Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің хабарламасы банк сайтында жарияланды. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, шешім қабылдау кезінде инфляциялық процестердің динамикасы мен ішкі және сыртқы факторлар ескерілген.
– Экономикадағы бағаларға қысым әлі де бар. Ақылы қызметтер мен азық-түлік бағасының жоғарылауы инфляцияның өсуіне бірден бір себеп. Сонымен қатар, инфляцияның тұрақты бөлігі де біршама өсті. Соңғы айларда айлық инфляция баяулап келеді, бірақ әлі де орташа тарихи көрсеткіштен асып отыр. Халықтың инфляциялық күтулері біршама төмендеді, дегенмен әлі де жоғары. Экономика өткен жылғы 4,8%-дан осы жылғы бес айда 6%-ға дейін жеделдеді. Сұраныс әлі де ұсыныс мүмкіндіктерінен жоғары болғандықтан, бағаға қысым бар. Осыған байланысты тұтынушылық сұранысты тежеп, бағаның өсуін ұстап тұруға Ұлттық Банктің ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты ықпал етіп отыр. Сыртқы нарықтарда тұрақсыздық күшейіп, әлемде белгісіздік артып келеді. Оған саудадағы шиеленіс пен Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы әсер етті. Әлемдік азық-түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл жағдайда инфляциялық күтулерді тұрақтандыру, инфляцияны төмендету маңызды. Сол үшін Ұлттық банк қатаң ақша-кредит саясатын ұзағырақ сақтайтын болады, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, биылғы маусым айында жылдық инфляция 11,8%-ға дейін өскен. Бұған бірден-бір себеп – қызмет көрсету секторы болып қалып отыр. Сервистік инфляцияның жылдық көрсеткіші маусым айының қорытындысы бойынша 16,1%-ға жеткен. Тек тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің емес, сонымен қатар нарықтық қызметтердің құны да өсіп келеді, бұл экономикадағы тұрақты ішкі сұранысты көрсетеді. Сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдері мен импорт бағасының көтерілуінен азық-түлік инфляциясы өсіп, 10,6%-ды құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 9,4%-ға көтерілген. Маусым айында айлық инфляция 0,8%-ға дейін төмендеп, бұл мамырдағы 0,9% және сәуірдегі 1,2%-бен салыстырғанда аз). Базалық және маусымдық әсерден тазартылған инфляция көрсеткіштері біршама өскен. Бұл проинфляциялық қысым жағдайында бағаның тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Халықтың алдағы жылға арналған инфляциялық күтулері 12,6%-ке дейін төмендеді, бірақ олар тұрақсыз күйінде қалып отыр. Респонденттердің жартысынан көбі келешек инфляция бойынша нақты болжам айтуға қиналады. Бұл халықтың күтулеріндегі белгісіздікті көрсетеді. Ал бағаның ұзақмерзімді өсімі бойынша халықтың күтулері 14,2%-ға дейін өскен. Қаржы нарығындағы кәсіби қатысушылардың осы жылғы бағаның өсіміне қатысты болжамдары 10,7%-дан 11,0%-ға дейін аздап өсті, ал 2026 жылға арналған болжамдары 9,4%-дан 9%-ға дейін төмендеген.
2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында экономика 6,0%-ке өсті. Ең көп өсім көлік, құрылыс, сауда саласында байқалады. Тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде де іскерлік белсенділік артып келеді. Ішкі сұраныс экономикалық өсуді жеделдетудің негізгі драйвері болып қалып отыр. Оның қарқыны әлі де болса өндірістің мүмкіндіктерінен асып түсіп, баға қысымының тәуекелін туындатады. Халық табысының бірқалыпты өсуі, сондай-ақ тұтынушылық және корпоративтік несиеленудің жоғары көлемі сұранысты қолдайды. Бөліп төлеу әдісін көп пайдалану, белсенді маркетингтік науқандар мен инфляциялық күтулер де маңызды рөл атқарады. Осының бәрі осы жылдың басындағы біршама төмендеуден кейін қайта өскен бөлшек сауда көрсеткіштеріне әсер етеді. Жеке инвестициялардың артуына байланысты инвестициялық белсенділіктің қарқыны жақсы: биылғы қаңтар-мамыр айларындағы өсім 18,2%-ды құрады. Инвестицияларда бюджет қаражатының үлесі де артты. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында оның үлесі жалпы көлемнің 22%-ын құрады және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге жуық өсті. Ұлттық Банк қадағалайтын іскерлік белсенділік индексі (ІБИ) бір жылдан астам уақыт бойы оң көрсеткіш көрсетіп, кәсіпорындардың іскерлік ортаға қатысты оптимистілігін білдіреді. Осылайша, инфляцияның қазіргі кездегі динамикасында көрінетін экономикағы үрдістер бағаға қысым сақталып отырғанын көрсетеді.
– Әлемдегі белгісіздік деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Бұл мұнай бағасының, қор және сауда нарықтарының айтарлықтай құбылмалы болуына әсер етуде. Сонымен қатар, негізгі сауда серіктесіміздің бірі – Ресейде баға өсімі біртіндеп баяулағандықтан, сыртқы инфляциялық қысым біршама әлсіреді. Әлемде азық-түлік бағасы әлі де жоғары. Маусым айында ФАО азық-түлік бағасының индексі алдыңғы аймен салыстырғанда біршама өсті және былтырғы деңгейден 5,8%- ке жоғары болды. Дамыған елдерде жыл басынан бері инфляция баяулағаны байқалады, алайда реттеушілер белгісіздік артып келе жатқанын ескертті. Осы жағдайда жетекші орталық банктер ұстамды саясатты ұстанып отыр. Мамыр айында Еуроодақтағы инфляция 2%-дық таргетке жақындап, 2,2%-ға дейін төмендеді. Еуропа Орталық банкі экономикадағы белсенділікті қолдау мақсатында мөлшерлемелерді төмендетуді жалғастыруда. Алайда, ол сауда саясатына және өсіп келе жатқан бюджеттік шығыстардың бағаға қосымша қысым түсіру қаупін атап өтті. АҚШ-та мамыр айында баға 2,4%-ға өсті. Федералды Резервтік Жүйе АҚШ-тың сауда және фискалдық саясаттағы өзгерістеріне байланысты белгісіздік жағдайында мөлшерлемелерді төмендетуді уақытша тоқтатты. Ресейде инфляциялық қысым біртіндеп төмендеп келеді. Мамыр айында инфляция 9,9% болды. Осыны ескеріп, Ресей Банкі маусым айында негізгі мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендетіп, инфляцияны 2026 жылы таргетке қайтару үшін қажет ақша-кредит шарттарының қатаңдығын қолдайтынын атап көрсетті, – дейді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Айта кетелік, ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін қазіргі деңгейінде сақталуы мүмкін екенін айтты.
Гүлмира ДіЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!