Келбеті көркем, құлпырған өлкем.
Дәл осы сөздер Қызылорданың бүгінгі бейнесіне айналғандай. Күн сайын құлпыра түскен қаламызда тағы да жаңа нысан ел игілігіне берілмек.
Атап айтқанда, Сырдың жағасын жайқалған жасыл жекке бөлейтін, өңірдің экологиялық болмысын жаңғыртуға бағытталған бірегей жоба Ботаникалық бақтың құрылысы аяқталуға жақын. Көптен күткен жоба маусым айында халық игілігіне беріледі. Президент саябағы аумағында орналасқан Ботаникалық білім беру орталығының құрылысына 4 млрд 948 млн теңге бөлініп, 2,41 гектар аумақта орналасқан.
Жаңа бақ аймақтың экологиялық мәдениетін көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды нысан болмақ. Бұл орталық қала келбетін көркейтіп қана қоймай, табиғатпен тілдесіп, жан тыныштығын табуға мүмкіндік беретін ерекше кеңістік қалыптастырады.
Мұнда әлемнің әр түкпірінен әкелінетін экзотикалық және тропикалық өсімдіктер өсіріледі. Африкадан жеткізілетін верная пальмасы, финик канарскийі мен Мадагаскар алоэсы, Оңтүстік Америкадан әкелінетін вашингтония пальмасы, стрелиция және күлгін гүлді жакаранда ағашын Сыр топырағында өсіру жоспарда бар. Сонымен қатар мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар мен студенттерге арналған танымдық сабақтар ұйымдастырылады. Яғни, Ботаникалық бақ табиғатты танытатын зертханаға айналмақ.
Қаланың көркейіп, жасыл желекпен көмкерілуі – тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Осындай игі бастамалардың арқасында облыс орталығы күн өткен сайын заманауи, жайлы әрі экологиялық таза қалаға айналып келеді. Ботаникалық бақ – тек демалыс орны ғана емес, болашақ ұрпаққа табиғатты аялаудың маңызын ұғындыратын тағылымды орын болмақ.
А.АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!