Балалардың алаңсыз демалып, сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, денсаулығын нығайтуға арналған заманауи орталықтардың маңызы зор. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі – Президент саябағы аумағында орналасқан «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы. Жуырда ашылған орталық 1 маусымда алғашқы демалушыларын қабылдамақ. Мемлекет басшысының қолдауымен бой көтерген заманауи лагерь жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, балалардың сапалы демалысы мен жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
«AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығының ерекшелігі – мұнда балалардың жан-жақты дамуына арналған заманауи кабинеттер мен зертханалар қарастырылған. Атап айтқанда, 184 орындық телескопиялық трибунасы бар көпфункционалды акт залы концерттер, форумдар мен мәдени іс-шараларды өткізуге бейімделген. Орталықта робототехника және роверлер кабинеті жұмыс істейді. Бұл жерде балалар LEGO-конструкторлар арқылы бағдарламалау мен жасанды интеллект негіздерін меңгереді. Сонымен қатар теориялық ғарыш инженериясы кабинеті интерактивті дисплейлермен және компьютерлік техникамен жабдықталған. Ал ғарыш инженериясы FABLAB кабинетінде 3D-модельдеу, лазерлік гравировка, прототиптеу және цифрлық өндіріс бағыттары оқытылады. Балалардың физикалық белсенділігіне де ерекше көңіл бөлінген. Моторика кабинеті арқылы координацияны, тепе-теңдікті және қозғалыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасалған.
Екінші қабатта шығармашылық пен ғылымды ұштастыратын арнайы кабинеттер орналасқан. Өнер кабинетінде сурет салу мен қолөнерге арналған мүмкіндіктер қарастырылса, әуе және ұшқышсыз ұшу кабинетінде аэродинамика, электроника және БПЛА құрастыру негіздері үйретіледі.
Бұдан бөлек, астрономия кабинетінде автоматты бағытталатын телескоптар, жоғары сапалы оптика, астрономиялық камералар мен VR көзілдіріктері орнатылған. Ал ғарыштық байланыс және радио технологиялар кабинетінде балалар ғарыш инженериясы, радиобайланыс, робототехника және цифрлық технологиялар бағытында білім алып, халықаралық инженерлік жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
– Жазғы демалыс жаңа үлгіде қызмет көрсетеді.Мұнда балалар тек тынығып қана қоймай, спортпен айналысып, шығармашылық және ғылыми бағыттағы үйірмелерге қатысады. Ең бастысы – бұл орталық жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетіп, өңірдегі балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар лагерьге жолдама беру барысында әлеуметтік осал санаттағы балаларға басымдық қарастырылған. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары, көпбалалы және толық емес отбасыдан шыққан балалар, экологиялық қолайсыз аймақтарда тұратын балалар мен мүгедектігі бар балалар тегін демалу және білім алу мүмкіндігімен қамтылады. 1 маусымда 300 баланы қабылдауға дайын, – деді «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығының директоры Руслан Алматов.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!