Кеше Сыр өңірінің бас шаһарында «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы – 2025» халықаралық форумы өтіп, қала дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Форумға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, сондай-ақ БҰҰ-Хабитат пен бірқатар БҰҰ агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде форумды Қазақстандағы урбанистика саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тарихи бастама ретінде бағалады. Аймақ басшысы қазіргі урбанизация дәуірінде қалаларды тұрақты дамыту үшін экологиялық тепе-теңдікті сақтау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сыр өңірі аграрлы аймақ болғанмен, қарқынды қала инфрақұрылымын жаңғырту және экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадамдар жасап келе жатқанын айтты.
– Бүгінгі урбанизация дәуірінде қалаларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі. Қызылорда – дәстүрлі аграрлы аймақ. Қызылорда – мегаполис болмағанымен, қарқынды урбанизация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасаған қала. Қала халқының үлесі өсіп, өңір тұрғындарының шамамен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады. Қызылорда облысы Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін, нақты стратегияларға, аймағымыздың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда. Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы 135 млрд теңгеден астам инвестиция құйып, құрылыстың 80%-ы аяқталды. Орталық қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Катармен үкіметаралық келісім негізінде оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд. теңге болатын бу-газ қондырғысы салынады. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады. Бүгінгі форум – қалаларды тұрғындарға қолайлы, климатқа төзімді, инклюзивті орталықтарға айналдыру жолындағы бірлескен бастамаларымызды нығайтатын алаң. Біз үшін форум – тек талқылау емес, нақты әріптестікке бастайтын жол. Осы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге серпін беріп, қалалардың болашағын қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттарға жетуде маңызды қадамдар жасауға ықпал етеді деп сенеміз»,– деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ өңірде қала инфрақұрылымын жаңарту және жаңа энергия жобаларын іске асыру арқылы тұрақты урбанистикалық өсім қамтамасыз етілетіні атап айтылды.
Қала инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа нысандар
Форумға келген қонақтар алдымен қаладағы бірқатар маңызды нысандарға экскурсия жасап, жүргізіліп жатқан урбанистикалық жобалармен танысты. Ең алдымен орталық алаңды көрді. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен орталық алаңға жаңа субұрқақтар орнатылып, көгал төселіп, көпжылдық өсімдіктер егілген. Сонымен қатар алаңға шағын сәулеттік мүсіндер, заманауи орындықтар мен жарық шамдары қойылып, балаларға арналған ойын алаңы ашылған.
Бұдан кейін делегация Сырдария өзенінің жағалауы мен Тәуелсіздік даңғылына ат басын бұрды. Өткен жылдан бері Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі ұзындығы 6,7 шақырым жол бөлігінде қызу жұмыс жүргізілуде, бұрын екі жолақты болған көше енді төрт жолаққа кеңейтілді.
Жаңғырту аясында өзен жағалауындағы қорғаныш бөгеті нығайтылып, жол жаңарып, жаңа асфальт төселді. Өзен жағалауындағы 1,4 шақырымдық ескі бөгет толық тазартылып, оның орнына дәл сондай ұзындықта тіреу қабырғасы тұрғызылды. Жағалау аумағы абаттандырылып, жаяу серуенге арналған инфрақұрылым орнатылған. Сондай-ақ түрлі-түсті суреттермен безендірілген осы даңғыл бойында тұрғындардың демалысы үшін 8 ойын және спорт алаңы жабдықталды.
Форум делегаттары Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа стадион құрылысының барысымен танысты. Қазір стадионның шығыс және батыс трибуналарының металл құрылымдары орнатылып, трибуналардың қабырғалары мен витражды терезелері салынған. Болашақ футбол алаңы жабдықталуда. Одан кейін қонақтар 400 орындық физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатына барды. Заманауи зертханалармен, робототехника және STEAM кабинеттерімен жабдықталған бұл оқу орнында физика, математика, информатика пәндері ағылшын тілінде тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ форум қатысушылары жаңадан ашылған «Үстел теннисі» орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, шығармашылық-инновациялық академия және «Анаға тағзым» орталығы сияқты бірқатар мәдени-білім беру нысандарын аралап көрді.
Болашақтың қаласы қандай?
Форумның пленарлық және секциялық отырысында қала дамуы, климат өзгерістеріне бейімделу, шағын қалалардың ел дамуына қосар үлесі талқыланды. Сонымен қатар қала құрылысы мен инфрақұрылымын жаңғырту және қалаларды цифрландыру арқылы деректерге негізделген басқару мәселелері де күн тәртібіне қойылды. Сарапшылар жаһандық «New Urban Agenda» (Жаңа қаланың күн тәртібі) принциптері мен БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын жергілікті деңгейде іске асыру тәжірибелерімен бөлісіп, өңірлерден бастау алатын жаңа урбанистік мәдениетті қалыптастыру жайын талқылады. Халықаралық форум қорытындысында өңірлерде тұрақты урбанизацияны дамытуға бағытталған бірнеше бастамалар таныстырылып, алдағы ынтымақтастық жұмыстарының негізі қаланды.
Форум аясында «Жаңа қаланың күн тәртібі және Қазақстанның урбанистік көкжиегін қалыптастыру» тақырыбында бірінші тақырыптық сессия өтті. Пленарлық форматтағы бұл жиын урбанистика саласындағы отандық және шетелдік жетекші сарапшыларды, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік құрылым өкілдерін бір алаңға жинады. Сессияның модераторы – БҰҰ-Хабитат ұйымының өңірлік кеңесшісі Катя Шефер кіріспе сөзінде жаһандық урбанизация үрдістерін Қазақстанның қалаларды дамыту саясатына үйлестірудің маңызын атап өтіп, форумның ел болашағы үшін стратегиялық мәніне тоқталды.
Бас баяндамашы ретінде сөз алған БҰҰ-Хабитат атқарушы директорының міндетін атқарушы, ғаламдық шешімдер департаментінің директоры Рафаэль Тутс қазіргі заманғы қаланы жоспарлау мен басқарудың озық тәсілдеріне шолу жасап, инклюзивтілік, климат өзгерістеріне төзімділік және қоғам мен табиғат арасындағы тепе-теңдік қағидаттарына ерекше назар аударды. Сессия барысында түрлі елдердің сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдері қазіргі урбанизацияның өзекті сын-қатерлері мен басымдықтарын, әлеуметтік теңдік пен инфрақұрылымды дамыту мәселелерін және мәдени маңызы бар қалалық орта қалыптастыру жайын талқылады.

Спикерлер қатарында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев болды. Ол өңірдің урбанистикалық даму стратегиясын таныстырып, инфрақұрылымды жаңғырту және қолайлы қала қалыптастыру жөніндегі жобалар туралы айтты, сондай-ақ форумда айтылған идеяларды іске асыруға дайын екенін жеткізді. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сұхроб Ходжиматов инклюзивтілік пен әлеуметтік әділеттіліктің маңызын алға тартып, қаланың әлеуметтік-экономикалық саласын жан-жақты баяндап берді. Урбанист-сәулетші, «Harry Dobbs Design» студиясының негізін қалаушы Гарри Доббс архитектуралық шешімдер мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандырудың қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей ықпал ететінін нақты мысалдармен көрсетті. «Urban Living» және «Marini Urbanismo» компанияларының негізін қалаушы Рикардо Марини қалалық кеңістікті тұрғындардың әлеуметтік байланыстары мен мәдени құндылықтарын нығайтатын «тірі жүйе» ретінде қарастыру керектігін айтты.
Сессия соңында қатысушылар стратегиялық бастамалар бойынша пікір алмасып, алдағы уақытта өзара ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Қалаларды жүйелі дамытуда әріптестіктің маңызы ерекше атап өтілді. Бұл кездесуді Қазақстанда жаңа урбанистикалық тәсілді қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп бағалауға болады.
Форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар өмір сүруге қолайлы, инклюзивті, қоршаған ортамен үйлесімді қалалар құру бағытында маңызды қадам болмақ. Сыр өңірінде бастау алған бұл форумда талқыланған идеялар еліміздегі урбанистика саласының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!