Талғампаз тыңдарман арасында Үкітай Ерниязов есімі жиі айтылады. Оны бірі ақын, сазгер десе, енді бірі жыршы, ақын деп бағалап жатады. Қалай айтса да қателеспейді. Табиғат оған осыншама талантты үйіп-төгіп беріп, сол бақты ұстап тұратындай салмақ бергендей. «Бозторғай ана», «Найзағай көңіл» секілді танымал әндердің авторы, Мәдениет саласының үздігі Үкітай Айжігітұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Үкітай, жүрекке жеткен әндеріңіз арқылы есіміңіз елге танылды. Ең әуелі оқырманға туып-өскен ортаңыз, отбасыңыз, ата-анаңыз туралы айтсаңыз…
– Мен 1987 жылы үлкен отбасында дүниеге келдім. Туған жерім – Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылы. Әкем Айжігіт мемлекеттік қызметте, есеп-қисап саласында жұмыс істеп, зейнетке шықты, анам Орынкүл саудамен айналысты. Өкінішке қарай, жақында анам өмірден озды. Өмірімдегі орны толмас жағдай. Екі әпкем, бір қарындасым, бір ағам, бір інім бар. Үйде менде ғана бәрі бар деп айтамын.
Композиторлығыңыздан бөлек, ақын екеніңізді білеміз. Бірнеше өлеңнің әнін де, сөзін де өзіңіз жазып жүрсіз. Әнші-жыршылығыңыз тағы бар. Бір бойыңызда мұнша өнер болуының құпиясы неде?
– Өзімді композитормын немесе ақынмын деп айта алмаймын. Себебі композиторлықтың арнайы мамандығын алған жоқпын. Бір-жар әндерімнің сөзін өзім жазған кездер болды. Бірақ кейіннен ойлана келе ән жазғаным дұрыс деген шешімге тоқтадым. Абайша айтқанда, «теп-тегіс, жұмыр болсын айналасы» дегендей, өлеңде ұйқас, мағына болу керек екенін кішкентайымыздан ұғып өстік қой. Сонда да болса ақындық бөлек дүние. Менің қағазға түсіргім келген ойымды поэзия ақындары он есе, жүз есе жақсы етіп жазып жатқанда өз-өзімді қинап, өлең жазғанды дұрыс көрмедім. Ыңғайыма келетіні ән жазу шығар деп ойладым. Мені көбі сазгер деп таниды, бірақ мамандығым – домбыра, күй саласы. 2005-2009 жылдар аралығында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжде оқып, ұстазым Төлепберген Тоғжановтан тәлім алдым. 2009-2013 жылдары Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде күй саласы бойынша оқыдым. Белгілі күйші, профессор Орынбай Дүйсен деген ұстаздан білім алдым. Алғашқы ұстазым, әпкем Айнұр Ерниязова кішкентайымнан домбыра ұстатып, терме үйретті. Өзі жыр саласы бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алды. Белгілі айтыскер ақын, жырау Айдос Рахметовтың жары. Жыршылық өнердегі алғашқы ұстазым әпкем Айнұр болса, белгілі жырау Айбек Тәңірбергеновтің таланты кішкентайымнан жырға, термеге қызығушылымды оятып, өнерге келуге әсер етті деп ойлаймын. Себебі оның орындауындағы жырларды бала күнімізден тыңдап, жаттап өстік.
– Дегенмен сізге қайсысы жақын: ән немесе өлең жазу, болмаса домбырамен ән айту?
– Ел мені сазгер деп таниды ғой. Барлығы да жаныма жақын, бөліп-жарып айта алмаймын. Күй саласында оқығаныммен, қазір күйге құмартып, күй тартып жүргенім жоқ. Кішкентайымнан терме айтып өстім ғой деп, жыр теңізіне сүңгіп кеткен жоқпын. Халық менің әншілігімді, шығарған әндерімді бағалап жүр. Сол себепті домбырамен ән айтамын, ән жазамын.
– Танымал әндеріңіз аз емес. Кейде «осы әнімді өзім орындағанда ғой» деген ой болмай ма?
– Әрине, мұндай ой болады. Өйткені өнеріңмен халыққа танылу деген жақсы нәрсе ғой. Танымалдық өзім үшін емес, өнерді насихаттауға керек. Есімім елге белгілі болса, дәстүрлі өнерді дәріптер едім. Әрине, әлі де кеш емес. Кейбір эстрада жұлдыздары қазіргі тілмен айтқанда, «хиттің» иісін сезетін сияқты. Мысалы, мен өзім шығарған әндерге баға бере алмаймын. Әнімнің бәрі бірдей сияқты. Ал кейбір әншілер сол әніммен жарқ етіп, бүкіл ел тыңдап жатқанда «осы әнді өзім орындағанда ғой» деген ой болады. Бәріміз де жарқ еткіміз келіп жүрген жандармыз ғой. Бірақ «өмірге ерте келіп, кеш қалғанмын» дегендей, қазір эстрада да жарқ етіп көрінуге аса қатты тырыспаймын, ұнамайды да. Бұрын нағыз уақытында, жарқырап көрінгім келетін кездерде мүмкіндік болмады. Ал қазір мүмкіндік көп, технология дамыған заманда кез келген адам өнерін үйінде отырып та көрсете алады. Осындай көрінуге мүмкіндік көп ашық әлемде мен керісінше шығармашылықпен айналысып, өзімді-өзім дамытып, шыңдалғанды жақсы көремін.
– Ән жазу үшін алдымен өлеңді күтесіз бе, әлде өлеңін күткен әндер бола ма?
– Екі жағдайда болады. Көбіне өлеңге ән жазғанды жақсы көремін. Өзіме қатты ұнаған, өміріммен, көрген нәрсеммен байланысты болса, жүрекке жеткен өлеңдерге ән бірден келеді. Себебі әбден пісіп, ішкі дүниеңде сайрап, өзі дайын жүреді. Сондай өлеңді көріп қалсаң, бірден ән келе қояды. Кейде керісінше, әні бірінші келіп, ақындарға хабарласып, әннің қалай дүниеге келгенін түсіндіріп, өлең жаздыратын кез болады. Өлеңге ән жазам, кейде әніме өлең жазғызам. Бірақ жоқтан бар құрап, жанымды қинап ән жазудан аулақпын. Ән өзі туғанда ғана өміршең болады.
– Кейде «мағынасыз өлең көбейді» деп сын айтылып жатады. Дегенмен жақсы әндер де аз емес. Ән жазарда өлеңнің мәтініне мұқият мән береді екенсіз. Демек, талғампазсыз ғой?
– Өлеңнің мәтініне мұқият қараймын. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, Шәмші атамыз өлеңнің сөзіне қатты мән береді екен дегенді естігем. Өзі де мықты ақын болған, бірақ жанында қаншама талантты ақын жүргеннен кейін сазгерлік жолды таңдаған дейді. Өзі ақын болғандықтан, әніне жазылған өлең мазмұнын қарап, қателікке жол бермейді екен. Мен де барынша сөзге мән беремін. Кейде жастардың талғамына сай, олар тыңдайтындай ән жазатын кездер болады. Онда да «жастар сөздің мағынасын түсінбейді, өзгеге еліктеп кетті» дегеннен гөрі, жастарға ұнаған өлеңнің ішіне еніп, соны жөндеуге, қазақы иірімдерге қарай тартсақ дұрыс болады ғой деп есептеймін. Кейде дәстүрлі өнердегі аға-әпкелеріміздің «Үкітай тым жақсы дәстүрлі күйші, термеші еді, қазір ән жазып, ән айтып кетті» деген сөзін естіп қаламын. «Мен мынша жырды білетін жыршымын, сонша күйді білетін күйшімін. Бірақ жастар жыр тыңдамайды, күйді ұқпайды» деп отыра бергеннен гөрі шамаң келсе, сол жастардың талғамына сай тыңдайтын әнін түзеп, дәстүрлі өнерге ыңғайласақ деймін. Бұл – менің ұстанымым.
– Сіз туралы «екінші Шәмші» деген елдің бағасын естіп те жүрміз. Бұл бағаны өзіңіз қалай қабылдайсыз?
– «ХХІ ғасырдың Шәмшісі» дегенді естіп жүрмін. Жаңақұрылыс ауылында Нұрлан деген ағамыз бар еді. Бала күнімнен бір иығымда сөмке, бір иығымда домбыра арқалап өстік қой. Сонда Нұрлан ағам көрген жерден «ой, Шәмші» деп айқайлап, сәлемдесетін. Кішкентайымнан осы сөзді естіп өскен соң аса қатты бір таңғалмадым да. Кейде маған осы сұрақ қойылған кезде «Шәмші болу қайда?» деймін. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, өзіме Шәмшінің тағдырын емес, ән-жырын берсін деп тілеймін. Ел айтты екен деп «мен екінші Шәмшімін» деп көкіректі ұратын жайым жоқ. Шәмші атамыздың бағын берсін, ол өміршең әндерді өмірге алып келген, қазақтың маңдайына біткен композиторлық жолдың әулиесі деп ойлаймын. Сондықтан елдің бұл бағасына қысылып-қымтырылып немесе мақтанып, марқаймаймын да. Мақтағанға тасып, даттағанға жасып қалмаймын. Елдің маған арнап айтқан жақсы сөзін, бағасын жақсы қабылдаймын.
– Жүректен–жүрекке жеткен әндеріңіз де, өлеңдеріңіз де аз емес. Жүректен шыққан туындының бәрі де өзіңіз үшін орны бөлек дегенмен, қайсы туындыны ерекше сезіммен айтар едіңіз…
– Қай ән болсын, мен үшін барлығы бірдей. Мынау әнім керемет деп атап айтпаймын. Мен әлі керемет дүние жазбаған сияқтымын. Оркестр орындайтын классикалық шығарма жазғым келеді, әлемдік хит жазғым келеді. Мұндай дүние туған жоқ әлі. Құдай қаласа, сондай бір арманым бар. Әлемге танылатын эстрадалық ән немесе классикалық шығарма болсын, бір дүние жазсам деймін. Ал бұған дейінгі жазған әндерімнің ішінде мынау бір керемет болды деп айта алмаймын. Тек бір жылап шығарған үш әнім бар. Оның бірі Арал ауданында өзін өкіл іні етіп қабылдаған Химран Шамқанұлы деген бауырым өмірден өткенде «Химраным» деген әнін де, сөзін де өзім жазып, бір жеңілдеп қалған едім, бірақ ол жарыққа шыққан жоқ. Екінші, ағалы-інідей болып араласып жүрген бауырым Нұрболат Абдуллиннің әкесі қайтыс болған кезде ақын Ақжол Түменбай «Рахмет, әке» деген өлеңнің сөзін жазып, соның әнін жылап отырып шығарғам. Үшіншісі – жақында анамнан айырылған кезде дүниеге келген ән. Үшінші әнді жазу тіпті оңай болған жоқ. Өзім егіліп отырып, көмейіме лықсып келіп тұрған әнді диктофонға жаза алмай, екі ортада әннен айырылып қала жаздаған сол сәттегі қиналған күйімді сөзбен жеткізе алмаймын. Мені жылатып жарыққа шыққан осы үш ән еді. Бұл әндер халықтың жүрегіне жетті немесе өзіме қатты ұнады деген сөз емес. Қысқасы, мен өз әндеріме баға бере алмаймын.
– Өнер адамдары үлкен ортаға ұмтылатыны белгілі. Сізде де үлкен өнер ортасын іздейтін кезіңіз бола ма?
– Әрине, колледжге түскен жылдардан бастап, одан кейін Астанада да студенттік оркестрде жұмыс істеп, үнемі көпшілік ортада жүргеннен кейін сондай бір шығармашылық ортаны іздейтінім рас. Бір кездері өзім үшін эстрадаға қатысты орта құрғым келген. Бір-екі ақын, оранжировщик, сазгерден құралған топ болса деп ойладым. Өкінішке қарай, бұл ойым жүзеге аспады. Оған бірде адам дайын болса, жағдай келмеді, дегенмен әлде де ойда жүрген жоспардың бірі. Алдағы уақытта этно ансамбль немесе бэнд құрып, бүкіл Қазақстанды аралап, концерт берсем деймін. Бірақ шығармашылық жол осылай болу керек деп кез келген ортаға еніп кетіп, көп араласа бермеймін. Бұрын оркестрде, үлкен орталарда жүрген жақсы еді, шығармашылық даму болады, мықты профессорлар, музыканттар, өмірін өнерге арнаған әнші-күйшілердің ортасында жүрген жақсы ғой. Бірақ қазіргі уақытта мен мұндай үлкен ортаны аса қатты қалай бермеймін. Көп жағдайда шығармашылықпен айналысқанды қалаймын. Жалпы, өнердің қай саласында болсын, сахнадан түспеген жақсы. Бірақ тек сахнада ғана өнер көрсету емес, күнде-күнде немесе өте жиі емес, анда-санда болса да шығармашық кеш өткізгім келеді. Бойымдағы жыршы-термешілік, күйшілік, әншілік өнерді бір арнада тоғыстырып, топ құрып, үлкен бір концерт беріп, бүкіл елді аралағым келеді. Елге беретіндей тәуір дүниелерің болса, соны уақытында көрсетіп, елмен араласып тұрған жақсы деп есептеймін.
– Сіздің бойыңыздан өнермен бірге ұлттық тәрбиені қанып ішкен зиялылық байқалады. Орайы келгенде отбасындағы әке мен ананың тәрбиесі туралы айта кетсеңіз. Біз кейде әкенің беделін төмен түсіріп алдық деп жатамыз. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?
– Адам баласына өнер де, тектілік те ананың сүтімен, әкенің қанымен келеді дейді. «Отан отбасынан басталады» дегендей, кез келген ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Бұл әр баланың санасына байланысты. Бізді анам «әкең келе жатыр, әкеңе айтам» деген тәрбиемен өсірді. Әкемізді пірім деп қабылдап, өмірінің соңына дейін құрметтеп өтті. Әкеміз де отбасында балаларға саусағының ұшын тигізіп көрмеген адам. Бірақ біз әкенің қабағынан қаймығатын едік. Жұмыстан келе жатқаннан тікемізден тік тұрамыз. Үйде әкенің мысы басатын. «Ердің ерден несі кем, айтқан сөзіне берік болса» дегендей, уәдеде тұру, біреудің көңіліне тиіп сөйлемеу, айтар сөзіңді ой елегінен өткізіп барып жеткізу ата-ананың тәрбиесімен бойыма сіңді. Сол үшін де ата-анама өмір бойы алғыс айтамын.
– Арманыңыз…
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демей ме?! Бала күнімде ауылда қой бағып жүріп, ой бағып, ойыма өзінен-өзі өлең келеді, иен далада өлең айтып жүріп «осы әндерімнің барлығын ел тыңдаса ғой» деп армандайтын едім. Сол арманым орындалды. Ауылда теледидардан бар болғаны екі арна көрсететін кез. Сол кезде теледидардан Қазақстанның барлық қаласын көрсетіп жатса, «осы қаланың бәрін көрсем ғой» деп армандайтын едім. Ол бала арманым да орындалды. Адам болған соң арман-мақсат көп қой. Бірақ бір мақсатқа жетуді көздеп, сол үшін бәрін таптап өтіп, жетуге асығатын жандардың қатарынан емеспін.
– Өмірде ұстанымыңыз қандай?
– Барға тасып, жоққа жасымау. Ер жігіт қарапайымдылықты жоғалтпау керек деп ойлаймын. Орындай алмасаң, уәде берме. Басты кесіп алса да, шындықты айту.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!