Жұма, 11 қазан, 03:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Оқуға құштар ауыл

17.09.2024

456 0

Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Бүгінгі Белкөл кентін бетке алып, жолға шыққандағы  мақсатымыз – кенттің рухани өміріндегі болып жатқан жаңалықтармен оқырманды та­ныстыру еді. Бұдан бұрын кеңес кезеңінде Белкөл стансасы атағымен  елге танылған Белкөлдің жаңа келбеті мен бүгінгі тыныс тіршілігі  көз қуантады. Әсіресе елді мекенде көркем әдебиет оқушы оқырмандар саны артқан. Олардың арасында орта жастан асқандар, орта буын, жас буын өкілдерінің белсенділігі көш бастап тұр.  Руханияттың түп қайнары кітапта екені белгілі. Олай болатын себебі де бар. Себебі бұл қасиетті мекеннен зиялы қауым өкілдері, қан майданда ерлік көрсеткен батырлар түлеп ұшқан.

Кенттің тарихи шежі­ресіне бойласақ, бұл киелі жердің топырағынан рес­­публикаға танымал, қазақ-кеңес тарихшысы, тарих ғы­лымының докторы, про­­фессор, Қазақ Совет энцик­ло­педиясында есімі алтын әріп­­термен жазылған белгілі азамат Тәжен Елеуов, Қазақстанның мемлекет қай­раткері, Қазақстанның сыртқы істер министрі, Қазақ Совет энциклопедиясын құрастырушылардың бірі профессор Мүсілім Базарбай, Кәкім Әбдіқадыров  секілді тұғырлы тұлғалар өсіп-өнген.  Кәкім Әбдіқадыров – Сыр өңірінен шыққан 21 батырдың ішіндегі III дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері. Елге келген соң теміржол саласында жұмыс істеп, «Құрметті құрылысшы» атағын алған. «Урицкий» елді мекенін жаудан азат еткені және ұрыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. Ленинградты жаудан азат ету шайқасында көрсеткен ерлігі үшін II  дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері деген құрметті атағы бар. Ал  I дәрежелі «Даңқ» ордені Венгрия мен Чехославакияны неміс басқыншыларынан азат ету ұрыстарында жасалған ерлігі үшін берілді.

Тектілердің ізін жалғап, кенттің даңқын шығарып жүрген қазіргі заман­дастарымызбен де мақтана аламыз. Мысалы, «қазақпын» деп жүрген Сырдың сары қызы Елена Рыбина – Белкөл кентінің төл перзенті. Еленаны ата-анасы Белкөл кентіндегі №198 орта мектебінің орыс сыныбына береді. Соған қарамастан ол Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы», Әбділда Тәжібаев пен Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын сүйіп оқиды. Тіпті өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастарға арналған байқауларға қатысып, жүлделі орын алып, киелі мекеннің рухани қуатын дәлелдеп жүр.

Кітапхана – руханият ордасы

Тұлғалар өмірін, қазақ жазушылары мен ақындарының кітаптарын насихаттап, елге танытуда кент клубында орналасқан №14 кітап­хананың маңызы жоғары. Кітапсүйер қауым­ның рухани танымын кеңейтіп отырған тәлім орнында 12994 кітап қоры бар. Аядай екі бөлмеде орналасқан  кітапханада классик жазушылардың жаңадан басылып шыққан тау-тау кітаптары жиналып тұр. Рухани дүниеге иелік етіп отырған кітапханашы Гүлжайна Нұртаеваның айтуынша, мыңға тарта оқырманның жүрегіне жол тауып отырған ұлағат үясына келушілердің саны жеті мыңнан асады екен.

– Кітапхана «Рабис» бағдарламасымен жұмыс істейді. Электронды каталог саны – 1450. Интернет жүйесіне қосылған. Ауылда бәрінің ұялы телефоны болғанымен, кітапсүйер қауым жетерлік. Өз оқырмандарымызды қызықтыру мақсатында түрлі шаралар өткізіп, жаңа кел­ген көркем әдебиеттерге талдау жасай­мыз. Тіпті мерзімді басылымдарды оқитын оқыр­мандар бар. Бос уақытта кітап оқуды әдетке айналдырғандардың көбі – орта буын өкілдері. Кейде қоғамда кітап, газет оқылмайды деген пікір айтылады. Ол – жаңсақ пікір. Біздің ауыл оған дәлел. Оқырмандардың өздерінен сұрасаңыздар да менің сөзімді растайды, – дейді кітапханашы.

Аядай екі бөлмеде біздің дүрдей жазушы­ларымыздың том-том еңбектері лайықты орын табылмай, жиналып қалған.  Әрине, оқыр­ман көп те, оқу залы,  көркем әдебиеттерді көзі қарақты оқырманның талабына сай ыңғайластырып  қоятын орын тарлық етіп тұр. Бұл мәселе шы­нында ойлантады. Кітапты  жанына серік қылған оқырмандармен тілде­судің де сәті түсті.

Мәдениет Шаханов, кент тұрғыны:

– Мен 2008 жылдан кенттегі кітапхананың тұрақты оқырманымын. Кітапхананың қазіргі жағдайы ескілеу, бөлмелері шағындау. Соған қарамастан, кітап қоры мол. Ыңғайлы жаңа ғимарат беріліп, сол көркем әдебиеттердің бәрін талапқа сай орналастырса, оқырманның да сұранысы артып, саны көбейер еді. Құнды кітаптар сөрелерге сыймай, жиналып тұр. Жар­­қыратып көрсетіп қоятын дүниелер екені анық. Ғимараттың тарлығы қолбайлау болғаны болмаса,  кітапханашының қызметі өте жақсы. Жақында кітапханаға өзіне лайық бөлме беріледі деген хабарды естіп отырмыз.  Жайлы, жарық, заманауи орынға көшсе, біз секілді кітапсүйер қауымға жасалған ерекше қамқорлық болар  еді. Себебі бұл жерде кітап оқушылар конференциясы өтсе, оқу залында мерзімді басылымдарды оқып отырсақ, қандай керемет рухани азық. Өзім тарихи кітаптарды, детектив әңгімелерді көп оқимын. Қабдеш Жұмаділовтің, Ілияс Есенберлиннің, Мұхтар Мағауиннің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің кітаптарын алып оқимын. Өзім Қармақшы ауданының, Дүр Оңғар ауылының тумасымын. Сол жақтың кітапханасында да тұрақты оқырман едім. Кезінде классик жазушы­лардың шығармаларын құмарлана оқып, заман­дастарымызға түсінігімізді айтып, тал­қылап өскен ұрпақпыз ғой. Сондықтан барша кент тұрғындарын кітап оқуға шақырамын.

Білімгүл Рысқұлова, кент тұрғыны:

– Зейнет жасына келсем де кітаптан қол үзген емеспін. Кітап – адамның жан серігі. Ұлағаттың бәрін кітаптан табамыз. Адамның кітап оқыған сайын сөздік қоры да көбейе береді.  Өзім Фариза Оңғарсынованың, Шәрбану Құмарованың өлең­дерін құмарта оқимын. Бала­ға тәрбие беру үшін міндетті түрде тұрақты көр­кем әдебиет оқуды өзіме әдет қылдым. Өзім­нің балаларымды  да шығармашылыққа баулы­дым. Немерелеріме де оқысын деп үйге кітап апа­рып қоямын. Кітаппен дос болған бала бұзақылық­қа бармайды. Баланың дүниетанымы, айнала­сын бағалауы, ой-санасы тереңдейді.  Тағы да дүниені танысам, білсем деп талаптанады. Ой ұшқырлығы дамиды. Адам да солай зерделі бола түседі. Мидың талшықтары оянады. Есте сақтау қабілеті қалыптасады.  Бір сөзбен айтқанда, кітап оқу – миға үлкен  жаттығу.

Ғалия Ергошова, кент тұрғыны:

– Рухани даму адамға қай жаста да керек. Тіпті өмір бойы қажет болады. Мен – 55 жас­тамын. Кітап оқудан ешқашан қол үзбедім. Шағын кітап­хананың белсенді оқырманымын. Алтын қазынадан керегіңді алмай, бейғам жүру­ге болмайды. Бір мезгіл ой жаңартып, мерзімді газет-журналдардан жаңалықтарды оқып отырма­сам, көңілім көншімейді. Қаншама интернет, теле­дидар дегенмен, қолыңа ұстап, бетін парақтап оқыған  кітапқа ештеме де жетпейді.  Жан дүниең бір мезгіл жай табуы үшін көркем әдебиетті жата-жастана оқимын. Өзіме керек дүниені сол жерден табамын.  Біздің ауылда кітапқұмарлар саны көп. Қазақтың энциклопедиясын жазған ғұламалар да туған топырақтан шыққанына мақтанамыз. Сол жаңалықтың бәрін кітап ақтармасақ қайдан білеміз? Кітап ұлы ұстаз екенін мойындауымыз керек.  Тек кітапханамызға  жайлы, жарық, кең орын берсе  екен.

Оқырман пірікі – қашан да құнды. Рухани толысып, кеуде сарайын жан сұлулығына, көркемдікке толтырған жандардың руахни азық жайлы пікірі бойымызға қуат сыйлағандай әсер алдық.

Кітап оқырмандарының талабы орынды.  Бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймыз. Өйткені көзі ашық, көкірегі ояу оқырман  қоғамға ауадай қажет.

Білімдінің күні – жарық

Кенттегі тағы бір рухани ошақ №189 орта мектебіне бардық. Бүгінде білім ұясында 800 оқушы білім алуда. Кішкентай бүлдіршіндердің кітап оқып отырғанын көріп, сүйсініп қалдық. Кітап қоры 31 мыңнан астам болса, оның 4800-і көркем әдебиет екен. Биыл көркем әдебиет  қоры 1960 данаға толығыпты.

Мектеп кітапханашысы Жанар Досаеваның айтуынша, мектепте 2024-2025 оқу жылынан бастап «Балалар кітапханасы» жобасы аясында жұмыс істелуде. Жобаның негізгі мақсаты – өзара қарым-қатынас пен әлеуметтік әріптестік арқылы білім алушылардың оқу құзіреттілігін, оқу мәдениеті мен оқу белсенділігін арттыру, оқырмандар қауымдастығын қалыптастыру, іс-шараларға ата-аналарды да қатыстыру. 

– Мектеп оқушыларының кітап оқу бел­сенділігі өте жоғары.  Балаларды кітап оқуға тарту үшін жаңа келіп түскен көркем әдебиеттерге қысқа бейнеролик түсіріп, таныстырып, сынып­тар  және ата-аналар чатына жіберіп отырамын. Оқушыларды жазғы демалыста шақырып, кітап көрмесін ұйымдастырып, қызықты көркем дүниелерді насихаттаймыз. Әдеби кеш пен шығармадан үзінді алынған қойылымға балалар қуана, әрі белсенділікпен қатысады. Мектебіміздің оқушыларының бос уақытын тиімді пайлалану мақсатында  жылдық жоспар жасалып қойған. Балалардың кітапханаға келу көрсеткіші өте жоғары, – дейді мектеп кітапханашысы.

Әрине, адамның көркем әдебиетке қызығу­шылығы мектеп қабырғасынан басталады.  Отыз жылға жуық еңбек өтілі бар Жанар Досаеваның  бұл салада шебер маман екенін көрдік. Білім нұрымен қуаттанып, жанары жайнап тұрған оқушыларды көріп, көңілге қуаныш ұялады.  Белкөл кентінің тұрғындары кітап оқуға құштар ауыл екендіктерін дәлелдеді.  Кітапхана қорынан біз Белкөл, Бірқазан  атауының қайдан шыққанын да білдік.

Белкөл атауының сыры неде?

Белкөл атауына байланысты түрлі дерек айтылады. Ел аузында айтылған түрлі дерекке мән берсек, кент аумағы бірыңғай құм болғаннан кейін халық ырымдап алдағы уақытта су мол болсын, көгерсін, өнсін, көбейсін белден көл болсын деген ниетпен «Белкөл» деп атағаны айтылады. 

Ал тағы бір мәліметте Белкөл атауы бел «асу, кезең», «аласа асу» мәніндегі географиялық термин есебінде айтылған. Бұл жайтты ескерер болсақ, Белкөл атауы «бел, асу» астындағы «белді асқан жердегі көл» деген мағынаны білдіреді. Егер бел сөзінің қосымша мағынаға да ие екенін еске алсақ, Белкөл – басты, негізгі, ең үлкен көл деген мағынаға да ие деп аталған көрінеді.

Бірқазан атауы қайдан шықты?

Белкөл кентіне қарасты Бірқазан стансасы атауының шығу тарихы жайлы деректі Сағат Жүсіптің мақаласынан алдық. Автордың айтуынша, стансаның ашылуына үлкен орыс шенеунігі келсе керек. Ол кезде бұл стансаның маңы айдыны шалқыған көлі көп, ұшып-қонған қаңқылдаған қаз-үйректі мекен екен. Көп құстың арасында алыстан ерекше әдемілігімен, сұлулығымен, ірілігімен көзге түскен, бұрын-соңды мұндай құсты бірінші көрген шенеунік «бұл қандай құс?» деп сұраған көрінеді. «Бірқазан» деген жауап алған шенеунік «олай болса, осы стансаның аты да Бірқазан болсын» депті.

Елді мекен одан көп жылдар бұрын да осылай аталып келгеніне күмәніміз жоқ. Оған орыс зерттеушілері мен әскери адамдардың күнделіктері, олардың Петербургке жазған қатынас хаттары мен жолдамаларында, одан бұрын ата-бабаларымыз сауда жасап, осы маңмен жүрген керуен жолдардың атаулары жайлы әңгімелерінде, жазбаларда Бірқазан атауының болғаны дәлел.

Кеңес дәуірінің өзінде бұл қасиетті мекенде өндіріс өркендеп, кент кемелденген. Кемелденген дейтініміз, алғашқы көпқабатты зәулім үйлер осы жерде бой көтерген.  Жаңалықтың жаршысындай мұндағы «Әсем» тігін және тоқыма бұйымдары фабрикасы бөлімшесі, аяқ киім тігу цехы облыс  өнеркәсібінің өркендеуіне өзіндік өрнегін қалдырған.

Өткен тарихты білмесек жаңа тарихты қалай жалғастырамыз? Шежірелі мекеннен талай құпияны көңілге тоқыдық, оны оқырманмен бөлісіп отырмыз.

Жаңа жобаларға қарқынды қадам

Біз мұнан әрі ауылдың әлеуметтік жағ­дайымен, даму динамикасымен де танысуды жөн көрдік.  Кент әкімі Жасұлан Сәду  бізге  кентте атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті.

– Қай елді мекен болсын бірінші кезекте жол мәселесі өзекті. Кенттегі Жерұйық, Путейцева тұйығы, Әбдіқадыров №№2,4,6,9 көшелеріне қиыршық тас төселсе, Сарыарқа, Путейцева көшелері асфальтталған. Орталық көше мен Бірлік көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салын­ды. Бірқазан елді мекеніндегі орталық көше толық жөндеуден өтті. Биыл ұзындығы 1,9 шақы­рымды құрайтын К.Әбдіқадыров көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салдық. Бірлік, Путейцева, К.Әбдіқадыров 4 және 6 көшелеріне, Бірқазан елді мекеніндегі орталық көшеге жарық бағана­ларын орнаттық. Сонымен қатар Бірлік кө­шесіне 11,2 млн теңгеге ойын алаңы салынып, балақайлардың игілігіне берілді. Биыл кенттегі тозығы жеткен электр желісінің қондырғысы жаңартылып, Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көше­леріне электр желісі тартылды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта өздігінен тартылған және тозығы жеткен электр желілерін құрылысын жүргізу үшін ұзындығы 21 шақырым болатын 12 көшеге жоба сметалық құжаттар әзірленуде, – деді кент әкімі.

Бір байқағанымыз, кентте кәсіпкерлік саласы да қарқын алып, дамып жатыр. Бүгінде 41 жауап­кершілігі шектеулі серіктестік, 311 дара кәсіпкер,  23 шаруа қожалығы бар. Олардың 98 пайызы нақты жұмыс істеп, салық қазанын толтырып отыр. 

Айта кетейік, 2023 жылы 127 кәсіпкерлік ны­саны тіркеліп, 139  тұрақты  жұмыс орны ашылса, биыл 1 қыркүйекке дейін 87 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 91 тұрақты жұмыс орны ашылған. Был­тыр 191,8 млн теңгені құрайтын 23 жоба қаржыландырылған.

2024 жылы жалпы құны 1 млрд 609 млн 351 мың теңгені құрайтын 15 жоба қаржыландырылса, 8 тұрғын грант иегері атанған. «Қызылорда өңір­­лік инвестиция орталығы» АҚ арқылы «Іскер» бағдарламасымен 16 млн теңгені құрай­тын 4 жоба, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіп­кер­лікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында құны 1 млрд 582 млн 349 мың  теңгені құрайтын 3 жоба қолдау алған.

«ЖК Абылаев» жеке кәсіпкерлігі төсеніш тас өндірумен айналысса, «ЖК Таджимбетов-пластик цехы» пластик есік-терезе шығарады. Ал «ЖК Маусынбаева» ағаш шеберханасын ашып, елге қызметті қолға алса, «ЖК Ахметов»  асыл тұқымды уақ  мал өсіріп отыр.

«Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жоба аясында «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» АҚ арқылы 6% «Абай» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өндіру жобасы 73 млн теңгеге қол жеткізіп, кәсібін жандандыруда.

– Осындай кәсіпкерліктің өркендеуі арқа­сында былтыр салықтық түсімдер жоспары 128% орындалған. 2024 жылға салықтық түсімдер бойынша жылдық жоспар 31 млн 708,8 мың теңге болып бекітілсе, бүгінгі күнге оның 30 млн 824,6 мың теңгесі түсімге айналды. Қазірдің өзінде жылдық жоспар 97% орындалып тұр. 2024 жылға қалалық экономика және қаржы бөлімімен  салық жоспарын 4057,2 мың теңгеге көбейтіп, қазіргі таңда жылдық жоспар 35 млн 766 мың теңгеге бекітілді, – дейді Жасұлан Сәдуұлы.

Көзбен көргендей Белкөл кентінің эконо­микалық даму қарқыны күн санап өсіп келеді. Заманауи жобалармен жаңғырған кентте кәсіп­керлік саласы салық қазанын толтырып, елдің өркендеуіне жергілікті кәсіпкерлер қомақты үлес қосуда. Десе де белкөлдіктердің басқа ауылдардан басты ерекшелігі бар. Ол – мұнда рухани құндылыққа баса мән беріліп, ауыл тұрғындары көркем әдебиетті жата-жастана оқып, руханияттың жанашырына айналуды мұрат тұтқаны. Бүгінгі білек күшінен гөрі білімнің бәсі қымбат заманда олардың мақсаты – кітап оқитын саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: