Тәуелсіздік таңымен тұғырын мықты бекіткен қазақ тілінің мәртебесін көтеру, төл тіліміздің бал бұлағымен кейінгі ұрпақты сусындату, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, бұл бағыттағы насихаттау жұмысын жандандыру – ұлтын сүйген әр азаматтың борышы. Қызылорда – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, туған тілге құрметі ерекше өлке. Бұл бір жағынан ұлтжандылықты білдірсе, екінші жағынан, тіл саласына жауапты басқарманың жүйелі жұмысының нәтижесі деп білеміз. Орайы келгенде өңірдегі тіл мәселесі, қазақ тілінің мәртебесі туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ләззат Есіммен сұхбаттасқан едік.
– «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным», – деп Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда мәлімдеген болатын. Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес қазақ тілін дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Тіл саясаты – ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмысы «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған» тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талабының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп келеді.
Тұжырымдамадағы жоспарды орындау мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану аясын кеңейтуге, мәртебесін арттыруға ықпал ететін болады. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар қоғамдық және салалық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
Атап айтқанда «Емле.kz», «Құжат.kz», «Сөздікқор.kz», «Терминком.kz», «Атау.kz», «Тілмедиа», «Бала тілі», «Тілқұрал» сайттары жұмыс істеуде.
Мысалы, «Емле.kz» сайтының орфография блогында сөздің дұрыс жазылу ережесі берілген. Бірнеше томдық кітапты ақтармай-ақ 2-3 секундта сөздің дұрыс жазылуын көруге болады. «Құжат.kz» сайтында түрлі саладағы құжаттың толтыру үлгісі берілсе, «Терминком.kz» сайтынан бекітілген терминнің дұрыс нұсқасын көруге болады.
Сонымен қатар Kaspi.kz, Krisha.kz, Kolesa.kz, InDrive сияқты мобильді қосымшаның интерфейсіне мемлекеттік тіл енгізілді. Қазақстандағы ең танымал іздеу жүйесінің бірі 2GIS карта мен ұйым туралы деректі мемлекеттік тілде ұсынуда.
Тіл саясаты саласындағы өзекті мәселе бойынша облыстық қоғамдық даму басқармасы тарапынан өткен жылы 3 әлеуметтік жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, республикалық байқаудың облыстық кезеңін өткізуге бағытталған «Аймақтағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» жобасы. Сондай-ақ қазіргі таңда қоғамда жиі көтеріліп жүрген ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсыну мәселесіне орай «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің лингвистикалық базасын қалыптастыру» жобасы және кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпаратында тіл туралы заңнаманың сақталуына бағытталған «Korneki» жобасы жүзеге асты.
Мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуын қамтамасыз етуде басқармалар, департаменттер мен жергілікті әкімдіктердің шығыс құжатындағы мемлекеттік тілдің үлесіне тоқсан сайын талдау жүргізіледі.
Өткен жылдың қорытындысымен шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдар бойынша 99,8% құрады және бұл республика бойынша 2-орынды көрсетті.
Биылғы жылдан бастап салалық басқармаға қарасты ұйымдарға осындай талдау жүргізілуде. Талдау нәтижесімен төмен көрсеткіш көрсеткен мекемелермен жұмыс жүргізіліп, мекеме басшыларына ұсыным хат жолданады.
Сонымен қатар кәсіпкерлік саласында тіл туралы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуде облыстық кәсіпкерлік палатасымен әріптестік байланыс орнатылған. «Тіл туралы» заңға енгізілген өзгерістер палата алаңында кәсіпкерлерге тұрақты түрде түсіндіріліп келеді.
– Сыр өңірі тұрғындарының 90 пайызы қазақ тілін меңгергенін мақтан етеміз. Тіпті біздің облыс ана тіліміздің мәртебесін көтеруде өзге облыстарға үлгі болып жүргенінен де хабардармыз. Бұл орайда өзгелерге үлгі болатын қандай жобаларды атап айтар едіңіз?
– Облыстық байқау жеңімпаздары республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орын иеленуде. Бұл жетістікті мақтан тұтамыз. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауда Тіл орталығының мемлекеттік тіл оқытушылары екі жыл қатарынан бас жүлде жеңіп алса, өткен жылы «Ең сауатты жарнама – тіл абыройы» республикалық байқауында жерлесіміз С. Байжанова жүлделі ІІІ орынды иеленді. 2022 жылы Тіл орталығының үздік деп танылған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» атты әдістемелік құралының электронды нұсқасы республикаға таратылса, 2023 жылы «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы» жарық көріп, барлық өңірге таратылды.
Еліміз бойынша алғаш болып Сыр өңірінде бастау алған «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі лингвистикалық базасын қалыптастыру» әлеуметтік жобасы аясында жергілікті филолог ғалымдардың жүргізген ғылыми зерттеу нәтижесінде жарық көрген «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам атаулары: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалық пен «Тағам атаулары» сөздігі кәсіпкерлік палатасына, қала, аудан әкімдіктеріне, кітапханаларға, оқу орындарына таратылды. Бүгінде бұл әдістемелік құралдың электронды нұсқасы республика көлеміне таратылуда. Биыл «Аймақтағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» және «Körneki» әлеуметтік жобалары өз жалғасын табады.
– Тіл жанашырлары, ұлтжанды азаматтар мен жастар арасында мазмұнды шаралар ұйымдастырыла ма?
– Дұрыс айтасыз. Жастарымыздың арасында мемлекеттік тілге деген құрметті қалыптастыру, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, ұлттық құндылықты насихаттау жұмысы тоқтаусыз жүруі қажет.
Жалпы тіл мәселесіндегі тәрбие – отбасынан бастау алады. «Тілді сүю – талбесіктен» дейді атам қазақ. Осы орайда өткен жылы Жастар ресурстық орталығында «Жастар және тіл» тақырыбында диалог алаңы ұйымдастырылған болатын. Бүгінде бұл шара өз жалғасын табуда.
Ұлттық құндылығымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биыл «Руханият жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеудің іс-шара жоспары бекітіліп, 3-30 сәуір аралығында «Тіл айлығы» жарияланды.
Жоспар аясында іс-шаралар облыстағы көрнекі ақпаратта мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз ету бағытында ұйымдастырылатын «Тіл тазалығы» атты акциясынан бастау алды. «Тіл – ұлттың жаны» атты студенттер арасында әлеуметтік желілілер арқылы бейнеролик байқауы, «Тіл және жастар» тақырыбында дебат ойыны, «KAZAKH TIL QUIZ» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылды. 15 сәуір – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күніне орай жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жастары арасында қазақтың ұлттық киімін кию күні болып белгіленді.
Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу мақсатында ардагерлер мен жастар арасында «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы, «Этно QUIZ» ұлттық-танымдық интеллектуалды сайысы, «Оян, қазақ!» кинофильмін жастар арасында талқылау өтті. Ай бойы ұйымдастырылған іс-шаралар «Ұлттық рухтың негізі – ана тілі» атты дөңгелек үстелмен қорытындыланды.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты этнос өкілдерінің қатысуымен өткен облыстық байқау жеңімпаздары бүгінде елге танылған тұлғаға айналды. Атап айтқанда, ҚР Мәжіліс депутаты Г.Шиповских, Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Е.Рыбина, облыстық Ассамблея мүшесі С.Крюгердің қазақ тіліне деген құрметі өзгелерге үлгі.
– Қоғамдық орындарда, кәсіпкерлік нысандарда тілдік норманы сақтауда кемшіліктер анықталды ма?
– Қызылорда қаласы әкімдігі мен «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы бірлесіп, кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпаратында тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және қоғамдық көлікте аялдама атауының мемлекеттік тілде айтылуы, қазақша ән мен күйдің берілуі, ішкі көрнекі ақпаратының талапқа сай болуын қадағалау мақсатында рейд ұйымдастырылып отырады.
«Körneki» әлеуметтік жобасы аясында 1223 кәсіпкерлік нысанға тіл туралы заңнаманың сақталуына зерделеу жұмысы жүргізіліп, кемшілік анықталған 138 нысан иесіне ұсыным хат жолданды. Бүгінде оның 128-інде кемшілік жойылған. Жоба аясында кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетіліп, 124 көрнекі ақпарат мәтіні орыс тілінен қазақ тіліне аударылып берілді. Сондай-ақ ас мәзірі бойынша іске асырылған жоба аясында 20 қоғамдық тамақтану орнының ас мәзірі мемлекеттік тілге аударылды.
– Ақпараттық көрнекі құралдар қазақ тілінде жазылу керек деген талап қоясыздар ма?
– Әрине, 2022 жылдың 21 қаңтарынан «Тіл туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес барлық көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде жазылуға міндетті, қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазуға шектеу жоқ. Бірақ ол кезде әріп өлшемдері бірдей болуы шарт. Сыр өңірі қашанда өзге өңірлерге үлгі болуы керек қой, сондықтан осыны алға тартып, кәсіпкерлерді барлық көрнекі ақпарат мәтінін қазақ тілінде жазуға шақырамыз.
– Қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдеріне арналған курстар бар ма?
– Басқармаға қарасты Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы, Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдері бойынша тегін оқыту курсын ұйымдастырады.
Айта кету керек, 2023 жылы Тіл орталығы арқылы барлығы 2028 адам мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстарынан өтті. 1050 адам мемлекеттік тілді, 425 адам орыс тілін, 553 адам ағылшын тілін үйреніп шықты.
Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында сөздің дұрыс жазылуын насихаттауға арналған «Сөзтүзер», «Ұлылар ұлағаты», «Трендтегі сленгтер», «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» және «Кино Time» «Practical English» ақпараттық айдары тұрақты жүргізіледі.
– Тілдік норманы сақтамаған жағдайда меншік иесіне айыппұл салына ма?
– Жоқ, басқарманың ондай құзыреті жоқ. Дегенмен кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде кемшілік анықталған нысан иесінің атына ұсыным хат жіберілді.
– Тіл туралы заңның бірнеше бабына өзгеріс енгізілгенін білеміз. Сол жайлы да нақтылап айта кетсеңіз…
– Заң 2022 жылғы 21 қаңтардан күшіне енді. Заң аясында Қазақстан Республикасының 16 заңнамалық актісіне түзетулер енгізілді.
Енгізілген норма көрнекі ақпаратты қазақ тілінде қатесіз жазуға міндеттейді. Яғни көрнекі ақпарат мәтінінің түпнұсқа мағынасын сақтап аудару талабы қатаң ескерілуі тиіс. Бұл талап екі тілде берілген мәтіндердің мағыналық жағынан сәйкес келуін қамтамасыз етеді.
Ең бастысы, бұған дейін «Тіл туралы» заңның 21-бабы бойынша көрнекі ақпараттарда мемлекеттік және орыс тілдерін қолдану міндетті болып келсе, жаңа заңмен тек мемлекеттік тілді қолдану міндеттеліп отыр.
– Тіл мәселесінде түйткілдер, шешілмей жатқан, елді алаңдатқан мәселе бар ма?
– Әрине, бар. Қазақ тіліндегі мульфильмнің, балаларды қызықтыратын бағдарламаның, сапалы киноның аздығы және жастардың мектептен шыға бере және отбасында орыс тілінде сөйлеуі, ақпараттық технологияда мемлекеттік тілдің қолданылуы, мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру секілді өзекті мәселелер бары рас.
– Ұлт тілі мәңгілік өркендеп, елдің мұрат-мақсатына қызмет етуі керек. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін болашақта маңызды қандай жобалар қолға алынбақ?
– «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша іс-шара жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес «Тілдегі өзгерістер: тіл үйретудегі отандық әдістеме» атты республикалық ғылыми конференциясын өткізу, меншік нысанына қарамастан салаға қарасты барлық мекемеде, кәсіпорында, ұйымда заң талаптарына сәйкес іс қағаздары мен құжаттама жүргізуде және жиындарды өткізуде мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз ету, мекемелерде, оларға қарасты ұйымда, жоғары, арнаулы орта және жалпы орта оқу орнында жеке куәліктегі «-ов, -ова,-вич, -вна» жұрнақтарын ұлттық дәстүрге сай өзгерту жұмысын насихаттау қолға алынбақ. «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобасы әзірленуде.
Мемлекет басшысы биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне тоқталып, «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек» деген болатын.
Олай болса, Сыр елінің әрбір азаматы отбасында, ұжымда, қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде сөйлеп, ана тіліне деген қамқорлығын, жанашырлығын нақты іспен көрсетуі керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Гауһар Қожахметова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!