Сенбі, 22 ақпан, 15:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14,2127
22.02.2025
PDF мұрағаты

Үй сатылады

22.02.2025

91 0

Дәулеттің үй іздегеніне бір айға жуықтап қалды. Жарнаманы қалт жібермейді. Күніне екі-үш сағат, демалыс күндері азаннан кешке дейін үй іздеп сабылады. Тіпті қолы қалт етсе, телефонға үңіліп, үй сататындарды қарап отыр­ғаны. Бір айдың ішінде біраз үйдің жайын біліп те қалды. Сонда да көңіліне жаққан бір үй табылар емес…

Ауылдан қалаға арман қуып келіп, қара­шаңыраққа келін түсіріп, ата-ананың ақ бата­сымен қалаға кеткен Дәулеттің ең алғаш баспана алған кезі есіне түсті. Оған да біраз уақыт өтіпті. Ауылдан бір-екі ірі қарасын сатып, демеушілік жасаған әке-шешенің ақшасына келіншегі Сәуле екеуі там-тұмдап жинағанын қосып бір бөлмелі үйге қолы әрең жеткен. Сондағы қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмас, сірә. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші аядай пәтер хан сарайындай көрінген. Жас отбасы үшін бұдан артық бақыт жоқтай. Сол бір бөлме жастық шағының куәсіндей ыстық еді. Сонда өсіп-өнді, талай рет ағайын-туыс, дос-жаранның басын қосып дастархан жайды. Ал ауылдағы ағайын Дәулеттің қалада зәулім үйі бардай маңдай тіреп келетін еді. Өзін ғана емес, өзгенің де баласын ойлап отыратын елге сыйлы әкесі ауылдың бір баласы қалаға оқуға түсуге талаптанса, «қалада бір үйің бар» деп Дәулеттің үйіне сілтейтін. Қысқасы аядай пәтер бүкіл ауыл баласының шаңырағына айналды. Жылдар өте тұрмыс түзеліп, үйді кеңейтуді ойлаған олар қаланың орталығынан үш бөлмелі пәтер алды.  Бұл да Дәулеттің отбасы мен ауылдағы ағайын үшін үлкен қуаныш болды. Енді қанша адам келсе де, қанша студент жатса да сия беретіндей. Қарап отырса, сондағы көңілдің кеңдігі бөлек қой. Өзінің төрт баласы, оған тағы төрт студентті қоссаң, үш бөлмелі үйдің жайы қалай боларын елестете беріңіз. Бірақ ең қызық, ең бір берекелі  жылдар да сол уақыт екен. Қазір Дәулеттің үйін паналап келген балмұздақ студенттер бір-бір отбасы болған. Әрқайсының қызметі, қалада үйлері бар. Алайда «аш кезде жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпес» дегендей,  мерекеде бәрі осы үйге жиналғысы келеді де тұрады. «Аға, сәлем беріп кетейік дедік» деп ауыл баласы қазақы тәрбиеден алыс кетпей, есік қағып келеді тұрады. Енді жалғыз емес, әрқайсысы келіншегін, екі-үш баласын ерте келгенде үйдің ду-думан болады. Дәулет пен Сәуле де құшақ жая қарсы алады. Өзін аға тұтып, інілер іздеп келіп жатса, бұдан артық қандай бақыт бар? Бірі баласының тұсауын кестіріп, бірі ақылдасуға келдім дейді, әйтеуір не керек, есігі бір жабылған емес.

Қолдағы барға шүкіршілік еткен Дәулеттің жер үй алсам деген жоспары жоқ еді. Бір күні ауылдан қоржындарын арқалап ата-анасы келе қалды. Мұндайда бұл үйде кішігірім той. Қала­дағы бүкіл ағайын жапырлай осы үйге қарай ағылады. Ауылдың дәмін сағынған қалалықтар үшін жәрмеңке басталғандай. Дәулеттің анасы Дәметкен апа да қолы берекелі жан. Арқалап келген құрт-майын, ірімшігін бәріне тең бөліп береді. Ал Дәулеттің сыбағасы өзінше бөлек. Бар тәтті­сін бөлек салып, тәтті толы қалтаны баласына ұстатады. Мұндайда Дәулеттың бала құсап еркелеп кеттіні бар. Жұмыстан келе салып, анасының алдына қи­сая кетеді. Сондай қуанышты сәттің бірінде ол:

– Апа, осы біздің үйде неге апталап жатпай­сыздар? Балалар да ата-әженің тәрбиесін алсын, – деп жүрек түкпіріндегі арманын жасырмады.

Бар баласынан Дәу­ле­тін ерекше көретін анасы да:

– Біздей қарт адамға этажың қолайсыз болар балам-ау. Кейін жер үй алып жатсаң, көрерміз, – деп қалды.

– Этаж дегенің бір қорап сияқты ғой, жер үй болса, есік алдын көгертіп, балаларды ойна­тып жүрер едік. Сонда апталап емес, айлап жатармыз, – деп Жұмабай қарт та қомпаң ете қалды.

Жер үй туралы айтқанда елең ете қалды. Шынында, осы күнге дейін жер үйге көшу туралы ойына келмепті. Сол күннен бастап Дәулеттің бар ойы көшу болды. Үлкен үйдің «бас жоспарын» өзі сызып, тіпті ойша салып тастады. Әйелімен ақылдаса келе, үй салғаннан гөрі дайын үй сатып алсақ дегенге тоқтады. Міне, содан бері де бір ай уақыт өтіпті. Қаланы күніне шыр айналып іздесе де көңілден шығар бір қолайлы үй таппай-ақ қойғаны. Жо-жоқ, әдемі үйлер жетіп артылады. Соңғы үлгімен салынған, ішіне кірсең сыңғырлап тұрған үйлердің сән-салтанаты бас айналдырардай. Мұндай үйдің талайына бас сұқты. Үй де, бағасы да шамасына келердей, үлкендерге қолайлы, арманын­дағы талай үйді кезіктірді. Алайда сәулеті келіскен үйде жүрек жылытар жылулық жоқ екені табалдырықтан аттағаннан-ақ сезіледі. Дәулет бүгін де еңселі үйдің қақпасын қақты. Есікті анасындай ақ жаулықты қария ашты.

– «Үй сатылады» деген екенсіздер, – деді Дәулет амандық-саулықтан соң.

– Иә, иә балам, төрлет. Аралап көре бер. Өзімізге деп мына әкең екеуміз салған едік. Зейнет­ке шығып, осы үйде балалардың қызы­ғын көрсек деп армандадық. Мынау балаларға арналған бөлме, мынау асүй, әрі қарай сәкіге шығуға болады. Жаздыгүні сәкіде отырып шай ішсең, ой бір керемет қой. Бау-бақша жайқалып тұр. Жеміс ағаштары төгіп салады. Әрі қарай өзімізше гүлзар жасап қой­ғанбыз, ортасында әткеншек бар. Бәрін өзіміз жасадық, балалар үшін…

– Неге сатып жатсыздар?

– …

Біраз үнсіздіктен соң жаулығының ұшымен көзін сүрткен қария ішкі сырын жасырмады.

– Өзімнің баламдай екенсің. Несін жасы­райын, шалым екеуміз балаларға болсын деп еңбектендік, бар жақсыны осылар көрсе екен дедік. Алайда қазіргі жастардың жоспарын кім түсінген? Келін бөлек шығам деп қоймаған соң, балам да әуелгіде қарсы болғанмен амал жоқ, келісті де, кетті. Енді оларды үй-жайсыз қоямыз ба? Үйді сат дедік. Бізге енді не керек, шалымыз екеумізге бір бөлмелі үй алып берсе, болды да. Қазіргі жастар ата-анамен тұрғысы келмейді екен ғой. Мейлі, үй болып кетсе болар. Үй іздесең алып қал, қымбат сұрап отырғанымыз жоқ. Өзіңнің әке-шешең бар ма?

Қалың ой құшағындағы Дәулет селк етіп:

– Аа, бар, бар, – деді сасқалақтап.

– Ата-анаңды сыйла, балам, кем бол­май­сың, – деді қария қамыққан күйі. – Біз­дердің тілейтініміз баланың жақсы болғаны ғой, – деп мұны қақпа сыртына дейін шығарып салды.

Зәулім үйден ауа жетпегендей қы­сылып шыққан Дәулет қақпадан он қадамдай жүріп, терең демалды. Отыз күн ішінде мұндай көріністің талайын көрген. Менмұндалаған еңселі үйдің есігін қақса, есікті жүзі жабырқаған жандар ашады. Сөйлете қалсаң, түрлі тағ­дыр. Зәулім сарайға сыймаған пейіл. Мұндай үй­лердің қабырғасын түртіп қалса бар мұңын айтардай жабырқау, еңсеңді басады.

Кеше мансардты үйді Сәуле қатты ұнатты. Бұл үйдің де «сату тарихы» бар. Құмар ойынның жетегінде кеткен баланы қарыздан құтқару үшін ата-анасы үйді сатпаққа бекініпті.

– Балалар шулап кетсе, жоғары қабатқа жібереміз. Ауласы көкпеңбек, әдемі екен. Осыны алсақ…

– Ала алмаймыз, – деп қысқа қайырды Дәулет әйелінің сөзін кесіп.

Ол енді өзі хабарландыру берді: «Үй сатып аламын. Іші мейірімге толы болсын»…

Гүлбибі Мұрат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: