Биыл – Алаштың анасы болған Қызылорданың ел астанасы болғанына 100 жыл. Талай сырды ішіне бүккен Сыр топырағын ғасыр тарихынан сыр шертеді. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған қала. Ел болашағы үшін, ұлт келешегі үшін шешім қабылданған қала. Қазақ білімі мен ғылымы, өнерінің іргесі қаланған қасиетті топырақ.
Екі ғасырдан астам тарихы бар Ақмешіттің Қызылорда атауын иемденіп, астана болған жылдарына тоқталғанды жөн көрдік. Ең әуелі «көп қаланың ішінен неге Ақмешіт таңдалды?» деген сұраққа тоқталсақ. Белгілі ғалым Амантай Шәріптің «Қожанұлының Қызылордасы» атты мақаласында бұл туралы кеңінен айтылады. Ғалым мақаласында айтылғандай, Сұлтанбек Қожанұлы ең әуелі Ташкент үшін тартысты. Мақаладан үзінді келтірсек: «Сталин «Орта Азияның Шыңғысханы» деп лақап таққан Сұлтанбек Қожанұлы әуелде Ташкент үшін тартысты. Көрнекті ғалым, жерлесіміз Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігіне сүйенсек: «Бұл – 1924 жылғы енші алыста Ташкент маңындағы 40 мың үйлі қазақтар Халық Комиссарлар Кеңесіне 2 мың атты адам жолдап, Ташкент қазақтарда қалсын деп тілек айтқан кез». Алайда ұзақ талас-тәжікеден соң, көкпарға түскен кент РК(б)П ОК-нің шешімімен 1924 жылдың қарашасында біржолата өзбек ағайынның қанжығасына байланды. Қазақ ішінде астана төңірегіндегі айтыс қайта өршіп, үміткер қалалар қатарында Ақтөбе, Ақмола, Ақмешіт, Әулиеата, Семей, Шымкент аталды. Тағы бір тарихи қызық факт мынау: РКП(б) Қазобкомы атқару бюросы 1924 жылғы 8 шілдеде және 14 қыркүйекте, ал тағы бір билік бұтағы – ҚазОАК-і сол жылғы 29 қыркүйекте Қазақстанның орталығын Шымкент қаласына көшіру туралы қаулы шығарған еді. Бірақ бұл үш шешім де орындалмаған. Сол сәтте мәселенің тоқетер төрелігін, қисынды қорытпасын жаңадан жасақталған Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі қызмет) Сұлтанбек Қожанұлы айтты», – деп жазады. «Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын» деген Сұлтанбек Қожанұлы не үшін Ақмешітті таңдады деген сұраққа ғалым мақаласында нақты деректер келтірілген.
«Мемлекет астананың жұртшылығына сүйеніп жұмыс істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды. Олай қылайын десе, Қазақстан хүкіметінің аз ғана күш, азын-аулақ дәулеті Орынбор губерниясынан артылмайды» (Ақ жол. 12.11.1924) деп тұжырымдаған қайраткерді қазақтың кіндік қаласының шалғай шетте орналасуы қанағаттандырмағаны өз алдына, Орынборды ол Ресей империясы Шығысқа ашылатын қақпа ретінде іргесін қалаған «отар қоныс» деп сипаттады. Өз ұстанымын бүкпесіз білдіре отырып: «Қайда болса да Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын. Киіз үйге орнаса да қалың қазақтың ортасы болсын», – деп жазды (Ақ жол. 28.01.1925).
Сұлтанбек Қожанұлы бастапқыда: «Ауылжақтықты қоздырып, әркім өзіне тартып өшігіп, ақырында қиысып келісе алмағандықтан, жүк ескі орнында қалып жүрмесін. Ортаға қойылған мәселе Қазақстанның жалпы астанасы екені ұмытылмасын», – деп алаңдаушылық білдірсе (Ақ жол. 23.12.1924), кейінірек «Қазақстан кіндігі қай қала болсын?» атты мақаласында: «Аты аталып жүрген Ақмешіт қаласы түстігі – Қарақалпақ облысы мен Сырдария губерниясы, күншығысы – Жетісу, теріс түстігі – Ақмола мен Торғай, күнбатысы – Ақтөбе мен Орал болып, үлкен жолдың үстінде тұрған ыңғайлы қала. Қазақ ұлт мемлекетін жасау ісін аяқтағанша, Ақмешіт үлкен қала болып кететіні анық», – деді (Ақ жол. 28.01.1925).
1925 жылғы 9 ақпанда Қазақстан Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру жөнінде қаулы қабылдады. Сұлтанбек Қожанұлы «Лениншіл жас» газетінің сол жылғы 1-2 санында «Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?» деген сауалға жан-жақты жауап қайтарды. Қаланың орналасқан жерінің экономикалық байланысқа қолайлы екенін, табиғи байлық көздеріне таяу тұрғанын, Сырдария өзенінің егіншілікті өркендетуге мол мүмкіншілік беретінін, ең бастысы – шаһар халқының тоқсан пайызын қазақтар құрайтынын тілге тиек етіп, көші-қон жұмыстарын кешеуілдетпеуге шақырды. Ол БК(б)П Қазөлкекомының орталықты Орынбордан Ақмешітке көшіру бойынша іс-шараларды әзірлеу жөніндегі комиссиясын басқарып, мәжілістеріне төрағалық етті және хаттамаларына қол қойып отырды.
Осылайша, сайын сахарада ат жалы, түйе қомында күн кешіп үйренген қазақ қоныс жаңалаудың бұрын болмаған таңсық түрі – астана көшіне қамданды», – деп жазады.
Қызылорданың ел астанасы болған жылдары туралы тарихи деректерге сүйену үшін тасқа басылғандай құжаттарды жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін архивтегі деректерге жүгінетініміз белгілі. Облыс орталығындағы зәулім ғимараттың табалдырығын аттасаң, баға жетпес құндылыққа жолыққандай күй кешесің. Бір ғасыр бұрынғы тарих парағын ақтару үшін облыстық мемлекеттік архивке бас сұқтық. Мекеме басшысының орынбасары Жанат Алтынбаева 2003 жылы Орынбор мемлекеттік архивінен Сыр өңіріне қатысты құжаттарды түгендеп келген болатын.
– 2023 жылы 31 тамыз – 11 қыркүйек аралығында Орынбор біріккен мемлекеттік архивіне бардық. Мұндағы мақсатымыз – Сыр өңіріне қатысты құжаттарды зерделеп, иелікке алу еді. Осы уақыт ішінде Сыр өңіріне қатысты 2000-нан аса құжат көшірмесін алып келдік. Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңға сәйкес құжаттар айналымға бір жылдан кейін түсуі тиіс. Орынбор архивінен әкелінген құжаттар өткен жылдан бері айналымға түсті. Сол әкелген құжаттар бойынша мақалалар жазып, көрмелер ұйымдастырып жатырмыз. Биылғы ақпан айында архив қызметкерлері Ташкент орталық мемлекеттік архивіне барып жұмыс істеп, 700-ден астам құжат көшірмесін алып келді. Ол құжаттар бір жылдан кейін айналымға түседі, – дейді Жанат Олжабайқызы.
Облыстық архивте де Ақмешіттің астана болғаны кездердегі құжаттар сақталған. Оның ішінде V Қырғыздар съезіне қатысты құжаттар бар. Атап айтқанда, Үкімет пойызының келуі, оны күтіп алу, 14-19 сәуір аралығында съездің өтуі, онда қаралған екі мәселе туралы құжаттар сақталған. Ел астанасы болатын Ақмешіт қаласын зерттеуге Досов пен Есқараевты жіберу туралы жеделхаттардың көшірмесі сақталған.
– Орынбордан әкелген құжаттар көшірмесінің ішінде 1924 жылы Қырғыз атқару комитетінің бюро отырысының хаттамасы бар. Онда Ақмешітті астана ету туралы қаулы қабылданған. Орталықты ауыстыру туралы мәселе 1925 жылы 9 ақпанда өткен Қырғыз орталық атқару комитеті президумының кеңейтілген мәжілісінің күн тәртібінде қаралып, Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылданған. Мәжіліске Байсалықов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Орумбаев және тағы басқалар қатысты. Қаулы қабылданғаннан кейін орталықты көшіру жұмысы қауырт басталады. Астананы Ақмешіт қаласына көшіруге байланысты Есқараев, Досов жолдастарды 4 күнге жолсапарға жіберу, аталған мерзімде тексеру жұмыстарын аяқтауға міндеттеген қаулы қабылданды. Ал 9 күннен соң, 18 ақпанда астананы Ақмешітке көшіру жайлы Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қожановтың жеделхатын тиісті орындарға жіберіп, іс нәтижесін секретариат мәжілісінде баяндау үгіт-насихат бөліміне міндеттелді. 17-28 наурызда мемлекеттік орталық мекемелерді (барлығы 58 мекеме) көшіру жоспары мен кестесі жасалынды. Халық Комиссарлар Кеңесінің астанасы Ақмешіт қаласына көшіру мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеу, лайықты жабдықтау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Комиссияның 1925 жылдың 10 наурызындағы бұйрығында комиссия төрағасы Кенжин Ақмешіт қаласына астананы көшіріп әкелуге байланысты атқарылған дайындық жұмыстарының қорытындысын орталыққа баяндау үшін Орынбор қаласына жүріп бара жатқандығына байланысты орнына комиссия мүшесі М.Тынышпаевты қалдыратынын, оған басталған жұмысты әрі жалғастыру, ғимараттарды жөндеу мен дайындауға байланысты қаржыларды жұмсау құқы берілгенін атап көрсетіп, барлық партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдары басшыларын, оның жарлықтарын орындауға оң ықпал етуге міндеттейтіні баяндалады, – дейді архив құжаттарын мұқият зерделеген Жанат Олжабайқызы.
Сондай-ақ архив құжаттарында Қызылорданы астана мәртебесіне сай көріктендіру, құрылыс-жөндеу жұмыстарының қарқын алуы туралы деректер сақталған. Сәулетші И.В.Рянгин қаланың бас жоспарын алдағы 40 жылғы даму динамикасын ескере отырып, кең көлемді, жүйелі жасауды қолға алған екен.
Қызылорда астана болған жылдары газет редакциялары да, баспахана да жұмыс істеп, барлық газет-журналдар осында басылғаны белгілі. Сонымен қатар қазақ зиялыларының, ақын-жазушылардың көп кітабы Сыр топырағында жарыққа шыққаны белгілі.
Сыр өңірі – қазақтың ғылым-білімінің негізі қаланған жер. Мұны архив құжаттары да айғақтай түседі.
– Қызылорда қаласының кемеңгер тұлғалары ғылыми-ағартушылық жұмыспен айналысты. 1925 жылы Қазақ Халық ағарту институты Қызылорда қаласына көшірілген. С.Сейфуллин институтта сабақ беріп, кейін ректор лауазымын атқарған. Сондай-ақ тәжірибелік педагогтар, республикада ағарту жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер – С.Меңдешов, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаев, С.Мұқанов, С.Шонанов сынды ірі тұлғалар институтта дәріс берген. 1927 жылы 10 қыркүйекте Қазақ халық ағарту институты кеңесінің мәжілісі өткізіліп, кіші және жоғарғы топтардағы қазақ тілі пәні бойынша А.Байтұрсыновқа, орыс тілі пәні бойынша С.Мұқановқа, өлкетану пәні бойынша Т.Шонановқа, педагогика пәні бойынша К.Жұбановқа, 1,2,3 топтардағы қазақ әдебиеті пәні бойынша Т.Жүргеновке сағаттар бөлгенін архив құжаттары айғақтайды, – дейді Жанат Алтынбаева.
Тағы бір айта кетерлігі, 1926 жылы Қызылордада қалыңмалды өзгерту туралы әйелдер кеңесі өткен. Бұл кеңесте нендей мәселелер талқыланғаны белгісіз болғанмен, атының өзі оқырманды қызықтыра түсетіні анық. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда қаласының ел астанасы болған кезеңдері жайлы айтылар, жазылар тарих әлі де уақыт еншісінде. Қазақтың қайта қазақ болғаны, өнері, ғылымы мен білімі негізін қалаған астана болған Қызылорда туралы тарихтың бұл бір парасы ғана.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!