Жексенбі, 24 қараша, 11:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ұлтты ұйыстыратын идея

08.06.2024

469 0

Сурет:Тобол инфо

Әділетті Қазақстан ұғымын қалай қабылдап жүрміз? Жалпы әділдік сөзінің мәні қандай? Әділдік іздеген қоғам нені талап етеді?
Осы аптада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Бірлік пен даму. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланды. Мақалаға арқау болған да Әділетті Қазақстанның бүгінгі жолы. «Әділетті Қазақстанның мәні неде?» деген сұраққа жауап берген бұл мақалада әділдікті ұстаным еткен мемлекеттің бұл идеясы жай айтыла салған сөз емес, қоғамның сұранысы да, ұлтты ұйыстыратын идея екенін атап көрсетті. «Әділдік идеясы қоғамның сұранысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни «Әділетті Қазақстан» ұлтты ұйыстыратын идеяға айналды. Осы орайда «Әділдік» және «Әділетті мемлекет» деген терминдердің мән-мағынасын нақтылай кеткен жөн. Әділдік дегеніміз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу деген сөз. «Әділдік» ұғымын дәл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр» деп атап көрсетеді.

Соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып келе жатқанын атап айтқан Мемлекеттік кеңесші бұл орайда 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформа аясында халықтың жерге және оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар және өсімдіктер әлеміне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата заңда бекітілгенін, бұл қағида іс жүзінде «Ұлттық қор – балаларға», атты бағдарламаның жүзеге асуын, кезінде заңсыз алынған, жалпы сомасы 1 трлн теңгеден аса активтердің елге қайтарылғанын, пайдаланылмай жатқан 5 млн гектардан астам жердің мемлекет меншігіне өткенін, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының құрылғаны, «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының кемінде 7 пайызы жыл сайын осы қордың есепшотына аударыла бастағанын мысал етіп көрсетеді.
Мақаланың «Жаңа идеологиялық тұғырнама» деп аталатын екінші бөлімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында көрініс тапқан бес тұжырымды атап көрсетеді. «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң және тәртіп», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» «Адал азамат» секілді бес тұжырымы ел дамуына серпін беретін, қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін құндылықтарды дәріптеу екенін көрсетеді.
Мемлекеттік кеңесші бұл мақалада қоғамда жиі айтылып қалатын, көп талқыланатын сұрақтарға жауап береді. «Кейде «Реформалар нәтижесі қайда? Уәде етілген өзгерістер қайда? Жаңа Қазақстанның түрі осы ма?» деген пікірлер айтылып қалады. Біріншіден, өзгерістер әп-сәтте жасала қоймайды. Реформаларды жүзеге асыру үшін орасан зор күш-жігер, қисапсыз уақыт қажет. Мәселенің мән-жайын білмейтін адамға бұл үдеріс тым ұзаққа созылып бара жатқан секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен өзгерістер бар. Кез келген реформа – қажырлы еңбекті талап ететін аса күрделі жұмыс. Кім не десе о десін, Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келеді» дей келе елімізде жүзеге асып жатқан реформаларға тоқталады.
Жалпы «Әділетті Қазақстан» идеясы жүзеге асу үшін не істеу қажет. Бұған қоғам қалай үлес қосады? Біз әділдікті ұстаным еткен мемлекеттің дамуына қалай үлес қоспақпыз? Мақаланың «Жаңа қоғамдық этика» деп аталатын бөлімінде мақала авторы қоғам санасы өзгермей ешнәрсе өзгермейтінін атап айтады. «Қоғам санасындағы және жұрттың мінез-құлқындағы әбден ескірген қасаң түсініктер мен ұғымдар келмеске кетпесе, саясат пен экономикадағы ауқымды реформалар еш нәтиже бермейді. Ескішілдік пен өркениетті даму жолы ешқашан бір арнаға тоғыспайды. «Мысалы, 2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілді. Өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болды. Ашығын айтсақ, бірқатар округте бағдарламалар мен идеяларға негізделген еркін бәсеке түріндегі саяси күреске куә бола алмадық. Тіпті кейбір жерде қылмыстық топтар билікке енуге де әрекет жасады» деп жазады. Демек, елдің жаңаша дамуына, әділдік үстем құруына әрбір адам мінез-құлқымен, іс-әрекетімен жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Мақаланың «Қоғамдық пікірталастың REDLINE-ы» деп аталатын бөлімде қоғамда пікір алуандығын дамыта отырып, ел бірлігіне сызат түсірмеу маңызды екенін атап көрсетеді. Бұл орайда азаматтық қоғамға, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне, блогерлерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Әсіресе этносаралық қатынастарға және тіл мәселесіне, дін саласына, сыртқы саясатқа қатысты ахуалды ушықтырмауға баса мән беруі қажет екенін атап көрсетеді. Бұл орайда сарапшы, білікті мамандар пікіріне сүйенген жөн.
Мақаладағы «Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істеу деген сөз, яғни адамдармен ашық әңгімелесіп, тұрақты диалог орнату қажет. Сонымен бірге ысқырығы жер жаратын бәзбіреулерді көпшіліктің сөзін сөйлеп жүрген адам деп түсіну де әбестік» деген жолдар да бүгінгі қоғамның өзекті мәселесін дөп басқандай.
Жалпы біз армандаған, біз қалаған Әділетті Қазақстанды жасайтын өзгелер емес, өзіміз екенін түсінетін кез келгендей. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін әрбір азамат жауапкершілікті сезінуі қажет. Қай кезде де ел ішіне іріткі салатын емес, елді ұйыстыратын сөз айту маңызды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: