Дүйсенбі, 17 маусым, 03:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47-2057
15.06.2024
PDF мұрағаты

Камалдин ШЕРМАҒАМБЕТОВ,
Қазақ күріш институтының «Агротехнология, мелиорация және топырақтану» бөлімінің ғылыми қызметкері:
Шаруашылықтар күріштің көлемін азайтуға ынталы емес

25.05.2024

262 0

Күріш – біздің аймақта өсірілетін ең маңызды дақыл. Дегенмен су тапшылығы кезінде жыл сайын күріш егу топырақ құнарлығының төмендеуіне әкелетінін біреу білсе, біреу білмейді. Мұндай сәтте осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың кеңесі ауадай қажет. Бұл мәселелерді ауыл шаруашылығын әртараптандыру жолымен, су тапшылығына төзімді дақылды ауыспалы егіске қосу арқылы шешуге болатынын ғалымдар дәлелдеп отыр. Егіс шаруашылығындағы топырақтың құнарлылығын қалай сақтауға болатынын, дақылды арамшөптен қорғаудың тәсілдері жайлы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш институтының «Агротехнология, мелиорация және топырақтану» бөлімінің ғылыми қызметкері Камалдин Шермағамбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Жалпы күрішті ғылыми зерттеуде тәжірибелеріңіз бар екенін білеміз. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңыз туралы айта кетсеңіз…
– Дұрыс айтасыз. Біздің институтта Қазақстан бойынша күріш дақылын зерттейтін, ғылыми тәжірибе жасалады. Дақылдардың жаңа сорты¬ның технологиясын жасау, су тапшылығына байланысты әртараптандыру біздің негізгі жұмысымыз. Көктемде тәжірибе жасайтын алқап Қарауылтөбе ауылдық округінде. Тәжі¬рибеге бақылау жүргізіп, мәліметтерді жинақ¬тап, 3 жыл¬дың қорытындысымен есеп береміз. Дақылдардың селекциясы мен тұқым шаруа¬шылығы техно¬логиясын жүргіземіз. Өсімдікті қорғайтын пре¬паратты сынақтан өткізіп, қолданысқа енгіземіз. Ол егінді зиянкестен, ауру¬дан, арамшөптен қор¬ғайды. Кей кезде сондай зиянкестің кесірінен күріштің өнімі азайып, 60-70 центнерден алған кезіміз бол¬ған. Кез келген дақылды еккенде өзіне тән арамшөп болады. Мысалы, күріш алқабында өсетін арамшөп басқа дақылды еккенде өспеуі мүмкін. Сол себепті әлемде шығарып жатқан химиялық препараттар институтқа әкелінеді. Біз сол препаратты сынақтан өткіземіз. Мен сол жұмысқа жауапты қызметкермін. Зиянкеспен күресте бұл препараттың биологиялық тиім¬ділігі жоғары. Мұндай препарат тек шетелде өндіріледі. Қазақстанда оны шығаратын ірі өндірістік зауыт жоқ. Әлемде мұндай фирмада мыңдаған адам жұмыс істейді.
– Әртараптандыру деген сөздің мағынасын аша кетсеңіз…
– Әртараптандыру деген күріштен басқа дақыл егу. Жылдан-жылға су азайып бара жатқан соң күріштің үлесін азайту деген талап бар. Бұл мәселені де біз сын таразысынан өткіземіз. Ауыспалы егістің үлгісі 8 танапты боп келеді. Бұл Краснодар өлкесінде сынақтан өткен егістің үлгісі. Оны қалай жүзеге асырамыз оны өзіміз шешеміз. Өзім 1981 жылдан күріш ауыспалы егісімен айналысып келемін. Қандай дақыл егетініміздің бірнеше үлгілерін шығардық. Облыс 3 аймаққа бөлінеді. Оңтүстік аймаққа – Шиелі, Жаңақорған ауданы, орталық аймаққа Қызылорда, Жалағаш, Сырдария ауданы, солтүстік аймаққа Қармақшы, Қазалы ауданы қарайды. Әр аймақ¬қа тиімді ауыспалы егіс түрлерін жасадық. Ауыспалы егісті алғаш сынақтан өткізіп жатқан жылдары Краснодардағы бүкілодақтық күріш институтынан тапсырма келетін. Кезінде сол оқу орны бізге басшылық жасаған еді. Сол кезде күріштің үлесі 62,5 пайызға жетті. Ол зерттеу дұрыс нәтиже бермеді деген сөз. Біздің жеріміз күріштің үлесін көтеруге қауқарсыз болды. Бірақ қазірдің өзінде облыста күріштің осы үлесін ұстап қалған шаруашылықтар көп.
– Шаруашылықтар күріштің көлемін азайтуға неге ынталы емес?
– Себебі күріш басқа дақылға қарағанда экономикалық жағынан тиімді. Сол себепті шаруа¬шылықтар күріштің көлемін азайтуға ниетті емес. Жылда «биыл су аз болады» деп ескертеміз. Алайда сонда да күрішті азайтпаймыз. Кейбір жерлерде су аздығынан күріш піспей қалады. Себебі күріш піскенше су жеткілікті мөлшерде болуы керек. Біздің облыста мұндай жағдай кездесті. Егін егілген кезде су мол болды да тамыздың аяғы, қыркүйек айында су тапшы болып, күріш піспей қалды. Тіпті күріш балшықта тұрса да, піспейді. Күрішті 90-100 күн сумен бастырамыз. Сусыз қалса жер астындағы тұз көтеріледі. Су басып тұрса, тұздың көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Күріш еккеннен кейін топырақ тұзсызданып шығады. Кейбіреулер күріш ексең, топырақ тұзданады дейді. Бекер әңгіме. Қашыртқы жақсы жұмыс істейтін болса, топырақ құнарын жоғалтпайды. Ал ол дұрыс жұмыс істемесе, атыздарға тұз жайылып, жерді құнарсыздандырады.
– Күріштен басқа қандай дақылдар егеміз деген сауал бүгінде өзекті болып тұр. Бұл туралы қандай кеңес бересіз?
– Күріштің экономикалық жағынан тиімді екенін елдің бәрі түсінді. Тағы да бір тиімді жағы қауын, қарбыз ексеңіз, оны сол жылы сатасыз, келер жылға сақтай алмайсыз. Ал күрішті жинап алғаннан кейін келесі жылдың өніміне дейін сақтап, қалаған уақытта сата аласыз. Күріштің әлемдегі бағасы өте жақсы көтеріліп келеді. Сол себепті шаруашылықтар күріштен айырылғысы келмейді. Мемлекеттік мекемелерде несие деген бар. Сондай-ақ шаруашылықтар ұзақ жылға несие алып, техника алады. Ол техника күріштен басқа дақылға жарамсыз. Сондықтан қарыздан құтылу үшін мейлінше күріш көлемін қысқартпауға тырысады. Күріш себетін, күріш жинайтын комбайнды жүгері, бұршақ сияқты басқа да дақылдарға қолдана беруге болмайды. Күрішті суару жүйесі де жасалып қойылған. 8 танапты бір мезгілде суару күріштің арнайы суғару жүйесі жасалмаса, мүмкін емес.
– Бірақ ауыспалы егісті сақтамаса бол¬майтынын айтып мамандар дабыл қағуда. Соның сыры неде?
– Топырақтың құрамында түрлі минералдық элементтер болады. Ол органикалық қорды ғылымда гумус дейді. Гумус дегеніміз – қара шірінді. Бұл – топырақтың негізгі көрсеткіші. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан топырақтың құрамындағы зат. Солтүстікте топырақ құрамын¬да 7-7,5 пайызға дейін бар. Ал біздің топырақта 1 пайыздың шамасында. Себебі бізде күннің көзі жердің құнарын жеп қояды. Өсімдіктен қалатын шірінді қалдық та аз. Болашақты ойлай бермей¬тін жер иелері үздіксіз күрішті егіп, құнарын 1 пайыздан да түсіріп жіберген жағдай-лар бар. Бұл – катастрофа. Бұрын топырақтың 1 пайыздық құнарлылығын ұстап тұратын мал фермалары болған. Фермадан шыққан көңді топыраққа төгетін болған. Қазіргі жағдайда «РЗА» сияқты белгілі шаруашылық болмаса, ондай мүмкіндік жоқ. Қазіргі мүмкіндік – көп жылғы жоңышқа егу. Жоңышқадан басқа бұршақ немесе майбұршақ та тиімді. Бұршақ тұқымдас дақылдардың тамыр-ларында кубинкалық бактериялар болады. Осы бактериялар атмосферадағы азотты сіңіреді де, жерді байытып, қара шірінді көбейтеді. Олар гектарына 20 тоннаға дейін топырақта өсіндінің тамыр, жапырақ қалдықтарын қалдырады. Соның бәрі гумусқа қосылады.
– Соя дақылы топырақты құнарландырады. Дүниежүзілік нарықта қымбат дегенді жиі естиміз. Неге осы дақылды екпейміз?
– Ресей органикалық тыңайтқышты соя арқылы сақтап отыр. Бізде соя егу үшін техниканы өзгерту керек. Біздің климат Ресейдегідей қоңыр салқын емес, ыстық. Олардың топырағында тұз жоқ. Мұнан өзге де қиындықтар бар. Әйтпесе дүниежүзілік нарықта бұршақтың бағасы өте жоғары.
– Ауыспалы егісте тиімділігі жоғары қандай дақылдар бар?
– Ауыспалы егістегі негізгі дақылымыздың бірі – жоңышқа. Ол жердің қорегін сақтайды және мал азығына пайдаланылады. Мәселен, Жаңақорған ауданында күріш егісін 37,5 пайызға төмендетті. Оның бір себебі су аздығынан болса, екінші жағынан жоңышқа дақылы жерді тыңайтады, әрі оны сатуға да тиімді. Экономикалық жағынан қолайлы. Енді бір атап өтетін нәрсе, біз облыс бойынша күріш үлесін 50 пайызға түсіруді зерттегенбіз. Тіпті оны дәлелдеп те шықтық. Бұл жағдайда күріштің өнімі кемімейді, 1 гектарға кететін судың үлесі азаяды, топырақ құнары жақсарады. Алайда бұған шаруашылықтар ынталы емес. Себебі экономикалық жағынан тиімсіз деп есептейді. Ал жыл сайын күріш еге берсек, ол жер шаршайды, тыңаймайды. Жердің құнарын сақтап қалу үшін ауыспалы егіс егуді қолға алған жөн.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: