырманың 0,8 пайызға аз екенін көрсетіп тұр. Аталған сандық көрсеткіш алдағы талдаудың тірегі болмақ.

Қарыз қайдан шығады?

 Әділдік үшін айтайық, кез келген елде сыртқы қарыз бар. Ғаламдық экономика алпауытына айналған АҚШ-тың сыртқы қарызы 34 триллион доллардан асады. Бас айналдыратын сан. Алайда бұл мемлекет кері кетті немесе жоқтықтан алақан жайды дегенді білдірмейді. Бар болғаны экономикаға қаржы құйылуда, ал оның қайдан, қалай келіп жатқаны алғашқы орындағы мәселе емес.

Осы тұжырыммен алсақ, Қазақстанда да сыртқы қарызды әлеуметтік-экономикалық олқылықты шешуге бағыттауда. Мемлекетаралық келісім, халықаралық қаржылық ұйым арқылы миллиардтаған қаражат тартып, түрлі саланы алға жылжытты. Байқай бермейтін инфрақұрылым жүйесін жүргізу, өнеркәсіп нысандарын салу, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жұмысы үшін сырттан көп несие алынады. Мемлекеттің стратегиялық жоспарының белгілі бір бөлігі де шетелден қаржы тарту арқылы ғана жүзеге асатынын білеміз. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру секілді өміршең міндеттерді орындауға сеп.

Ал бюджеттің бүйірі толмай тұрғанда ауқымды жобаларды жүзеге асыру қай елге болмасын жүк. Сондықтан сырттан сұраудан басқа амал жоқ. Экономист Жүкей Ахметбек БАҚ-қа берген пікірінде аталған ойды растаған болатын.

– Мәселе қарыздың сомасында емес, қарыз алушы мемлекеттің төлем қабілетінде жатыр. Мысалы, сыртқы қарызы көп елдердің рейтингінің көшбасында дамыған мемлекеттер тұр. Яғни сыртқы қарыз елдің кедей не бай екендігін көрсетпейді. Көрші қырғыз, өзбектің бізбен салыстырғанда сыртқы қарызы аз, бірақ бұл олардың экономикасы мықты екендігін білдірмейді, сәйкесінше біздің де жапондардан сыртқы қарызымыз аз, десе де экономикамыз олардан қуатты емес.

Ең бастысы, кез келген қарызды қайтару керек. Мәселе сол қарызға алған ақшаны қалай жұмсағандығына байланысты. Мысалы, Греция. Олимпиада өткіземіз деп 10 млрд доллар алды да, қайтара алмай әбден қиналды. Дефолт жағдайына аз қалды. Қысқасы, той жасаймын деп алған несие сынды. Оның қайтарымы жоқ. Ал жапондар қарыз алса оны экономикаға салады да қайтарып алады, – дейді маман.

Соңғы онжылдықта Қазақстанның ірі кредитор елдері өзгеріссіз қалғандай. Статистикаға сүйенсек, еліміз негізгі несие бөлігін Нидерланды мемлекетінен алған. Берешек – 42,5 млрд доллар. Одан кейін Ұлыбритания – 14 млрд доллар, халықаралық ұйымдар – 13 млрд доллар, Ресей – 12,5 млрд доллар қарыз берген.

АҚШ-қа да қарызымыз көп. Олар 11,3 млрд доллар шамасында қаржы алуға құқылы. Ал Францияға 11,2 млрд, Бермуд аралдарына 9,4 млрд доллар, Қытайға 9,2 млрд және Жапонияға 4,9 млрд доллар берешекпіз. Тіпті соңғы бір жыл ішінде БАӘ-ден 1 млрд долларға жуық қаржы алғанбыз. Мұның барлығы – Ұлттық статистика бюросы мен Ұлттық банктің ашық дереккөзіндегі ақпар.

Қызылорда облысында сыртқы қарыз есебінен атқарылған жобалар аз емес. Мысалы, Қызылорда облысын қамтитын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі» ауқымды автожол айқын дәлел бола алады. Аталған жобаны Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (ХҚДБ), Азия Даму Банкі, Еуропалық Қайта құру және Даму банкі, Ислам Даму Банкі сияқты төрт халықаралық қаржы ұйымы қатар қаржыландырған болатын. Оған қоса Арал теңізінің ұлтанына сексеуіл егу үшін ХҚДБдан қаржы алғаны есімізде.

Сонымен қатар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасын да шеттен келетін қаржыға жүзеге асырдық. Нәтижесінде су деңгейін 3,2 метрге арттыруға және жағалау сызығын Арал қаласына дейін 25 километрге кеңейтуге мүмкіндік туған еді.

Квазимемлекеттік және жекеменшік сектор: Демократия табыс әкеледі

Қазақстанның сыртқы қарызы тек Үкімет еншісінде десек, қателесеміз. Себебі сыртқы қарыздың ішкі бөлінісі бар. Яғни мемлекеттен бөлек жеке ұйымдар, қаржы институттары, елдегі халықаралық компаниялар да шетелден қаржы тартуда. Сыртқы қарыздың экономика үшін тиімді тұсы да – осы. Қарапайым тілмен айтқанда, кәсіпкерлер шетелден несие алып, Қазақстанда кәсіп жүргізеді. Салық – қазынаға, жұмыс – халыққа, табыс – кәсіпкерге. Мұндай жүйенің тиімділігіне кәсіпкерлердің бой үйреткені сонша, бүгінде жекеменшік сектордың сыртқы қарызы 132 млрд долларды құрайды.

Forbes Kazakhstan журналының мамырдағы санында экономист Сапарбай Досжанұлының пікірі жарияланды. Онда сала маманы жекеменшік сектордың бір бағыты – фирмааралық берешек ұғымын жатық жеткізген екен.

«Біздің елімізде мұнай-газ секторларында Қарашығанақ, Қашаған, Теңізшевройл, AGIP, ING, Қазмұнайгаз сияқты бірнеше бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Жаңағы шетелдік халықаралық компаниялар қазақ-стандық компаниялармен бірлескен кәсіпорын болып құрылып, біздің ел аумағында жұмыс істеп жатқандықтан, қазақстандық заңды тұлға ретінде тіркеледі. Және олар өздерінің бас компанияларынан еншілес компания ретінде инвестиция тартады, ал бұл өз кезегінде мемлекетіміздің сыртқы қарызы ретінде тіркеледі. Бірақ, бұл жерде қаржыны Үкімет емес, фирмалар алып отыр. Яғни фирмааралық берешек деген осы», – дейді экономист.

Квазимемлекеттік сектордың қарызы да сыртқы берешектің басты бөлігі саналады. Ұлттық банктің мәліметінше, биыл аталған сектордың сырттағы қарызы 12 млрд долларға жеткен. Тіпті кей жылдары қараусыз кетіп, саланың негізсіз шығын көбейген болатын. Содан болар, жақында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров квазимемлекеттік компаниялардың сыртқы қарызының шекті мөлшерін бекітті. Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде министрлік қаулысы жарияланған. Қаулыға сәйкес, биыл «Самұрық-Қазына» сырттан 5,7 трлн теңге немесе 12,5 млрд доллар, ал «Бәйтерек» 2,3 трлн теңге немесе 5,4 млрд доллардан артық қарыз ала алмайды.

Жалпы 2015-2016 жылы сыртқы қарыз үшін квазимемлекеттік секторына алғашқы «таяқ тиген» болатын. Сол жылы «СамұрықҚазына» Ұлттық әл-ауқат қорының борыштық дағдарысынан кейін, Үкімет квазимемлекеттік сектор компанияларының сыртқы қарызын шектеуді қолға алды. Ал 2017 жылдың қыркүйегінде «Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарыздарының көлемін келісу қағидаларын» бекіту туралы қаулыны қабылдаса, жыл өтпей квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларын бекіту туралы басқа қаулыны жарыққа шығарды. Бес жылда бұл қағидалар үш рет жаңартылды. Соңғы өзгеріс өткен шілдеде енген.

Әрине, квазимемлекеттік болсын, жекеменшік сектор болсын, келдің екен деп қолға ақша ұстайтын қай шетелдік қаржы ұйымы болсын. Әрбірінің өз талабы, қояр ережесі, төлем әлеуетіңді тексеретін тәсілі бар. Бұл орайда көп айтатын демократия құндылығы шешуші рөл ойнайды. Қызығы да осы тұста жатыр. Неге десеңіз, елдегі тұрақтылық пен адам құқықтары индексі – әлем үшін «Бұл елге несие беруге бола ма?» деген сұраққа жауап. Демек, елде адам құқығы бұзылса, локальді билік жиі ауысса, ҮЕҰ жұмысына шектеу көбейсе, қаржы ұйымы тиын ұстатпайды. Ал бұл тұрғыда ұпай түгел болса, қанша қалайсың – сонша аласың. Идеологиялық тартыстың қызатын шегі, бұл.

Ұпай дегеннен шығады-ау. Сөзімізді растау үшін мына дерекке назар аударайық. Әлемде мемлекеттердің несие рейтингі бар. Кәдімгі банктегі азаматтардың несие тарихы секілді құбылмалы балама. Қаржы ұйымдары сол бойынша мемлекетке несие береді. Бұл «аллегория» емес, шынайы сипат. Мысалы, S&P, Moody’s, Fitch секілді рейтингтік агенттіктер қаншама мемлекеттің тағдырына әсер етіп отыр. Олар шығарған рейтинг мемлекеттің төлем қабілетіне берілген баға деп есептелуде. Бір қуанарлығы, Қазақстан жыл сайын рейтингте жоғарылап келеді. Мысалы, биыл 62-орынға тұрақтаған. Бізден кейінгі орынға Ресей жайғасыпты.

Соңғы геосаяси жағдайларға байланысты ТМД елдеріндегі қауіпсіз әрі тиімді эконмикалық нарықтың көшбасшысы Қазақстан болғаны жасырын емес. Мысалы, Ресей нарығындағы әлемдік ірі компаниялар кеңселерін елімізге ауыстырып, сауда нарығын бізге бұруда. Оны қытайлық автокөліктердің көбейгені мен TikTok секілді әлеуметтік желі офисі ашылғанынан байқауға болады.

Қос секторда келеңсіздік те кездеседі. Әсіресе, табыстың ел ішінде қалуы ең үлкен мәселеге айналған. Өйткені біз халықаралық компаниялардың жалғыз егесі емеспіз.

«Ресейден әлемдік фирмалар кетіп жатыр. Америкалық немесе қытайлық кәсіпорындар Қазақстан нарығына енерде саналы түрде көп көлемде қарыз алып келеді. Бұл сыртқы қарыз құрылымындағы фирмааралық берешекке жатады. Қарызды басқа емес, бас компанияларымен байланысы бар ұйымдардан алады. Сөйтіп, біздің елде өнім өндіріп, одан түскен қаржының негізгі бөлігін Қазақстанға келерде алған қарыздарын өтеуге жұмсайды. Бұл Қазақстан бюджетіне көп мөлшерде салық төлеуден жалтарудың бір жолы. Экономика үшін мұның да қаупі зор. Өйткені ел қазынасы қаншама қаржыдан қағылып отыр», – дейді С.Досжанұлы.

 Банк секторы да сыртқы қарыздан қалыс емес. Аталған сектордың сыртқы берешегі – 10,6 млрд доллар. Бұл 2022 жылғы 1 қазандағы көрсеткіштен 32,5 пайызға артық. Мұның мәні неде? Мамандар болжамы бойынша әлемдік қаржы ортасында қазақстандық банктердің рейтингі өсуде. Сенім ұлғайып, инвестиция мен қор нарығына жол ашылуда.

Бұған келіспеске болмас. Өйткені соңғы жылдары отандық банктердің қаржылық профилі жақсарды. Мысалы, Kaspi Финтех тобы АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына, яғни NASDAQ тізіміне кіріп, акциялары 17,5 миллиард долларды құрады. Оған қоса елдегі 10 банк ғаламдық Forbes-тың «сенімді» рейтингіне көтерілді.

Жалпы Қазақстанның сыртқы борышының құрылымын қарастыратын болсақ, онда негізгі бөлігін фирмааралық берешек – 92,2 млрд доллар және басқа секторлардың міндеттемелері – 44,4 млрд доллар құрайды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың сыртқы берешегі 12 млрд доллар, ал Ұлттық банктiң қарызы 2,1 млрд доллар шамасында.

Инвестиция: Несие, мүмкіндік,

Инвестиция деген әдемі сөзге үйренгенбіз. Алайда ондағы қаржы жүйесінің алгоритмін біле бермейтініміз жасырын емес. Әрине, ол мағлұматтың халыққа қажеті де шамалы. Десе де қарыз қайдан пайда болып жатыр, ел қарызы неге көп деген сауалға жауап іздегенде, айтпасқа болмайды.

 Қазақстан – бұл бағытта Орталық Азияда көш басында. Былтыр инвестиция 18 пайызға өсіп, 28 млрд долларға жетті. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы шикізаттық емес секторда 300-ге жуық жоба іске қосылды. Оның жалпы құны – 1 трлн 600 млрд теңге. Үкімет тарапынан инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы құрылды. Мыңға жуық жобаның құны 32 трлн теңгеден асады. Нәтижесінде 160 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет алдағы 5 жылда ұлттық экономика көлемін 2 есе ұлғайтуға тиіс. Мәселенің өзектілігін сұхбатында Мемлекет басшысы тағы атап өткен еді.

«Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген», – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан шетелдік инвестиция тарту жағынан әлемде үздік ондықтың қатарында. Алтыншы орында. Халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. «FDI Intelligence» талдау орталығы Азия, Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикалық өсімін зерттеген. Рейтингте Азия елдері көш бастап тұр.

Қызылорда қаласы инвестиция тартты

Инвестиция туралы сөз боғанда Қызылорда қаласындағы экономикалық модельді айтпай кетуге болмас. Аймақ республика бойынша инвестиция тартудан көш басында екенін білеміз. Мысалы, Қызылорда қаласының өзінде биыл негізгі капиталға салынған инвестиция жоспарының жобасы 231,1 млрд теңгені құрайды. Мұын қалалық экономика және қаржы бөлімінің жолдаған сауалдан анықтадық.

«2022 жылы Қызылорда қаласы бойынша меншіктің барлық нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар тарапынан негізгі капиталға 202 млрд теңгенің инвестициясы салынды. 2023 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға 232 млрд 902 млн теңге қаржы салып, 2022 жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда 8,7%-ға артты. Ал 2024 жыл инвестиция көлемі 231,1 млрд теңге шамасында Қызылорда қаласына облыс бойынша салынған инвестицияның 47,9% Қызылорда қаласының үлесінде», – делінген мәліметте.

Расында, қаладағы инвестициялық жобалар бұрыннан жоғары деңгейде. Мысалы, жылу электр орталығы мен Қорқыт Ата атындағы әуежай құрылысына 43 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Сондықтан қарыздың қалаға берері де мол.

Қауіп неде?

Сыртқы қарыздың мүмкіндігі көп болғанымен қаупі де бар. Ол ЖІӨ үлесіне байланысты алаң. Яғни халықаралық тәжірибеде елдегі сыртқы қарыздың үлесін 40- 50 пайыздан аспауы қажет. Біздің ЖІӨ 30-35 млрд АҚШ долларын құраса, сыртқы қарыз 16- 17 млрд АҚШ долларын құрайды, Бұл қарыз көлемі көтерілмеуі керек.

Келесі олқылық – өтеу жолы. Қазақстан дамушы ел әрі шикізатқа тәуелді мемлекет қатарында. Сондықтан қарызды өтеудің негізгі жолы бағалы қағаздарды сатылымға шығару. Бұл экономикалық тұрғыда ішкісыртқы нарықтағы көрсеткішке тікелей тәуелді. Яғни қарыз өтеудің баламалы жолы қарастырылмаған деген сөз.

Қаржы министрлігі қаңтардағы мәлімдемесінде қарыз алу үшін қанша теңгеге облигация шығаратынын мәлімдеген болатын: «Қаржы министрлігі жалпы көлемі 500 млрд теңгеге бір жылдық, екі жылдық – 480 млрд теңге, 510 млрд теңгеге үш жылдық бағалы қағаздарды шығаруды жоспарлап отыр. Алғашқы шығарылым 4 қаңтарда жарияланған. Бұл күні жалпы сомасы 130 млрд теңгеге 4-16 жылдық МЕКАМ орналастырылған. Қаңтар айында биржаға шығарылатын бағалы қағаздардың жалпы сомасы 635 млрд теңге болады. Бағалы қағаздар шілде айында көбірек шығарылып, сол айда 870 млрд теңге тартылмақ. Желтоқсан айында 33 млрд теңгеге мемлекеттік қарыз шығару жоспарланған. Бұл ретте Қаржы министрлігі бағалы қағаздарды шығару кестесі жыл ішінде өзгеруі мүмкін екенін ескертеді» – делінген ресми мәліметте.

P.S. Әрине, қарыздың жақсысы жоқ. Алғанда қуанғанмен, қайтарымы қыспаққа алар сәт кезігуі мүмкін. Мемлекеттің сыртқы қарызындағы ахуал да осы іспетті. Тек елге келген қаржы халықтың өмір сапасын жақсартып, басым бағыттың дамуына сеп болғаны ақылға қонымды. Сірескен сан көңілге медет болмаса да көптің көкейінде қарыздан табыс тауып, берешектен артық пайда әкелсе деген ой барын байқаймыз.

Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: