Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тұмауға бейқам қарама

22.10.2024

401 0

Бүгінде көпшілік жиі шалдығатын аурудың бірі – жедел респираторлы вирусты инфекция. Жыл басынан бері 90 мыңнан астам адам тұмаумен ауырған. Ал оның 64 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова ауруға шалдыққандардың басым көпшілігінен тұмау вирусының «А» түрі анықталғанын айтады.

– Тұмаумен ауырғандарды ауруханаға жатқызу көрсеткіші бүгінде 4 пайызды құрап отыр. Айта кету керек, ауыр ағымдағы жіті респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққан науқастардың анализдері тұмаумен қатар коронавирус инфекциясына да зертханалық жолмен тексеруге жолданады. Жыл басынан бері аймақта коронавирустың 85 дерегі тіркелді. Нақты айтқанда, қаңтар-мамыр аралығында аймақта 76 адамнан COVID-19 жұқтыру дерегі анықталса, мамыр айынан бастап тамызға дейін коронавируске шалдығудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Тамыз айында 3 дерек және қыркүйекте 6 жағдай есепке алынды. Бүгінгі таңда эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалауға болады. Биыл тұмауға қарсы вакцинациялау 15 қыркүйектен басталды. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 85004 доза вакцина сатып алынған. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады. Бұл тұмаудың штамдарына қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады. Вакцинациялау облыс емханаларында әлі күнге дейін жалғасуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидаларына сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Олар –ең алдымен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар және балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйінің контингенті. Бұдан бөлек, еңбек ұжымдарында өз қызметкерлерін тұмауға қарсы ақылы түрде екпе салдыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінгі күні тиісті контингенттің 70 пайызы яғни 59608 адам тұмауға қарсы екпе алды, бұдан бөлек, жұмыс берушілер есебінен 1000 адам вакцинациядан өтті, – дейді маман.
Көпшілік жай тұмау деп қарайтын жедел респираторлы инфекция ауруы асқынған жағдайда пневмонияға айналады. Одан бөлек бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит ауруын тудырады. Бұл ауру 2 жасқа дейінгі балалар мен созылмалы ауруы бар науқастарда және қарттар арасында ауыр жағдайда өтеді екен. Мамандар сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада аймақтық дәрігерлерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажеттігін ескертеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: