Бір мезетте екі бірдей халықаралық жобаның іргетасы қаланып, аймақ экономикасы жаңа белеске көтерілді. Мұндай жобалар отандық нарықты жоғары сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экономиканың өркендеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен серпін бермек. Шетелден тасымалданатын сантехникалық, инженерлік және тұрмыстық бұйымдар енді өзімізде, халықаралық стандарттарға сай өндірілетін болады. Бұл жоба Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеріп, экспорттық әлеуетін арттырады. Міне, осы стратегиялық бағыттың жарқын дәлелі – өңірде әлемге әйгілі сантехника және үй жиһаздарын шығарушы «Roca» бренді мен шыны ыдыстар шығаратын «Seven Rivers Technologies» зауыттарының іргетасы қаланды.
Испаниялық «Roca Group» зауытының жүз жылдан астам тарихы бар. Ол сантехникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады. Онда 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнімдері 170-тен астам елге экспортталады. Осындай жаһандық алпауыттың кезекті стратегиялық нысаны енді Сыр топырағында бой көтермек. Осы айтулы оқиғаның бастауы ретінде өңірде зауыттың капсуласын салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, Испания елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Хесус Видаль Боррелья зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Мемлекеттік маңызы бар бастама Президенттің өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және импортқа тәуелділікті азайту туралы тапсырмасына сай жүзеге асырылуда. Яғни, сырттан келетін дайын тауарға телмірмей, өзіміздің сапалы өнімді шығару арқылы ел экономикасын нығайту көзделген. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және заманауи өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталып, өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Кейінгі жылдары өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар табысты жүзеге асуда. Аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгін біз еліміз үшін маңызды, жоғары технологиялық өндіріс орнының капсуласын салу рәсімінің куәсі болып отырмыз. Осындай ауқымды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асырғаны үшін испандық «Roca Group» компаниясына ризашылығымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасына жаңа серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен әрдайым ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге дайынбыз, – деді аймақ басшысы.
Заманауи ванна бөлмесіне қажеттінің бәрін шығаратын зауытқа 24 гектар жер телімі бөлініп, 44,1 млрд теңге инвестиция салынады. Жылдық өндірістік қуаты 500 мың бұйымға дейін жетеді. Өндірілген өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, Орталық Азия елдеріне экспортталады. Жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру үшін арнайы оқытып, 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Компания жыл соңына дейін заманауи ванна бөлмесіне қажеттінің бәрін – сапалы унитаздар мен раковиналардан бастап, жиһаз бен смесительдерге дейін өндіреді. Сантехникалық керамика, орындықтар мен қақпақтар, жылына 50 000 дана акрилді ванна шығаратын композиттік бұйымдар, сондай-ақ жиһаз және жасырын инсталляциялар зауыттары кіреді. Компания өндірістің экологиялық қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөліп, су ресурстарын үнемдейтін заманауи тазарту қондырғыларын орнатылады. Құрылыс 2028 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда.
Аймақтың өндірістік әлеуетін еселейтін тағы бір маңызды бастама – «Seven Rivers Technologies» шыны ыдыстар зауыты. Зауыт әлемдік деңгейдегі «Horn» неміс технологиясымен жабдықталып, заманауи әрі экологиялық талаптарға сай өнім өндіреді.
Бұл кешен «Өнеркәсіпті дамыту қорының» «Жасыл даму» бағдарламасы аясында қаржыландырып, тек жаңа бұйымдар шығарып қана қоймай, ел аумағынан жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеуді де қолға алады. Осылайша, қоқысқа кеткен шынылар кәдеге жарап, өнім болып қайта шығады. Жаңа өндіріс орны өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға үлесін қосады деп күтілуде.
Өндіріске қажетті негізгі шикізат ретінде аймақтағы жергілікті жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит қорларын пайдалану арқылы өнімнің өзіндік құн төмендеп, бәсекеге қабілеттілігін артады. Зауыттар аумағында су ресурстарын үнемдеуге және қоршаған ортаны қорғау үшін тазарту қондырғылары іске қосылып, жылына 240 миллион дана бөтелке шығарады.
Іргелі жобалар Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін мүлдем жаңа халықаралық деңгейге көтереді. Кәсіпорын іске қосылған кезде елімізде бұрын сырттан тасымалданған сантехникалық, инженерлік және шыны бұйымдары енді өзімізде өндіріледі. Демек, Сыр өңірі алдағы уақытта Орталық Азиядағы маңызды өндірістік орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!