Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тропикалық жеміс өсірген Ақерке

02.07.2024

570 0

Бақша өсіріп, бағбан болу екінің біріне бұйырмаған бақ. Өсімдіктің өзі сезімтал, ерекше күтім мен бапты сүйеді. Ал оны өсіріп өндіру жас нәрестені өсіруден де қиын болмаса, жеңіл емес.  Баладай баптап өсірген бау-бақшаңның жемісін жеу қандай бақыт.  Дәннен отырғызған, көшеттен еккен әр жемісі гүлдеп,  өркен жайып кеткенше бағбанға да тыныштық жоқ. Күннің райына, табиғаттың қабағына қарай олар ауырып қалады. Оны емдеу, артық бұтақтарын кесу, баладай мәпелеу бақша өсірушінің күнделікті жұмысы.  Жас өскінге өмір сыйлаудан  ол жанына рахат алады, еңбегінен бақыт табады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ауыл шаруашылығы магистрі Ақерке Тәжеева – 20 жылдан астам уақытын бау-бақша өсіруге арнаған жан. Ақерке  3 жыл бұрын жылыжайда тропикалық, субтропикалық өнімдерді өсіруді бастаған. Бағбанның біздің өңірде лимон өсірем деген сөзіне алғашында ешкім сенбеген. Алайда ол өзінің қажыр-қайратының арқасында лимон ағашын жайқалтып, көп ұзамай өнім бере бастады. Өткен жылы алғашқы өнімін ала бастады.

– Әдепкіде қыста өнім берді. Әр бұтақтан 2-3 келі өнім жинадым. Болашақта одан көп өнім алуды жоспарлап отырмын. Бізде жаз ыстық және желді. Ал қыста өте суық. Сол үшін жылыжайдың ауасын қалыпты ұстап тұруға жағдай жасаймыз. Лимон негізі салқындау ауаны ұнатады. Бүгінде бақшада жоғарғы сортты қызанақ жайқалып тұр.  Банан күзге қарай гүлдейді. 8 айдан кейін алғашқы өнімін бере бастайды. Енді манго, папая да өсірмекпіз, – дейді Ақерке.

Бұған қоса Ақерке жолдасы Мейрамбек Нұржауовпен жылыжай орнату ісін де қолға алған. Жолдасы М. Нұржауов қаладағы № 264, 140, облыстық дарынды балалар мектебіне жылыжай жасап беріп, бақ өсірудің арнайы тәсілімен бөлісіп, оларға кеңесін аяған емес.

– Егер жылыжай орнатуда, бақша егу тәсілдеріне көмек сұраған адам болса жәрдем береміз, –  дейді Ақерке. Ол жылыжай жасаудың қыр-сырын барлығы бірдей біле бермейтінін айтады.

– Еккен өнімі шыққанмен ондағы ауа қысымы қалыпты болмаған соң, талапқа сай үздіксіз күтім көрсетілмегесін қурап қалады. Жерлестеріміздің көпшілігінен осындай олқылықты естіп, бірқатарына жәрдем бердік. Бірнеше кеңес бере кетейін. Мәселен, қызанақты егудің 2 тәсілі бар. Біріншісі, қызанақ сабағын құлатып отырамыз. Сол кезде 1 жылда бір-ақ рет егіледі. Екінші тәсілі – көшеттің басын кесіп тастаймыз. Ол кезде жылына 2 рет егіледі. 1 түп 3 келі өнім береді. Қазір бізде мың түп өсіп тұр. Арасына екі жарым метр салып лимон отырғыздық. Ертең лимон ағашы 3 метрге дейін өседі. Лимон 3 жылдан кейін өз-өзіне келіп жақсы өнім береді. Әр түптен 3 келі өнім аламыз. 9 жылдық лимон ағашы 180 келі өнім берген еді. Лимон ағашынан 3 жылдан кейін өнімін аламыз ғой. Бір өсіп алған соң көп күтімді қажет етпейді. Көктемде гүлдеген кезде иісі аңқып, денсаулыққа пайдалы екен. Өнімін жинап сатамыз, қаламшадан көбейтуге болады. Адамның шашы өскенде абыржиды ғой. Лимон да сондай,  артық бұтақтарын қиып отыру керек.  1-2 ай сайын қиямыз. Қаламшадан көбейтіп, көшетін сатуға болады. Лимон ағашы химияны қажет етпейді. «Қандай қорек береміз құмды қайдан аламыз?» – деп жұрт бізге келеді. Біз жылыжайын барып көреміз. Дұрыс соғылмаған жылыжайда өнім болмайды. Жылыжай өсіруде бәсеке деген болмайды. Керісінше, бізде жылыжайды көбейту  керек. Біздің берген өніміміз бүкіл қаланы қамтуға жетпейді. Ақыл-кеңесіміз тегін, жаңа бастаған жандарға барынша жәрдемдесеміз, – дейді жылыжай өсіруші.

– Бақшамызда 60 градус ыстықта да қоңыр салқын болып тұрады. Түнде тіпті көрпе қымтанып ұйықтаймыз. Ата-бабамыз ұстаған кетпенмен жерді өңдеп, бақша егіп, көгертіп көктеттік. Соның рахатын балалар жетілгенде көріп отырмыз. Жазда демалыс орнымыз осы жер. Өзіміз қалада тұрамыз. Кейде қаланың беймаза тірлігі шаршатқанда осында келіп, отақ отап, жеміс ағаштарының артық бұтағын қырқып, суарып, жылыжай жұмысымен шұғылданамын. Әп-сәтте таза ауа, көгалда сергіп шыға келесің. Қалада осындай жылыжайлар көбейсе, денсаулыққа да жақсы, әрі бағасы да арзан болар еді. Себебі жылдың бар мезгілінде жеміс жеу денсаулыққа жақсы ғой, – дейді ол.

Иә, шынында өзіміздің өнім аздығынан бау-бақша дақылын сырттан әкелеміз. Сондықтан қымбатқа түседі әрі ұрылып, сапасы нашарлайды. Жергілікті кәсіпкерлер мұндай іске тәуекел ете алмай отырғанын айтады. Қызылорданың ауа-райы тропикалық өнім өндіруге қолайсыз дегендер болғанмен, сол пікірдің бәрін Ақерке жоққа шығарып келеді.  Қазір Сабалақ елді мекеніндегі жылыжайында лимон жайқалып өсіп тұр. Оның жапырағының иісі жұпар шашып, тынысыңды ашады. Бұдан бөлек бақшасында 180-ге тарта өрік, алма, шие және басқа да жеміс ағаштары өнім беріп тұр.  Әрине, мұның бәрі жаңалыққа деген құлшыныстың, ерен еңбек пен маңдай тердің жемісі.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: