Жұма, 22 қараша, 03:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Түлектер мерекеден қағылмайды

21.05.2024

259 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Санаулы күннен соң еліміздегі оқу орындарын 186 мың оқушы бітіріп шығады. Қолына куәлік алып, армандарға қол созып, биік шыңдарға көз тігеді. Кеуде сарайындағы асқақ мақсаттарға қанат қағады. Әйтсе де бүгінгі күнге дейін биыл бітіру кеші болмайды деген жаңалық олардың көңілін су сепкендей басқан. Таяуда сала министрлігі бұл мәселеге нүкте қойды.

Түлектер үшін 1 қыркүйек қаншалықты маңызды болса, 25 мамыр да соншалықты мәнге ие. Өйткені жүректері алып-ұшып, қуаныштан жүзі бал-бұл жанған түлектің жаңа өмірге қадам басатын күні. Таяуда ғана сала министрлігі «Таңдау оқушылар мен мектеп ұжымының өз еркінде» деген үндеу жариялады.

– Осы жылы түлектерге соңғы қоңырауды өткізудің жаңа форматын ұсынып отырмыз. Ол барлық оқушыны бір аудиторияға жинап, шынымен де ыстық естеліктерді оятып, түлектерді одан ары жақындастыратын шара болмақ. Мұнда балаларды әдеттегі мерекелік көңіл-күйден айыру деген ой жоқ.  Мерекеден қағылмайсыңдар, қайта оқушыларды рухани байытатын, тәрбиелік мәні зор дүниелерге бет бұрамыз, – деген еді ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.

Әйтсе де күн сайын тың жаңалық шығатын саладағы бұл бағыт та өзгеріске енді. Әрине,  «Сынып сағаты» деңгейінде емес, кең көлемде аталып өтілуге де рұқсат берілген. Ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар түлектердің маңызды күнін мерекелеуге рұқсат берілгеніне қуанышты. Алайда олар үшін ең маңыздысы, ұлттық бірыңғай тестілеу болып тұр.

Қалаға қарасты Бірқазан елді мекеніндегі №145 орта мектепті биыл 8 бала бітірсе, оның біреуі «Алтын белгіге», екеуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Бітіруші түлектердің сынып жетекшісі Қарлығаш Амангелдіқызы оқушылар мен ата-аналардың дайындығы жоғары екенін айтты. Бір айта кетерлігі, мұндағы балалар ешқандай ақылы дайындыққа бармайды, білім ошағындағы ұстаздарының жетекшілігімен білімдерін тереңдетіп, мектеп бағдарламасына сай дайындық үстінде. Бұл бағытта Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта мектептегі бітіруші түлектердің сынып жетекшісі Бақыт Насыровамен де сөйлескен едік.

– Бұл мерекені ата-ана да, бала да, мұғалім де асыға күтеді. Министрліктің шешімін құптаймын. Жылдағы үрдіспен мерекені атап өтетін болдық. Балалардың жүзінде қимастық, сыйластық, жылулық бар. Болашағынан үміт күттірген шәкірттерімді мен де қимаймын. Ал оларды жарқын болашаққа шығарып салу – мен үшін де маңызды күн, – дейді Бақыт Ахметбекқызы.

Айта кетейік, аталған білім ошағын биыл 17 оқушы бітірсе, оның ішінде бір «Алтын белгі» мен екі «Үздік аттестатқа» үміткер бар.

– Бұл күн – 1 қыркүйек тәрізді жоғары маңызға ие дата. Оқушылар үшін ерекше мереке. Сондықтан білім саласы басшыларының «Балаларды мерекеден айырмаймыз» деген ұстанымы мен бағыты бізді қатты қуантты. Ата-аналар да, балалар да, сынып жетекшілері де мәре-сәре. Сағат тілі ертеңгі дәл осы уақытқа қайта айналып келуі мүмкін, бірақ дәл осы сәт оралмайды. Міне, біз де басқа мектептер тәрізді соңғы қоңырау мерекесіне дайындалып жатырмыз. Алла қаласа, балалар үшін маңызды мереке өз дәрежесінде тойланатынына сенеміз, – дейді №44 орта мектептегі бітіруші сынып жетекшісі Фарида Досмағамбетова.

Әрбір шәкірттің шыңға бастар күнінде жанында ата-анасы мен жақсы көретін ұстаздары қуанышты сәтіне куә боп тұрғаны қандай жарасымды?! Бүгінде елдегі ата-аналар мен шәкірттердің, сондай-ақ ұстаздардың қуанышын еселеген жаңалық еді бұл…

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: