Сәрсенбі, 08 мамыр, 23:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Қош келдің, гүл көктем!

02.03.2024

377 0

Сурет:million-wallpapers.ru

Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт,

Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.

Көктем келді. Өмірдің келешегі!

Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.

Сағым қыздың ап қашып орамалын,

Асыр caп тентек жігіт жел еседі.

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Біздің көктем» өлеңіндегі осы бір жыр жолдарынан жылулықтың лебі ескендей сезіледі екен.

Көктем – қыс пен жаздың ортасындағы мамыражай уақыт. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы да осы көктем. Күн мен түннің теңелетін кезі де, ескінің жаңаратын тұсы да, ақ қардың көкке жол беріп, жердің бусануы да, найзағай ойнап, жаңбырдың жиілеуі де, ағаштың бүршік атуы да көктемде болады. Бір сөзбен айтқанда, табиғат ана жасанады, жасарады.

Бүгін оқырман үшін көктем жайлы қызықты деректерді және осы мезгілде орындалатын салт-жоралғылар мен дәстүрлерді жазғанды жөн көрдік.

Көктемде адамдар қысқы киімдерін ауыстырып, жеңіл киіне бастайды. Сол сияқты табиғат та киім ауыстырады. Жануарлар да, өсімдіктер де сыртқы келбетін өзгертеді. Жануарлардың жүні түлеп, орнына басқасы шығады. Мысалы, қыста қоян мен тиіннің жүндері ашық түсті болса, көктемде қошқылданады. Тіпті мамандар көктемнің жылдамдығын да есептеп шығарыпты. Ғалымдар өсімдіктердің шешек атуын бақылау арқылы көктем тәулігіне 50 шақырым жыл­дамдықпен қозғалатынын дәлелдеген.

Дәстүрге келетін болсақ, жылдың осы мезгілінде қап қағар орындалады.Негізі қазақта қысқа дайындал­ған соғым көктемде азайып,  таусыла бастайды. Сол таусылуға шақ қалған етті қаптың түбінен алып, қазан көтеріп асып, көрші-көлемді шақыратын болған. Бұл соңғы асы қалса да басқамен бөлісуге дайын қазақтың шынайы пейілін көрсетеді.

Көктемде шығыстың жаңа жылы Наурыз мейрамы да келеді. Бұл мереке қарсаңында да ұлттық таным-түсінікке сай салт-дәстүрлер орындалады. Жыл көженің дайындалуынан бөлек, селт еткізер мен ұйқы ашардың да алар орны ерек екенін айта кеткен ләзім.    Қазақтың бүкіл дәстүрі осы мейрамда қайта түлейді. Жұрт сәбиді бесікке салу, тұсау кесу дегендерді де мерекемен ұштастырады. Ұлттық ойындар да ойналады.

Кей жылдары көктемде жаңбыр жаумай, сай-салалар құрғап, жердің шаңы көтеріліп жатады. Арты қуаңшылыққа ұласуы да бек мүмкін. Сондай кезеңде тұрғындар жиналып, тасаттық береді. Тасаттық кезінде құдайға құрбандық шалып, ас беріп, құран оқытып, жауын тілейді. Тасаттықтың әлі күнге дейін орындалып келе жатқанын көпшілік жақсы біледі.

Женевада кантоналды әкімшіліктің терезесінің алдында талшын бар екен. Оны «ресми талшын» деп те атайды. Сол талшын бүр жарғанда ғана көктем ресми түрде келеді деген түсінік бар. Женевада бұл талшын наурыз айында бүр жарады.

Көктем жайлы бұдан да басқа қызықты деректер мен дәстүрлер болуы мүмкін. Біздің әзірге ойға түйгеніміз осы болып тұр.Әйтсе де көктем алғашқы күнінен бастап мерекемен басталады. Наурыздың алғашқы күні алғыс айту күні болса, 8 наурыз – қадірлі әжелеріміз бен ардақты  аналарымыздың, құрметті апа-қарындастарымыздың, сүйікті жарымыз бен қыздарымыздың мерекесі. Мерекелік көңіл-күймен жүргенде 21-22 наурыз күндері бүкіл түркі жұртының, одан қала берді күллі шығыстың жаңа жылы келеді. Ел ішінде, ауылдарда 13 наурыздан бастап жаңа жылымыз тойлана бастайды. Амал мерекеті де осы кезде болады. Одан сәуір болмай, тәуір болмайды дейміз. Мамыр айы да мерекемен есігін ашады. Бұл айдың алғашқы күні елімізде ынтымақ пен бірлікті тәу еткен татулық күні болса, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні де 9 мамыр – жеңіс күніне ұласады. Осындай мерекеге толы шуақты күндерін ала келген көктемге қош келдіңнен басқа айтарымыз жоқ.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: