Зейнегүл биыл зейнетақы қорына жинаған қаржысының белгілі бір бөлігін алуға мүмкіндік туғанына қуанды. Шекті мөлшерден асқанда алатын қаржысын есептей келе, тісін емдетуді жөн көрген. Алайда қуанышы су сепкендей басылды…
Кейінгі жылдары халық бірыңғай зейнетақы жүйесіндегі қаржысының бір бөлігін үй алуға, тіс емдетуге, денсаулығын түзеуге, білім алуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсап, қуанып қалған еді. Биылғы жарты жыл ішінде қазақстандақтар зейнетақы қорынан 200 млрд-қа жуық ақша алған. Бірінші кредиттік бюроның хабарлауынша, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында БЖЗҚ 176,7 мың өтінішті қарап, халық 6 ай ішінде барлығы 199,4 млрд теңге қаржы алған екен. Салымшылар бұл қаражаттың 60 пайызға жуығын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсаған. Өткен жылдың І тоқсанымен салыстырғанда зейнатақы қорынан ақша алу артқаны байқалады. Яғни алынған қаражаттың жалпы сомасы 2,6 есе, өтініштер саны 3,7 есеге өскен.
Алдағы уақытта зейнетақы қорынан қаражат алу талабы қайта қаралып, өзгеруі мүмкін. Бұл мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бірыңғай зейнетақы қоры арнайы есептеу жүргізуде. Әзірге белгілісі қор қаражатынан енді тіс емдеуге қаржы беру 6 айға тоқтатылмақ. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған еді. Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинақтарынан тіс емдеуге қаржы бөлуді алып тастауды ұсынды. Бұйрық күшіне енсе, осы жылдың тамыз айынан бастап қазақстандықтар зейнетке жинаған қаржысынан тіс емдете алмайды. Бұл мәселе қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Мәжіліс депутаты Марат Башимов елде тіс емдету өте қымбат екенін айта келіп, бұл өзгеріс азаматтардың құқын шектеу деген пікірін білдірді. Алайда министрлік бұл бұйрықты жайдан-жай шығарып отырмаған сыңайлы. Себебі ел арасында зейнетақы қорынан қаржының бір бөлігін тіс емдетуге деп алып, клиникалар арқылы ақшалай алған жағдайлар айтылып та жүр.
Тыйым салуға себеп бар
Министрлік бұйрығының жобасы жарияланған кейін «Отбасы банкі» кейбір азаматтардың тіс емдету мақсатында өтініш беріп, бөлінген қаражатты клиника арқылы ақшалай алып алған жағдай да бар екенін жариялады. Адамнан айла артылған ба деген осы болар. Отбасы банкі ресми жариялаған дәйектен үзінді келтірсек: «Биылдың өзінде 23 шілдеге дейін банк арқылы емделуге 435,1 млрд теңге біржолғы зейнетақы төлемдері пайдаланылған. Бұл соманың шамамен 98%-ы стоматологиялық қызметтерге кеткен. Дегенмен емделуге жұмсаған біржолғы зейнетақы төлемдерін тексеру кезінде қаржыны мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталған. Анығын айтқанда, кейбір клиникалар зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақша түрінде шығарып алуға көмектескен. Банк мұндай жағдайды қалай анықтады дегенге келсек, мынадай дәйектерді алға тартады.
– стоматологиялық клиникалардың орналасу мекені клиенттердің тұратын жеріне және медициналық тіркеуге сәйкес келмеген;
– клиникаларда болдық деген азаматтар көрсетілген стоматологиялық қызметтер алу туралы анықтамалармен растамаған;
– бірқатар клиент өздерінің зейнетақы төлемдерін ешқандай стоматологиялық қызмет алмай, делдалдар арқылы және ақшалай сыйақы төлеп алғандарын түсіндірген.
– Бірыңғай зейнетақы төлем қаражаты есебінен емделу үшін міндетті құжаттардың тізбесіне кіретін, азаматтардың медициналық тіркелген жері бойынша дәрігерлік комиссиялардың қорытындыларында қол қоюға құқығы жоқ, сондай-ақ дәрігерлік комиссияның мүшесі болып саналмайтын, тіпті медициналық мекемеде жұмыс істемейтін адамдардың қолы қойылған.
– БЖЗҚ салымшыларының жеке қаражаты, оны азаматтар өздері қалауынша пайдалануға құқылы деген жаңсақ пікір бар. Бірақ «Отбасы банк» БЗТ-ны пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде заңға сәйкес, осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті», – деді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
2021-2024 жылдар аралығында БЖЗҚ қаражатына көрсетілетін қызметтер көлемі бойынша топ-25 стоматологиялық клиника мемлекетке салық түрінде шамамен 63 млн теңге төлеген. БЖЗҚ қаражаты есебінен ұқсас кезеңде көрсетілген қызметтер көлемі шамамен 91 млрд теңгені құраған, яғни салық жүктемесі небәрі 0,07% болған.
– Біздің ойымызша, бұл стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілетін қызметтердің шынайылығына күмәнданудың себебі, әсіресе, протездеу және имплантациялау сияқты күрделі процедуралар туралы сөз болғанда», – деп түсіндірді Л.Ибрагимова.
Үй бағасы, қағаз жүзінде сатып алу мен емдету…
Зейнетақы қорындағы жинаған қаржының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа пайдалану халыққа қаншалықты пайдалы болды? Ел экономикасына қалай әсер етті. Бұл орайда экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.
– Зейнетақы жинағындағы қаражатты пайдалануға мүмкіндік беру жақсы дүние. Бұл әлемдік тәжірибеде жақсы қолданылады. Бірақ бізде бұл дұрыс жүзеге аспады деп айта аламын. Бірінші кезекте зейнетақы жинақтарынан қаражат шешіп алуға табысы жоғары азаматтарға ғана мүмкіндік берілді. Ал табысы төмен азаматтар, жалпы қарапайым халық бұл мүмкіндіктен қағылды. Яғни халықтың мүддесіне арналған жоба болған жоқ. Өйткені бірінші кезекте зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланып үй сатып алғандар елде тұрғын үй бағасының күрт өсуіне ықпал етті. Соның әсерінен Отбасы банкіне алғашқы жарнаны әрең дегенде жинап жүрген азаматтар үшін қиын болды. Себебі үйдің бағасы шарықтап, жинаған ақшасы алғашқы жарнаға жетпей қалды. Одан кейін зейнетақының шегін тағы да өсіріп жіберді. Мұнан кейін қарапайым азаматтар зейнетақы жинағынан қаржы алудан үмітін үзіп, қолын бір-ақ сілтеді деп айтуға негіз бар. Өйткені ешкімге тиімсіз, қолайсыз жоба болып қалды. Қайта керісінше, бұл арқылы кейбіреулер әр түрлі айла тауып алып, біреуден біреу үй сатып алғандай болып, болмаса стомотология немесе басқа да жолдармен қаражатты шешіп алу арқылы артық ақшаны кіргізіп, инфляцияны туғызды деп айтуға негіз бар.
Сондықтан бұл бағдарламаны енгізбестен бұрын бәрін жоспарлы түрде ойластыру керек еді. Осы орайда зейнет жинағынан алған қаражаттан баспана алғысы келсе, жаңа үйлерді ғана алуға талап қою керек деген ұсыныс айтқан едік. Сол кезде құрылыс қарқынды жүріп, отандық құрылыс компаниялары жақсы табыс табатын еді, азаматтарға жұмыс болатын еді. Екінші нарықтағы үйден де баспана алуға мүмкіндік берудің себебінен қаражатты түрлі келісіммен шешіп алу жағдайлары болды, – дейді экономист.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, зейнетақы қорының қаржысынан ақша алуға тыйым салу туралы ұсыныстар айтылуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Светлана Жақыпова сарапшылар БЖЗҚ-дан қаражатты мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды ұсынғанын айта келіп, мұны министрлік те қолдайтынын білдерген еді. Қалай айтқанда да, зейнетақы қорына ақша жинау жүйесі ең алдымен қарапайым халыққа тиімді болу керек. Бұл орайда тағы да экономистің пікіріне сүйендік.
– Жалпы зейнетақы жинағы ең бірінші кезекте халыққа тиімді болуы керек. Ол үшін бірінші кезекте зейнетақы қорына қаржы жинақтай алса, жинақтаған қаржысы дұрыс еселенсе, инвестициялық табыс пен кіріс жоғары болса, халық үшін сол кезде тиімді болады. Қазіргі кезде бұлай деп айта алмаймыз. Инвестициялық кіріс инфлияция деңгейінен төмен болып жатады, ал азаматтар зейнетке шыққан кезде мардымсыз зейнетақы ала бастайды. Сол себепті көпшілігі зейнет жинағына қаржы жинауға ынталы емес, тіпті еңбекақысын да конвертпен алғысы келетіндер көп, не де болса, қазір жұмсағаным жақсы деп ойлайды. Зейнетақы қорындағы қаражатты шешіп алу мүмкіндігі болғанын қолдаймын. Себебі әрбір азамат бұл өзінің қаражаты екенін сезіну керек. Ол үшін өз қаражатын басқара алу керек. Артық қаражатын баспана алуға, денсаулығын түзеуге, инвестициялауға, сенімгерлікке беруге әрқашан мүмкіндігі болуы қажет. Зейнетақы активтерінің дұрыс басқарылмауы, оның инвестициялық кірісі мен табысының төмен болуы зейнетақы қорына қаражат жинауға азаматтарды ынталандырмайды. Екінші мәселе елімізде табыс деңгейінің төмендігі. Табыс төмен болған сайын зейнетақы қорына аударатын ақшасы да, кейін алатын зейнетақы да аз болады, – дейді экономист Мақсат Халық.
Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін өз мақсатына жұмсауды армандайтын Зейнегүлдер аз емес. Кейде маңызды қажеттілікке табыстың жетпейтіні белгілі. Мәселен, елде тіс емдету арзан емес. Ал баспаналы болу қаншама отбасының арманы. Зейнет жасына дейін алға қойған мақсатқа жетуге зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігі сеп болса екен дегендер аз емес. Біздің айтпағымыз, зейнетақы қорындағы қаржы алған азаматтардың оны қайда жұмсайтыны емес, зейнетақы қорының халыққа тиімді болғаны.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!