Сенбі, 30 мамыр, 00:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40 (2252)
30.05.2026
PDF мұрағаты

Әлішер Сүлейменов, ФИДЕ гроссмейстері, Қазақстан шахмат федерациясының нұсқаушысы: Шахмат – қыр-сыры таусылмайтын, сиқырлы әлем

30.05.2026

49 0

Қазақстан шахматының жаңа буыны әлемдік деңгейде жарқын нәтижелерімен көзге түсіп келеді. Осы саланың ең танымал өкілдерінің біріФИДЕ гроссмейстері Әлішер Сүлейменов. Ол халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, қазақстандық шахматтың дамуына елеулі үлес қосып жүрген жас әрі талантты шахматшылардың бірі. 2023 жылы гроссмейстер атағын алған Әлішер есімі Qatar Masters 2023 турнирінде ең атақты әлем чемпионы Магнус Карлсенді жеңгеннен кейін шахмат әлемінде кеңінен таныла түсті. Гроссмейстерлікке жету жолы, халықаралық жеңістері, жасанды интеллектінің шахматқа ықпалы туралы Әлішер Сүлейменовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Сіз отандық шахмат мектебінің ең танымал өкілі әрі ФИДЕ гроссмейстерісіз. Спорттағы алғашқы қадамыңыз неден бас­талды?

– Шахматқа алғаш рет алты жасымда қадам бастым. Алайда бұл спортқа келуімнің өзіндік бір қызықты тарихы бар. Алғашқы сабақта бапкер маған шахмат фигурасының суретін салып келуді тапсырды. Бала кезімнен перфекционистік мінезім болса керек, өзім салған сурет көңілімнен шықпай, жеткілікті деңгейде әдемі көрінбеді. Осы кішігірім сәтсіздіктен кейін үйірмеге барудан мүлдем бас тарттым. Арада үш жыл өткенде бәрі кездейсоқ өзгерді. Бірде досым шахмат үйірмесіне қатысатынын айтты. Сол сәтте «мен де неге бармасқа?» деген ой келді. Осылайша, тоғыз жасымда зияткерлік спортқа екінші рет оралдым. Кәсіби тұрғыдан алғанда, мен бұл салаға кешірек келдім. Соған қарамастан, жіберіп алған уақыттың орнын тез толтырып, қысқа мерзімде алғашқы табыстарыма қол жеткізе алдым. Тәжірибеме сүйене отырып, ата-аналарға баланы алты жасынан бастап шахмат үйірмесіне беруді ұсынамын. Бұл ең қолайлы кезең. Десе де, жас ерекшелігіне қатысты қатып қалған қағида жоқ: сәл ерте немесе кешірек бастау да қателік емес, өйткені бұл ойын бала дамуына тек оң әсерін тигізеді.

– 2023 жылы сіз шахматтың ең биік белесігроссмейстер атағын бағындырды­ңыз. Бұл жетістіктің спорттық мансабыңыз­дағы орны қандай?

– Бұл белесті 23 жасқа толуыма бес күн қалғанда бағындырдым. Жасыратыны жоқ, бұл өте ауыр еді. Бала кезден мақсаты жоғары спортшы ретінде бұл мақсатқа әлдеқайда ерте жеткім келген. Cпортта нәтижеге әсер ететін факторлар өте көп, оның ең бастысы – бәсекелес орта. Белгілі бір елдегі ішкі бәсеке деңгейінің маңызы зор. Мысалы, елімізде әйелдер шах­матымен салыстырғанда, ерлер арасындағы бәсе­ке ұзақ уақыт бойы көлеңкеде қалып келді, алайда қазір өсім бар. Командалық есепте әлемде 35-ші орындамыз. Сондай-ақ бақ сынайтын дүние­жүзілік шахмат олимпиадаларының да өз тарихы бар. 2024 жылы Будапештте 45-ші олимпиада өтсе, биылғы қыркүйекте 46-шы жаһандық дода күтіп тұр. 2022 жылы бұл атаққа бір жыл қалғанда, мен мақсатыма тым жақын едім. Гроссмейстер атану үшін 3 норма мен 2500 рейтингтік ұпай қажет. Сол кездің өзінде менде 4 гроссмейстерлік норма болғанымен, рейтингім 2500-ге сәл жетпей, 2493 ұпайды көрсетіп тұрды. Нью-Делидегі Азия чемпионатында ал­ғашқы турлардан-ақ мақсатыма жақындап, алайда шешуші партиялардың бірінде ойыным жоспарлағаным бойынша шықпады. Қайта қал­пыма келу үшін ұзақ уақыт қажет болды, сөйтіп мақсатым тағы бір жылға шегерілді. Қызығы сонда, 2023 жылдың жазында ресми түрде гроссмейстер атанған сәтімде менің қоржынымда қажетті 3 норманың орнына 7 бір­дей гроссмейстерлік норма бар еді. Бұл менің ойын стилімнің өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Шахматта рейтинг – тұрақтылықтың өлшемі, ал норма – нәтиженің көрінісі.

Шахмат мидың, есте сақтау қабілетінің, логиканың дамуына және шешім қабылдауға қалай әсер етеді?

– Шахмат пен өмірдің арасында ұқсастық өте көп. Бұл спорт түрі ең алдымен миды техникалық тұрғыдан шыңдап, таза кәсіби шеберлікті арттырады. Алайда оның күнделікті өмірде де жанама пайдасы орасан. Ойынның классикалық, рапид және блиц сияқты әртүрлі уақыт режимдері миды жан-жақты жұмыс істеуге дағдыландырады. Мысалы, орта есеппен төрт сағатқа созылатын классикалық партиялар адам бойындағы төзімділік пен табандылықты керемет дамытады. Логиканың дамуына келсек, мұнда қызық бір парадокс бар. Шахматтық жад пен күнделікті өмірдегі жад – екі бөлек дүние. Тіпті көпшілік ойлағандай, шахматшылардың бәрінің бірдей жады мықты бола бермейді.  Бұрын мен шахматты жүз пайыз логикалық ойын деп санайтынмын. Бірақ жасанды интеллектің келуімен бәрі өзгерді. Қазіргі шахмат бұрынғыдан мүлдем бөлек және логиканың үлесі шамамен 70 пайызға дейін төмендеді. Компьютерлік бағ­дарламалардың келуі ойындағы адами және шығармашылық элементтерді азайтып жібергені жасырын емес. Дегенмен, шахматтың шешім қабылдау дағдысына тигізер ықпалы зор. Уақыт тығыз болса – интуицияға, ал мүмкіндік болса – нақты есепке сүйену керек. Өмірде де дәл солай. Кейде бәрін түгел есептеп шығу мүмкін емес, сондықтан ішкі түйсікке сенім артқан тиімдірек.

Әдеттегі жаттығу күніңіз қалай өтеді? Партияларды талдауға, дайындыққа қанша уақыт бөлесіз?

– Жаттығу процесіне аптасына 6-7 күн, күніне 6-8 сағат бөлуге тырысамын. Егер қандай да бір себептермен жоспарланған уақыт­ты толық орындай алмасам, демалыс күнін қысқартып, дайындықты толтырамын. Жалпы, шахматта дайындықта белгілі бір бағыттарға басымдық беріледі. Мысалы, бір партияны талдауға, дебюттерді пысықтауға және тактикалық тапсырмаларға шартты түрде бір жарым сағаттан жұмсалады. Бұл жүктемені күн сайын түрлендіріп, әртүрлі бағыттарды кезекпен дамытып отырамын. Бұл спортта физи­калық дайындықтың да маңызы орасан зор. Ұзаққа созылатын партиялардың төртінші-бесінші сағатында төзімділігі аз ойыншының шаршауы айқын сезіліп, мидың жұмыс істеу белсенділігі төмендей бастайды. Сондықтан аптасына үш-төрт рет спорт залына баруды әдетке айналдырдым. Қазір дене шынықтыруға аптасына шамамен бес сағат уақыт арнаймын. Ішкі тепе-теңдікті табу да оңай емес. Бірнеше жыл бұрын спортпен аптасына 12-15 сағатқа дейін шамадан тыс айналысып, қателік жібер­генімді түсіндім. Спортқа шектен тыс уақыт бөлу кәсіби дайындыққа кедергі келтірді. Қазір физикалық жүктемені оңтайландырып, бес сағаттық деңгейде қалдырдым.

Шахматтағы жасанды интеллектінің дамуына қалай қарайсыз? Қазіргі шахмат бағдарламалары ойыншылардың өсуіне кө­мектесе ме, әлде ойынды күрделендіре ме?

– Жасанды интеллект пен заманауи тех­нологиялардың арқасында шахмат онлайн кеңістікке танымал. Бұл үрдіс әсіресе пандемия кезінде ерекше қарқын алып, көптеген спорт­шылар үшін нағыз көмекші болды. Бүгінде негізгі табысын қашықтан өтетін жарыстардан табатын шахматшылар аз емес. Онлайн фор­маттың артықшылығы айқын. Басқа қаладағы жарысқа қатысу үшін қаражат жұмсамай-ақ, онлайн уақытты тиімді пайдалануға болады. Мұндай турнирлердің жүлде қоры, әдетте, клас­сикалық жарыстардан төмен болғанымен, жиі өтеді. Әрине, онлайн формат негізінен рапид пен блицке бағыттал­ған. Классикалық шахматты виртуалды түрде ойнау қиын. Төрешілердің толық бақылауы болмағандықтан, қулық жасау қаупі өте жоғары. Тіпті пандемия тұсындағы онлайн олимпиада кездерінде үйге арнайы төрешілер шақырылғанымен, бұл мәселені толық шеше алмады. Шахматтың дамуы теңдессіз мүмкіндіктер ашты. Қазір кез келген шеберлігі жоғары ойыншы Хикару Накамура сияқты әлемдік элита өкілдерімен виртуалды тақтада кездесе алады. Жиырма бес жыл бұрын мұндай тәжірибе жинау мүмкін емес еді. Сондай-ақ бүгінде тек ойын ойнап қана қоймай, Chessable немесе Modern Chess сияқты оқыту платформалары мен онлайн академиялар арқылы шеберлікті шыңдау әлдеқайда оңай. Қазақстанда әлі де дәстүрлі офлайн мектептер басым болғанымен, сапалы онлайн білім алу жүйесі шалғай өңірлердегі талантты балалардың кәсіби бапкерлерден дәріс алып, деңгейін өсіруіне жол ашты.

– Қазақстанда балалар мен жасөспірім­дердің шахматқа қызығушылығын арттыру үшін не істеу қажет?

– Шахматтың жастар үшін ең үлкен тар­тымдылығы – спорттың адамды тәуелсіздікке үйрететінінде. Турнирлік кестесін де, жаттығу жоспарын да өздері белгілейді. Мектеп қабыр­ғасынан бастап белгілі бір қатаң қалыпқа, бір­сарынды тәртіпке бағынып үйренген жастар үшін бұл еркіндік өте тартымды фактор. Әрине, егер спортшы ішкі тәртіпке берік болса, бәріне өз күшімен жетеді. Ал ұйымдаса алмайтын таланттарға кәсіби бағыт-бағдар беретін тәлім­герлер мен сыртқы қолдау ауадай қажет. Соны­мен қатар ата-аналарға айтар бір маңызды кеңесім бар. Баланы шахмат үйірмесіне беруді жоспарласаңыз, бұл спортта қыз балалардың табысқа жету мүмкіндігі анағұрлым жоғары. Себебі әлемдік деңгейде де, ел ішінде де әйелдер шахматындағы бәсеке ерлерге қарағанда әлсіз­деу. Мұны біздің ұлттық құраманың халықара­лық аренадағы толағай табыстарынан-ақ анық көруге болады. Сондықтан қыз өсіріп отырған ата-аналарға бұл бағытты жіберіп алмауды ұсынар едім.

Әлішер Сүлейменов, ФИДЕ гроссмейстері, Қазақстан шахмат федерациясының нұсқаушысы: Шахмат – қыр-сыры таусылмайтын, сиқырлы әлем

– Шебер немесе гроссмейстер болуды армандайтын жас шахматшыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Басты кеңесім – еңбек­қорлық. Мен бұл арақатынасты 80 де 20 пайыз қылып, басым­дықты еңбекке берер едім. Әрине, таланттың болғаны жақсы. Алайда бойда бейімділік пен шахматқа деген дұрыс әдістеме болса, қажырлы еңбектің арқасында кем дегенде шахмат шебері дең­гейіне жетуге болады. Заманауи шахматқа жа­санды интеллектің тигізген әсері орасан. Компьютерлік бағдарламалардың арқасында ақпарат ағыны көбейді, бұл ойыншылардың шеберлігін жаңа деңгейге көтерді. Мысалы, қазіргі элиталық шахматшылар осыдан он жыл бұрынғы үздіктерге қарағанда әлдеқайда қуатты ойнайды. Себебі олар компьютер тауып берген жаңа идеялар мен қызықты концепцияларды терең меңгерген. Осындай заманда софтпен, яғни арнайы бағдарламалармен жұмыс істей білу өте маңызды. Кәсіби деңгей өскен сайын дербес жаттығудың рөлі бапкермен жұмыс істеуден де асып түседі. Әрине, алғашқы қадамдарда және шеберлікке ұмтылу кезеңінде білікті маманның көмегі ауадай қажет. Бірақ белгілі бір деңгейден асқан соң, спортшының өздігінен дами алу қабілеті мен ішкі тәртібі бәрін шешеді.

– Шахматқа енді ғана қызыға баста­ғандарға не айтар едіңіз?

– Шахмат – қыр-сыры таусылмайтын, сиқыр­лы әлем. Оны скрипка өнерімен салыстыруға болады, себебі бұл ойында толық кемелдікке жету мүмкін емес. Бүкіл саналы ғұмырыңды арнасаң да, оның шыңына шығу мүмкін емес. Бұған сан мәрте көз жеткіздім. Өз ортамда аңызға айналған гроссмейстерлермен жиі жүздесіп, пікір алмасып тұрамын. Сырт көзге олар шахматтың бүкіл құпиясын меңгергендей көрінгенімен, өздері әлі күнге дейін күн сайын жаңа қырын ашып, ізденіс үстінде жүргендерін жасырмайды. Бұған, бір жағынан, қазіргі заманауи компью­терлік технологиялардың ықпалы тисе, екінші жағынан, әлемде мықты ойыншылардың қата­ры тым жиілеп кетті. Тіпті тәжірибесі аздау шахматшының өзінен де үйренетін нәрсе табы­лады, себебі әркімнің өзіндік ерекше қолтаңбасы мен стилі бар. Біреудің тактикасы мықты болса, енді біреудің стратегиялық қыры басым түсіп жатады. Осы орайда, жас буын мен жалпы оқырмандарға айтар басты кеңесім – шахматты шын жүрекпен сүю және одан шексіз ләззат ала білу қажет. Кәсіби спортшылардың бойынан дәл осы қасиет жиі жоғалып жатады. Ойын күнделікті жұмыс пен күнкөріс құралына айналған сәтте алғашқы құлшыныс бәсеңдеп, адам тез жалыға бастайды. Бұл спорттың қатал заңдылығы. Өз мансабыма көз жүгіртсем, ең үздік нәтижелеріме тек шахматқа деген үлкен құштарлық болған кезде, ойын процесінің өзінен ерекше шабыт алған сәттерде ғана қол жеткізіппін. Сондықтан мейлі сіз кәсіби деңгейге ұмтылыңыз, мейлі жай ғана әуесқой болсаңыз да, ең бастысы – жүректегі сүйіспеншілікті сақтап қалу. Осы қы­зықты зияткерлік әлемнің әрбір партиясынан рақаттанып, оған үнемі тәнті болып жүрудің маңызы зор.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: