Сейсенбі, 22 шiлде, 15:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№54, 2167
22.07.2025
PDF мұрағаты

Техника шебердің орнын баса алмайды

22.07.2025

53 0

Шиелі ауданы, Жиделі ауылынын тұрғыны Өмірзақ Аюпов ер-тоқым жасауды кәсіп еткен санаулы шеберлердің бірі. Ол әке кәсібін  жалғап, оны бүгінгі күнге лайықтап, адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген жан. Осы орайда Өмірзақ Аюповпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Өмірзақ аға, ер-тоқым жасауды қайдан үйрендіңіз?

– Бұл менің әкемнен қалған аманат. Әкем Нұржан Аюпов кезінде ер тоқым, қамшы, қақпан, мылтық сияқты бұйымдарды жасайтын. Сол арқылы отбасының нәпақасын адал жолмен тапқан. Біз жоқшылық кезеңде өмір сүрдік. Балалық шағымыз шеберханада өтті. Басында қолғабыс ете жүріп, кейін бұл кәсіп бойыма қалай дарығанын да сезбей қалдым. «Әке көрген оқ жонар» дейді ғой, әкемнің жанында жүріп шеберліктің қыр-сырын ұқтым. Еңбекке ерте жастан баулуының арқасында өмірге деген көзқарасым өзгерді. Қазір ойласам,  шеберхана менің үлкен мектебім болған екен.

– Бүгінде бұл істі кәсіп ретінде дөңгелетіп отырсыз. Ер-тоқым жасауда ең маңыздысы не?

– Ең алдымен сапа. Жылқы – өте сезімтал жануар. Ер-тоқым дұрыс жасалмаса, жануар мазасызданады. Сондық­тан материалдан бастап, соңғы әрлеу жұмысына дейін тиянақтылық керек. Мен жаңғақ немесе көк тал секілді ағаш­тарды қолданамын. Ағаш алдымен кесіледі, кептіріледі, пайланады. Сосын екі рет қайта өңделіп, түйе немесе өгіз терісімен қапталады.

– Ер-тоқым жасау процесін толығырақ айтып өтсеңіз. Қанша уақыт кетеді, қандай кезеңнен тұрады?

– Ер-тоқымды жасау бір күнде бітетін іс емес. Қажырлы еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Алдымен ердің негізі белағаш, қас, тіреу жасалады. Бұл бөлшектер жаңғақ немесе көк тал ағашынан шабылады. Одан кейінгі ең жауапты сәт «пайлау» деп аталады. Бұл ағашты қажетті пішінге келтіретін процесс. Ары қарай ағаш шанақ толық жиналған соң, оны терімен қаптаймын. Қапталған соң шегелеп, өрнектеп, сән беремін. Соңында ердің астына жұмсақ киіз немесе шұғадан төсеме жасаймыз. Барлығы қолдан істеледі. Бір бұрышын бұрыс жасасаң, ердің тепе-теңдігі бұзылады. Сондықтан аса мұқият жасаймын.

– Ер-тоқым  неше түрге бөлінеді?  Қандай айырма­шылықтары бар?

– Ер-тоқым бірнеше түрге бөлінеді: науқан ер, қарақан ер, қараспан ер, бәйге ер. Әрқайсысының құрылымы мен мақсаты әртүрлі. Мәселен, науқан ер жазғы уақытта шаруашылыққа арналған.  Қарақан ер күнделікті мініске ыңғайлы. Ал бәйге ер жеңіл, шабысқа арналған. Бағалары да әртүрлі. Науқан ер 50–55 мың теңге болса, қарақан ер 60–70 мың теңге аралығында. Өрнекті, былғарымен қапталған ерлер 100 мыңнан асып жығылады. Тіпті арнайы тапсырыспен жасалғандары 120-130 мың теңгеге дейін барады.

– Қазіргі таңда ер-тоқымға сұраныс бар ма? Тапсырыстар жиі түсіп тұра ма?

– Иә, сұраныс көп десем де болады. Әсіресе көктем, жаз мезгілінде көбейеді. Ат спортын серік еткен азамат­тар, көкпаршылар, ауылдағы мал шаруашылығымен айналыса­тындар жиі тапсырыс береді. Ат құлаған кезде ердің тіреуі, басы сынады. Соны ауыстырып, жөндетуге келеді. Кейде тіпті Атырау, Түркістан, Алматы қаласынан іздеп келетіндер бар. Қолдан жасалған өнімге халық сұранысы қашанда жоғары.

Қолөнер табыс көзі ғана емес, өмір салтына айналды десем де болады. Себебі сен бұған жаныңмен берілмесең, күнкөріс көзі болмайды. Мен үшін әр жасаған ер-тоқым – бір тарих. Еңбегіңді бағалап, рахмет айтып кеткен адамды көрсең, өзіңді бақытты сезінесің. Қазіргі нарықта еңбекке қарай табыс та бар. Бірақ мен ешқашан «пайда табайын» деп жұмыс істемей­мін. Пайдадан бұрын сапаға жұмыс істеймін. Нәтижесін де көріп отырмын.

– Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе? Бұл өнердің болашағы қалай деп ойлайсыз?

– Өкінішке қарай, әзірге шәкірт тәрбиелеп жүргенім жоқ. Себебі қызығушылық танытатын жастар аз. Қазіргі ұрпақ жаңа технологияға жақын. Бірақ ұлттың негізі  дәстүр мен қолөнерде жатыр. Егер шынымен үйренемін деген жастар болса, қуана үйретер едім. Алайда мойын бұрып, қызығушылық танытатын жастардың жоқтығы мені алаңдатады. Қолөнер – қазақтың рухани тірегі. Оны ұмытсақ, болашаққа не қалдырамыз?

– Бұл өнердің ертеңгі тағдыры туралы не айтар едіңіз?

– Арманым – ұлымның немесе келер ұрпақтың осы істі жалғастыруы. Бұл – әкемнен қалған аманат. Аманатты аяқасты етуге болмайды. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, ауыл-аймақтарда қолөнер орталықтары ашылып, жастарды үйрететін орта қалыптасса, жақсы болар еді. Мектептерде еңбек сабағында ер-тоқымды жасауды үйретсе, баланың қызығушылығы оянар еді.

– Сіздіңше, нағыз шебер қандай болу керек?

– Нағыз шебер өз ісіне адал, халқының аманатына жауапты адам. Шеберлік қолда ғана емес, жүректе болу керек. Жасаған затыңнан адам мейірім, жылулық сезінуі керек. Мен ешқашан ер-тоқымды асығыс жасамаймын. Себебі асығыстық  шеберлікке кедергі. Қай заманда да техника шебердің орнын баса алмайды. Себебі қолдан шыққан дүние шынайы, таза, рухани бай. Біз осыны ұғынуымыз керек.

– Сұхбатыңызға рахмет

Әңгімелескен Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: