«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Мен жастарға сенемін!»
Дәл осылай екі ғасыр бұрын Мағжан Жұмабаев толғаған. Жастардан мін іздеп, сын тағу кімнің де болсын, қолынан келері анық. Бірақ сенім артып, арқадан қағу, қолынан іс келетініне үміт артып, мотивация беру – нағыз қамқордың ісі.
Кешегі «Жаңа адамдар» форумында ел Президенті осындай ерек істі байқатты. «Қазақстанның жастары – жасампаз» деп оң бағасын берді.
Форумда «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Ә.Баденова ұйымның атқарған ауқымды істерін баяндады. Қозғалыстың құрамында 19 қаладағы кампус, 15 мыңға жуық мүше бар. Жастар өздеріне лайықты қоғам мәселесін шешуге барынша атсалысып келеді. Түрлі әлеуметтік кеселдермен күресуде. Ашық ұстанымдары мен еркін ой-пікірін танытып жүр. Мемлекет басшысы азат елдің еркін ойлы жастарына нық сеніммен қарады. Олардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.
– Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде сіздерге зор үмітпен қараймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемнің даму процесі әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Сондықтан тәуелсіз Қазақстан үшін көштен қалмай, дамудың даңғылына шығу маңызды. Қоғамның барлық саласында даму процесі айқын аңғарылғанда ғана, елдің экономикасы қарқын ала түсері анық. Президент қазір еліміз үшін тарихи кезең екеніне, алдымызда биік мақсаттар тұрғанына назар аударды.
– Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы. Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген, – деді Мемлекет басшысы.
Тәуелсіз қазақ елінің әрбір түкпірінде отаншылдық сезімді бойына сыйдырып, мемлекет мүддесін өз мақсатымен үндестірген жастар баршылық. Олардың әрбірінің заң мен тәртіптің орнауына, Табиғат-Анаға қамқор болу – маңызды іс. Мемлекет басшысы елдің келешегі жастар екенін ерекше айтып, олардың алдында мүмкіндіктер алаңы ашық екеніне тоқталды.
– Қазақстан балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін әлемдегі аз елдің бірі. Дүниеге келген әр сәби бірден ұлттық бағдарламалардың қатысушысына айналады. Өздеріңізге мәлім, екінші жыл қатарынан Ұлттық қор табысының бір бөлігі балалардың есепшотына түсіп жатыр. Кәмелет жасына толғанда олар жинақталған қаржыны оқуға немесе баспана алуға жұмсай алады. Бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бағдарламасы іске қосылды. Бұл жүйе ата-аналар үшін өте қолайлы. Сол арқылы балаларының болашақта алаңсыз білім алуына қаражат жинайды. Әр бала алты-жеті жастан бастап мектепте тегін білім алады. Мұның бәрі – мемлекеттің міндеті. Бірақ әлемнің барлық елінде дәл осылай емес. Барды бағалау маңызды. Біздің жетістіктеріміз баршылық. Елімізде бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ берілетін болды. Оқушыларымыз мемлекет есебінен әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатыса алады. Мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына немесе колледжге грантқа түсу мүмкіндігі зор. Соңғы жылдары грант санын айтарлықтай ұлғайттық. «Болашақ» бағдарламасымен мыңдаған жас шетелде білім алуда. Олар Қазақстанға келген соң ел дамуына үлес қосады. «Президенттік жастар кадр резерві» сұранысқа ие жобаға айналды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бүгінде мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Жастар кадрлық резерві» өз нәтижесін беріп келеді. Келешекте мемлекетті басқарушылардың легі жасақталуда. Тіпті, Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар үшін арнайы квота енгізілгені де қуантады. Жастарға қатысты кәсіп бастауға, баспана алуға да өңірлерде игі бастамалар бар. Президент мұның барлығы жемісті нәтиже беріп келе жатқанын айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде заман талабына сай білікті мамандар өте көп: мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, өнеркәсіптегі жұмысшылар және басқа да мамандар бар. Қазақстан жастары креативті индустрияда да көптеген табысқа жетіп жатыр.
– Сондай дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Мемлекет креативті индустрияның дамуына барынша ықпал етеді. Қазір арнайы қор құрылып жатыр. Ол әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналысады. Жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік. Ең бастысы, адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу. Биыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Біз қоғамда еңбек адамының абырой-беделін көтеріп жатырмыз. Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Кез келген жұмыс – қадірлі. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.
Ел Президенті туған жерді түлету – әрбір қазақстандықтың қастерлі парызы екеніне тоқталды. Кіндігінің қаны тамған жерге маңдайының терін төгуді асыл мұратына айналдырған жастар барда мемлекеттің тұғыры қашанда биік болмақ.
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!