Бейсенбі, 09 мамыр, 17:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Үкіметтің жұмысына серпін қажет

10.02.2024

2265 0

Осы аптада ел билігінде ауыс-түйіс болды. Нақтырақ айтсақ, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың орнына Олжас Бектенов тағайындалды. Одан бөлек бірнеше министрлікке жаңа басшы келді. Ескі үкіметті отставкаға жіберген Президент жаңа Премьер-министрге нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға Премьер-министр, Президент әкімшілігінің басшысы, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Қазақстан Президенті жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқындалатынын атап өтті.

– Жалпы өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық ахуалға қатысты бірқатар нақты міндетке тоқталып, қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерімді қамтамасыз етуі керек. Кеңейтілген отырыста Президент Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ жарты жылдың нәтижесі бойынша инвестициялық штабтың жұмысы қорытындыланатынын мәлім етті. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға беріледі.

– Талап қатаң болады. Елден заңсыз шы­ғарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда бұл істе құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс.Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын рет­теу жүйесін реформалау тағы бір маңызды мін­дет ретінде айқындалды.

– Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәсе­лесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды мін­детті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкі­мет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Президент экономиканы кешен­ді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа. Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарау және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылау, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және рефор­малар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, бір ай ішінде Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлықты әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді талап етті.

– Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке ми­нистрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар. Дегенмен бұл жұмыс та толық аяқталмаған. Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы бір маңызды міндет – агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнем­деп пайдалану. Президенттің пікірінше, Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісіне көшуге айрықша көңіл бөлгені жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданысқа енгізудің маңызына тоқталды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі. Мемлекет басшысы Үкіметке елдің коммуналдық-энер­гетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ елі­міздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті. Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын бағдарламалық құжат қабылдау міндеті жүктелді.

Бұдан бөлек Президент экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін еске салды. Президент Мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифр­ландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін айта келе, еліміз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін мәлімдеді. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеу­меттік сала мәселелеріне айрықша мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау құрылымдары және меха­низмдерін толық қайта қарау қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, әлеуметтік кө­мектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетінін ойластыру керек. Сонда бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беруге мүмкіндік туады.

Денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де назардан тыс қалмады.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінің іске қосылғанына  бес жыл болды. Содан бері  бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қыз­мет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: